Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі екенін, шағын әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын айтты.
Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрып, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді, деген болатын. Бүгінгі таңда мемлекет шағын және орта бизнеске тиісті қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе ауылды жерлерде мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие алып, тірлігін тіктеп отырған азаматтар көп. Мұндай азаматтар өзін өзі жұмыспен қамтып қана қоймай, экономикалық өсімге де үлес қосатын болады.
Теңізбай Қорғанов Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылының тұрғыны. 51 жастағы азамат 11 баланың әкесі екен. Өзінің адал еңбегімен отбасын асырап жүрген ол кейіннен үш ай бойы аудан орталығындағы жұмысшы мамандығын дайындайтын колледжде оқып, дәнекерлеуші мамандығын алыпты. Ендігі жерде отбасына табыс көзі ретінде жеке тапсырыстар алып, жұмыс істеуді қолға алып отыр. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына қайтарымсыз несие алу үшін құжаттарын өткізіп, нәтижесінде 505 мың теңге алған. «Қазіргі кезде мемлекеттің қолдауының нәтижесінде ауыл тұрғындары жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алып отыр. Мен де енді мемлекеттен алған қайтарымсыз несиеге дәнекерлеуші құрал-жабдықтар сатып алып, игерген мамандығым бойынша жұмыс істесем деймін. Балаларымды да адал еңбекпен нан тауып, қоғамның дамуына үлес қосуға баулып келемін», дейді ол.
Теңізбай Қорғанов жастайынан еңбек майданында шынығып өскен азамат екен. Ол ауылдан дәнекерлейтін цех ашып, нәсібін кәсібінен тапқысы келетінін де жасырмады. Жуырда ғана Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына барып, сондағы құрылыс жұмыстарына араласып, нәпақа тауып келіпті. «Бала-шағаны жеткізу де оңай емес. Ол үшін әрбір адам жұмыс істеп, табыс табуы керек. Балаларымды да еңбекке баулып келемін», дейді ол.
Теңізбай Қорғанов сияқты талай азамат бүгінде өз кәсібін ашып, жұмысын жүргізіп келеді. Жуалы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ерік Сұрамысовтың айтуынша, аудан бойынша 52 адамға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және нысаналы топқа жатпайтын 7 азаматқа 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз несие беріліпті. Оның ішінде аз қамтылған және көп балалы отбасылар да бар екен. Бүгінгі таңда мемлекеттің көмегін алған азаматтар кондитерлік орталық, шаштараз, дөңгелек желімдеу орталығы сияқты кәсіп түрлерін ашып, жұмыстарын жүргізуде. Сөйтіп әрдайым адал еңбек абыройға кенелтетінін ұмытпаған азаматтар тұрақты кәсіппен айналысуда.
Жамбыл облысы