Қылышын сүйреткен қыс та иек астына келіп қалды. Ақтөбе облысының жылу беру маусымына әзірлігі ойдағыдай деуге болады. Облыс әкімдігі тарапынан бұрнағы жылу беру маусымында болған кемшіліктер қаперге алынып, биыл ондай олқылықтарға жол бермеу жағы ескерілді.
Жақында өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Қысқа дайындық барысы негізгі тақырып болған жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, өңірлік департаменттер мен басқармалардың басшылары, өңірді қуат көзімен қамтитын басты мекемелердің бірі «Энергосистема» ЖШС-ның өкілдері, «ҚазТрансГазАймақ» АӨФ, «Қазақстан темір жолы» ҰК «Магистралдық желінің Ақтөбе бөлімшесі» АҚ филиалының өкілдері қатысты. Бейнебайланыс режімінде қосылған аудан әкімдері де маңызды жиыннан тыс қалған жоқ.
Ақтөбе облысы бойынша 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаржаубай Ыбрайымұлы баяндады.
– Жылыту маусымына қазандықтар, 274,5 шақырым жылу желілері 100% жөндеуден өтті. Бүгінгі таңда жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін әлеуметтік салаларға 33 237,1 тонна көмір мен 1 750 тонна сұйық отын жеткізілген. Жылу алдымен әлеуметтік маңызы бар мекемелерге беріледі, – деді ол. Қаржаубай Ыбрайымұлының айтуынша, қазан айының алғашқы күнінен бастап облыстағы әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастайды.
Жалпы, көктем келіп, күн жылынғанға дейін жекеменшік үйлерде тұратын жергілікті халыққа 37 мың тонна көмір қажет екен. Қазір 88 вагон немесе 6 160 тонна көмір жеткізілген. Сонымен қатар апта сайын 500-700 тонна көлемінде қатты отын үздіксіз тасылып, сатылып жатыр. Облыс тұрғындары үшін көмір отыны Шұбаркөл, Майкөбен, Екібастұз, Қаражыра көмір алаптарынан жеткізілетінін айта кетейік. Халық сапалы көмірдің тоннасын 15 200-16 500 теңге аралығындағы баға бойынша алуда. Күнделікті сату көлемі 40-50 тонна болып отыр.
Облыс әкімі жылу маусымына әзірлік барысын тікелей бақылап отыр.
– 15 қазанға дейін жылыту маусымына дайындықты толық аяқтау қажет. Аудан әкімдері жергілікті көмір тасушы компаниялармен жұмыс істеуі тиіс. Қажетті отынды уақтылы тасымалдауды бастап, тұрғындарға қауіпсіздіктің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуі керек, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ жиында қосымша өрт сөндіру бекеттерін салу, өнеркәсіп нысандарының технологиялық жабдықтарының жағдайы, ескірген жабдықтарды алмастыру және жаңарту туралы мәселелер қаралды. Оңдасын Оразалин жылыту маусымына қатысты орынбасары Рахат Сыдықовқа аудан әкімдерімен біріге көтерілген мәселелерді жүйелі түрде шешуді тапсырды.