• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қыркүйек, 2019

Қыс қамсыздықты көтермейді

193 рет
көрсетілді

Ауа райын болжаушылар ұсынған мәліметтер бойынша жақын күндері Арқа төсінде күн күрт суытуы мүмкін екен. Осыған орай Қарағанды қаласында жылыту маусымы биыл ерте басталмақ. Бұл туралы облыстық аппарат жиынында қала әкімі Нұрлан Әубәкіров мәлімдеді.

Сонымен қатар ол қала­да­ғы №1 және №3 жылу электр орталықтарында негіз­гі әзірлік жұмыстарының толы­ғы­мен аяқталғанын хабарлады. Инженерлік желілер де маусымға сақадай сай дайын. Облыс орталығындағы 2365 тұрғын үйдің 2316-і жылу беруге дайындық актісін алған. Қалған 49 көпқабатты тұрғын үйде жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Дайындық төлқұжаттарын олар алдағы 10 күнде алуы тиіс.

Қала әкімі хабарлағандай, жылу бірінші кезекте Пришах­тин­ск және Сұрыптау елді мекендерінің тұр­ғын­дарына бері­ле­ді. Содан кейін қаланың қалған аудандары орталық жүйеден жылу ала бастайды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалғанын және мұның қысқы кезеңдегі аса маңызды шаруалардың бірі екенін тағы бір мәрте еске салды.

– Дайындық жұмыстарының белгі­лен­ген мерзімде жүргі­зіл­ге­нін көріп отырмын. Энергетика басқармасының жылыту маусым­ының басталуын жіті бақылауға алуын сұраймын, – деп атап өтті облыс басшысы.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов Шахан және Ақадыр кент­теріндегі қазандықтар құры­лы­сының жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатқанын баяндады. Бүгінде Ақадыр кентінде қазандық жабдықтары мен инженерлік желілер құрастырылған. Ал Шаханда құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс басында барлық қажетті техника мен жұмысшы күші бар. Қазір жер қазан­ды­ғы, сондай-ақ қазандықтар негізін салу жұмыстары жүргізілуде.

Теміртау қаласындағы ЖЭО-2-нің жылыту маусымына дайындығы ерекше бақылауға алынған. Турбоагрегаттар мен қазандықтарды жөндеу бойынша барлық жұмыстар кесте бойынша орындалады, деп сендірді Ұлантай Үсенов.

Жиында өңір басшысы ком­му­налдық-тұрмыстық қажет­тілік­тер­ге арналған көмір қорының көлемі туралы да сұрап білді. Қазір өңірдің барлық елді мекен­де­рінде шілде айынан бастап отынның қатты түрі сатылуда. Сауда нүктелерінде кезек пен дүрлікпе жоққа тән. Облыс тұрғындары Шұбаркөл көмірінің тоннасын 10 100 теңгеге сатып ала алады, ал «Сәт Көмір» маркалы көмірдің бағасы 6000-6500 теңгені құрайды.

Жиын соңында облыс әкімі көмір бағасының аяқ астынан негізсіз қымбат­тап кетпеуін бақылауға алуды тапсырды.

Қарағанды облысы