• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қыркүйек, 2019

Діни мәселелер талқыланды

219 рет
көрсетілді

Діни радикализмнің алдын алуға бағытталған бірегей жоба – «Жусан» операциясы. Сириядан қайтқандардың арасында 156 әйел бары анықталған. Отандастарымызды оңалту жұмыстарына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан 50 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл туралы өткен жұмада «Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға иммунитетті қалыптастырудағы әйел ұйымдарының рөлі» тақырыбында өткен семинарда кеңінен сөз болды.

Жиында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов еліміздегі дін саласында әйелдерден құралған ұйымдардың көзге түсерлік жұмысы байқалмай отырғанын мәлімдеді.

– Жалпы, біздің елімізде отбасы­лық, гендерлік мәселелермен айналысатын 77 үкіметтік емес ұйым бар екен. Бірақ көз жүгіртсек, бір-біреуі дін саласына айтарлықтай атсалысып жатқан жоқ. Облыстарда үкіметтік емес ұйымдарға 235 млн теңге бөлі­неді. 126 жоба іске асырылып жатыр. Біздің орталықта да отбасылық құн­ды­лықтарға байланысты бірнеше жоба бар. Біздің мақсатымыз – діни радикализмнің алдын алу. Бұл салада елімізде қордаланған мәселелер көп, – деді вице-министр. Түйткілі шешіл­меген мәселелердің ішінде «Жусан» опе­ра­циясымен елге оралған әйел­дер­­дің тағдыры алаңдауға тұрарлық еке­­нін назарға алды. Алдағы уақытта бұл б­а­ғытта жүйелі жұмыс жүргізілуі керек.

– Сирияда қаза тапқандардың отбасылары, балалары мен әйелдері бар. Әртүрлі жағдаймен абақтыға түскендердің отбасылары мен әйелдері бар. Одан қалды біздің өңірлерде әйелдер жамағаты барын жасырудың керегі жоқ. Әйелдер өздері бірігіп, жамағат болып жатыр. Ол да белгілі жайт. Бұл кісілер жабық түрде бір-бірімен араласады. Сыртпен байланысы жоқ. Өздерімен өздері жүреді. Қиындықтары жоқ емес. Жұмыс таппай, балаларын балабақшаға орналастыра алмайды. Олармен де жұмыс жүргізу керек, – деді М.Әзілханов.

Семинарға арқау болған тақы­рыпты тарқатқан қоғам қайраткері Асылы Осман қазіргі қазақ қоғамын­да ұлттық рухани құндылықтарды ұрпаққа қалай бере білуіміз керек екенін айтты.

– Қоғамды құратын да, оның тірегі де аналар. Тіл мен діннің егіз екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Тіл мен дін – адамның жан дүниесіндегі рухани байлығы. Рухани дүниені ұлттың жанына ұялата алатын – ана. Ал менің қазағымның бұрынғы аналары мен қазіргі аналарды салыстыруға бола ма? Ешкімді жатсынбайтын қазағым адами асыл қасиетін бойында сақтаса дей­мін. Оның барлығы тек тіл арқылы ғана ұрпақтың жанына ұялайтынын еш уа­қытта ұмытпайық. Тарихты, мәде­ниет­ті, әдебиетті жеткізетін көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана, – деді А.Осман.

Жиынға қатысқан теолог-ғалым­дар, мемлекеттік орган өкілдері, дест­рук­тивті діни ағымдардан зардап шек­кен тұлғаларды оңалту саласында қыз­мет ететін мемлекеттік емес ұйымдар тақырып төңірегінде баяндамалар жасап, туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.