Халықаралық білім институтының (Institute of International Education) зерттеуінше, АҚШ-тағы шетелдік студенттердің саны 1 млн 100 мың адамға жуықтады. Осы білім алушылардың әрқайсысы елге (грантпен баратыны бар, ақылы оқитыны бар) жылына кем дегенде 1 млн теңгеден салады дейік. Бұл дегеніңіз сырттан сол мемлекетке жыл сайын млрд-тап емес, триллиондап табыс әкелетініне дәлел бола алады. Ал қазақстандық университеттер шетелден инвестиция әкелмесе де, сыртқа ағылған студенттердің шығынын жаба алып жүр ме?
Білім: экспорт пен импорт
Білімге салынған инвестиция еселеніп қайтуы керек. Соған сенгендіктен де ата-анадан бастап Үкіметке дейін жас ұрпақтың сапалы білім алуына қомақты қаржы салады. Тәуелсіздік жылдарынан бері жалғыз «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен 12 мыңнан аса қазақстандық жастар әлемнің 35 еліндегі 170 үздік жоғары оқу орнында білім алды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыратын халықаралық бағдарламалар орталығының ақпаратына сүйенсек, Англияның магистратурасын бітіру үшін бір студентке 18 млн теңге бөлінеді. Бұл қаражатты барлық студенттің санына көбейтсек (АҚШ-қа аттанғандарға бұдан да көп ақша төленеді. Бұл оқу жылының Англияға қарағанда бір жылға артық әрі географиялық, экономикалық ерекшеліктеріне байланысты), сыртқа кеткен қаржының көлемі аз еместігін білуге болады. Бұл санның сыртында өз қаражатымен жыл сайын оқу қуып, шетел асатындардың бар екенін ескерсек, шетке шыққан қаржы шаш-етектен. Білімге салынған инвестицияның сапалық жағынан, яғни жинаған білімнің елге еңбек ету арқылы қайтарылуы бар да, экспорттың орнын импортпен толтыру тағы бар. Бұл – дамыған елдерде әбден қалыптасқан нәтижелі тәжірибе.
Отандық білімдегі экспорт пен импорттың елеулі айырмашылығына бір ғана мысал келтірейік. Солтүстіктегі көршіміз Ресейден бар болғаны 1 мың 107 адам Қазақстанға келіп оқып жатыр екен. Ал Ресейге жыл сайын 60 мыңға жуық қазақстандық оқуға аттанады. 60 мың мен 1 мыңның арасы жер мен көктей. Жақында Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева Премьер-Министр Асқар Маминге үндеуінде осындай деректі келтірді.
«Бүгінде Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, 91 мыңнан астам Қазақстан азаматы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл соңғы сан емес, өйткені консулдық тіркеу ерікті және барлық студенттер қабылдаушы елде тіркелген. Білім және ғылым министрлігі мұндай сараптаманы мүлде жасамайды. Мысал ретінде, мен Ресейдегі Федералды қауіпсіздік қызметінің мәліметтерін келтіргім келеді: биылғы жылдың басынан Ресейге 181,5 мың адам оқуға келген. Олардың төрттен бір бөлігі – яғни 59,3 мың адам қазақстандықтар», деген еді депутат.
«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы еліміздегі 22 мыңнан астам шетелдік студенттің 19 пайызы грантта оқитынын жеткізді. Біздегі шетелдік студенттердің саны Испаниямен салыстырғанда (109 мыңнан аса халықаралық студент бар) 5 есе аз. Білімдегі экспорттың маңызы экономикалық жағынан ғана емес, барлық салада елдің әлеуетін көтеруге септігін тигізеді. Ал сол білімдегі импорттың үлесін арттыру демей-ақ қоялық, тым болмаса экспортпен теңестіру үшін қайтпек керек?
Шетелдік студенттер екі есе аз ақша төлейді
Халықаралық білім институтының зерттеу нәтижесіне сәйкес, Франция шетелдік студенттерді тартудан әлемде 5-орынға тұрақтап тұр. Осы елдегі экономика мен әлеуметтің өзгерістерін зерттейтін ғылыми мамандарды даярлауға бағытталған Париж университетінде (University of Paris 1 Pantheon-Sorbonne) 43 мыңнан аса студенттің 9 500-і, яғни 21 пайызы шетелден келген. Бұл біздегі барлық университет (отандық 10-нан аса ЖОО-да шетелдік студенттер білім алады) қамтып отырған шетелдік студенттер санының жартысындай. Дәл осы француздық университетте бакалаврды оқу үшін жылына 6 мың еуроның үстінде, теңгеге шаққанда 2,5 млн-нан аса ақша төлейді. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 20 мың студент білім алады, оның 500-ден астамы, яғни 2,5 пайызы – шетелдік білім алушылар. Ондағы халықаралық студенттер дәл осы ұлттық деңгейлі ЖОО-да оқуы үшін жылына барлық студенттермен бірдей 1 млн айналасында төлейді. Осыдан-ақ мынадай қорытынды шығаруға болады: мәселен, бір француз біздің елге құжат тапсырса, өз еліндегіден 2-3 есе төмен бағамен бітіреді. Сәйкесінше Қазақстан азаматы Францияда оқу үшін сонша есе артық қаржы төлейді.
Жә, әуелі аз да болса, барша шетелдік студенттердің Қазақстанға қалай келгенін, қандай жолмен тартылғанын таразылап, нәтиженің жоғары болмау себептерін сараптап көрелік. Халықаралық студенттердің басым бөлігі, анығын айтқанда 50 пайыздайы Өзбекстаннан келіп оқиды екен. 2018-2019 оқу жылында келген 22 мыңнан аса студенттің 9 690-ы жоғарыда аталған оңтүстіктегі көршілерімізден келген. Онан кейінгі орынды 3 447 адаммен Үндістан, 2 654 студентпен Түркіменстан және 1 433 ізденушімен Қытай алып отыр. Ал көрсеткіштің соңына 150-ге жетпейтін жанмен Пәкістан, Оңтүстік Корея, Әзербайжан жайғасқан.
Көзбояушылық – кедергі
Халықаралық студенттердің қатарын қарқынды көбейте алмауымызға әрі мәжілісмен мәлімдегендей, түлектеріміздің жаппай кетуіне ЖОО-лардағы көзбояушылық себеп болатын көрінеді. Иә, жарнама жасалады, меморандум бар, бағдарлама әзірленген. Алайда көйлектің жарнамадағы фотосымен бірдей болмауы клиентті қашыратынындай, университеттердің жабдықталуындағы көзбояушылыққа қатысты сын көп. Қарапайым жаттығу залы бар деп көрсетіледі, бірақ істемейді, есігі ашылмайды. Бұл өз кезегінде келіп тұрған тұтынушыны айнытып жіберуге дейін алып келеді. Сондай жайттың бірін ЖОО-лардың білім сапасына қатысты конференцияда кездескен Л.Н.Гумилев атындағы университеттің оқытушысы айтып еді. Аты-жөнін көрсеткісі келмеген ол: «Шетелдік студенттер жатақхананы көріп, еліне қайта кетіп қалады. Қаншама қаржы бөліп, бағдарлама жасап, келіссөз жүргізіп, оқытушылар даярланып әуреленеміз. Сөйтіп студентті тартқанда, ол жатар жерін көріп шошиды. Содан кетіп қалады. Ал өз студенттеріміз бір бөлмеде 4-5 адаммен жатқаннан сол ақшаға 2-3 қызбен бөліп төлейтін пәтер жалдайды», деді.
Жақын жерді жөн көреді
Студент тарту жұмысы ұлттық университеттің өзінде әлсіз болып тұрғанына бұдан бөлек те себептері бар. Айталық, шетелдік студенттерді оқытуда көш бастап тұрған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Өзбекстанға ең жақын жерде орналасқан. Әлгінде атап өткеніміздей, шетелдік студенттердің 50 пайызға жуығы – өзбек ағайынымыз. Яғни көбі географиялық ерекшелігіне қарай таңдау жасайды. Бұған тағы да Моңғолиядан келетін студенттердің шығыс пен солтүстіктегі, сондай-ақ Түркіменстаннан келетіндер Түркістан мен Ақтаудағы мемлекеттік ЖОО-ларды таңдайтынын мысал етуге болады. Ал 1200-дей шетелдік студент білім алатын Қарағандыдағы медициналық университетін үнді халқының мамандық таңдау салтымен байланыстыруға болады. Мысалы, аталған ЖОО-дағы шетелдік студенттердің 95 пайызға жуығы Үндістаннан келген. Үндістандықтар әрдайым дәрігерлерге зәру және сол елде медициналық мамандықтың мәртебесі жоғары. Сондықтан да ұлттық және қатардағы мемлекеттік ЖОО-лардың студент тарту жұмыстары бірдей деңгейде, шамалас қарқынмен жүргізілсе де, шетелдік ізденушілер облыстарға қарай ат басын бұрады.
Халықаралық тәжірибеде қалай?
Иранның Алламе Табатабаи университетінің президенті Хусейн Салими бізге берген сұхбатында өзі басшылық ететін ЖОО-да 300-ден астам шетелдік студент бар екенін айтты. «Университетімізде әр елден келген халықаралық студенттерге арналған бөлек тұрғын-жай бар. Біз мұндай ізденушілерді қос диплом беретін қос деңгейлі (double degree program) бағдарлама бойынша оқытамыз. Көбіне магистратура деңгейінде дайындаймыз. Бірақ мұнымен шектелмейміз, бакалавр мен докторанттарды да даярлай аламыз», деді. Ирандық университет Қытай, Ауғанстан, Үндістан, Түркия, Франция, Германия, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Оңтүстік Корея, Испания елдеріндегі ЖОО-лармен меморандумға отырған. Байқағанымыздай, отандық студенттер өзі қалтасынан төлеп жататын жатақханаға көңілі толмай жүрсе, Ирандағы университет шетелдік студенттерінің өзін тегін тұрғын-үймен қамтамасыз етіп қойыпты. ЖОО басшысы бөліскен бұл ақпаратпен университет сайтындағы 2018-2019 оқу жылына арналған деректі бюллетень арқылы да толық танысуға болады.
Бәрінің басында сапа тұр
Жапонияның Цукуба (University of Tsukuba) университетінде оқытушы болып жұмыс істейтін профессор Қуаныш Тастанбекова барлық проблеманың басында білім сапасының тұрғанын айтады. Оның ойынша, жатақхана, оқу ақысы, жарнама, дипломатиялық қарым-қатынастан бұрын білімнің сапасы маңызды, шетелдік студенттер соған қарап таңдау жасайды.
– Цукуба университетінде 2,5 мың шетелдік студент білім алады. Бұл барлық 16,5 мың студенттің 15 пайызын құрайды. Жапондық жоғары оқу орны әлемдік топ 100 мықты университеттің қатарына кіреді. Мұндай жетістікке жетуде шетелдік студенттерді тарту, оқыту туралы міндетті талап бар. Сондықтан осы мәселеге лайықты көңіл бөлінеді. Шетелдік студенттердің басым бөлігі Қытай, Корея, Жапонияның айналасындағы Солтүстік Азия мемлекеттерінен, Африка мен ТМД елдерінен келеді. Жапониядағы білім сапасы жоғары, сол себепті жарнама жүргізбесе де оқуға түсушілер көп. Біз отандық ЖОО-ларды жұрт «Қазақстанда сапалы маман дайындайтын инженерлік, ауылшаруашылық, медициналық факультеттер бар екен» дейтін деңгейге жеткізбейінше, шетелден студент тартуда жоғары нәтиже көрсету мүмкін емес, – дейді профессор. Қ.Тастанбекованың айтуынша, еліміздің медициналық университеттеріндегі үндістандық немесе пәкістандық азаматтарды тартуымыз – тәуелсіздіктің табысы деуге келмейді. Өйткені мұндай бағдарлама Кеңес өкіметі кезінде де болған, біз бар болғаны жалғастырып жатырмыз. Бұл – бүгінгі жаңалық яки жетістік емес. Ал жаңа биіктерге қол жеткізу үшін жоғары білімнің сапасын жаңа биікке шығаруға тиіспіз. Себебі шетелдіктерді білімнің сапасымен ғана қызықтыруға болады.