• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Қыркүйек, 2019

Спорттық медицинадан халықаралық конференция өтті

321 рет
көрсетілді

Бүкіләлемдік бокс академиясы мен ProSport медициналық орталығының базасында «Жоғары деңгейлі спортшыларды дайындау жүйесіндегі медициналық қамтуға мультидисциплинарлы тәсіл» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті деп хабарлайды Olympic.kz.  

Спорттық медицина тақырыбындағы ауқымды іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Конференцияны Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырды. Сондай-ақ, бұл жиын PROSPORT заманауи спорт орталығының ашылуына орайластырылған. Ашылу салтанатына Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, Қазақстан ҰОК вице-президенті Данияр Абулгазин, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов қатысты. 

Спорттық-медициналық орталықтағы жаңа техникалық жабдықтар мен қызмет көрсету ауқымының кеңдігі әлемдік деңгейдегі спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанатын қарапайым жандарға сапалы диагностикалық, медициналық және реабилитациялық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. 

«Жақында ҰОК бас Ассамблеясының отырысы өтіп, Тимур Асқарұлы Құлыбаев аталған ұйымның президенті қызметіне қайта сайланғанын білесіздер. Алғаш рет оны басшылық қызметке 2015 жылы сайлады. Сол кезден бастап Тимур Асқарұлы біздің спортшыларды медициналық тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіру жағын қолға алған. Жобаны іске асыру мақсатында барлық олимпиадалық спорт түрлері кешенді ғылыми топтармен жабдықталды. PROSPORT медициналық орталығы -  біздің алғашқы қарлығашымыз. Екінші орталық Нұр-Сұлтанда ашылады.

Баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөліскендер қатарында ХОК өкілі, Aspetara спорттық медицина орталығының клиникалық жобалар жөніндегі реабилитация және ортопедия госпиталі сапасы жөніндегі Департамент директорының орынбасары Род Уайтли, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің спортшының биологиялық паспорты жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік мүшесі доктор Йорк Олаф Шумахер, Халықаралық Олимпиада комитетінің медицина және ғылыми комиссиясының мүшесі, Брайтон университетінің спорттық ғылым жөніндегі профессоры Янис Питсиладис, Украина дене тәрбиесі және спорт ұлттық университетінің олимпиадалық спорт тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры Владимир Платоновтар бар. 

Конференция баяндама және арнайы шеберлік сағаттары форматында өтті. Спорттық медицина саласындағы маңызды тақырып мен сауалдарды кеңірек қаузау үшін жиын үш ірі бөлімнен тұрды. Олар – «Спорттық медицина», «Функционалды диагностика, оңалту және жаттығу үдерісі» және «Спорттағы психология». Қатысушылар спортшылардың Олимпиада ойындарына дайындығы, жарыс алдында және жарыс кезінде қалпына келу негіздері мен атлеттерді кешенді түрде тексеруге арналған заманауи әдістер турасында әңгіме өрбітті.

ХОК өкілі Род Уайтли олимпиадашыларды оңалтуға қатысты шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар конференцияда фармацевтикалық өнімдер мен жаңа медициналық технологияларға арналған көрме ұйымдастырылды. 

Айта кетелік, конференцияға қатысу үшін 200-ден аса адам тіркелді.  Олардың арасныда медицина университеттерінің өкілдері, спорттық дәрігерлер, диспансер қызметкерлері, бапкерлер мен антидонинг саласының қызметкерлері бар.