Жуырда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – саламатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру, жастардың денсаулығын нығайту мақсатында тұзды кезең-кезеңмен 1 грамға төмендету бойынша нан, нан-тоқаш өнімдерінің мәзірін өзгерту.
Осыған байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы дұрыс тамақтану саясатын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін әзірлеген. Құжаттардың біріне нан және нан-тоқаш өнімдеріндегі тұзды кезең-кезеңмен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспары енгізілген. Орталық бұл бастаманы басқа да нан-тоқаш өнімдерін өндірушілер қолдайды деп жоспарлап отыр.
«Тұзды жоғары тұтыну семіздік, ІІ типті қант диабеті және онкологиялық аурулардың кейбір түрлері, артериялық гипертензия, инфаркт және жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуына әкеп соғады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген соңғы зерттеулердің нәтижелері бойынша Қазақстанда тұзды тұтыну әлемдегі ең жоғары деңгейде және ДДҰ ұсынған тәуліктік дозадан 3 еседен артық, яғни тәулігіне 17 грамм, норма болса 5 грамды құрайды», дейді ҚазАТУ «Тамақ және қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы» кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының докторы Нұрбибі Советқызы.
Экономикалық үлгілеудің деректері бойынша, тұзды тұтынуды төмендету жөніндегі іс-шаралар кешені Қазақстандағы инфекциялық емес аурулардың алдын алудың неғұрлым тиімді шарасы. Тұзды тұтынуды қысқартуға бағытталған іс-шараларға салынған қаржы, бес жылдық кезеңде салынған қаражаттан 11 есе артық экономикалық нәтиже береді.
«Тұзды тұтынуды қысқарту инфекциялық емес ауруға байланысты қауіпті және қан қысымын төмендетуі мүмкін. ДДҰ ұсынымдарына сәйкес тағам өнімдеріндегі тұздың санын азайтуды жаппай тұтыну өнімі ретінде наннан бастау неғұрлым тиімді. Жалпы біздің эксперименталдық-өндірістік цехта университет платформасы аясында азық-түлік өндірісі бағдарламалық тобына қарай мамандықтар дайындалады. Соған орай студенттердің теориялық сабақтармен қатар тәжірибелік сабақтарды да өтеді. Осы эксперименталдық-өндірістік цехта нан және нан-тоқаш өнімдері өндіріледі. Студенттерге 2-курстан 4-курсқа дейін тәжірибелік сабақтар жүргізіледі. Олар нан технологиясын, нанның түрлерін, оған қосылатын шикізаттар және өндіріске қойылатын талаптардың барлығын осы жерден үйреніп шығады. Бакалаврда оқитын студенттер, магистранттар немесе доктаранттар өздерінің нан өнімдеріне байланысты дипломдық, диссертациялық жұмыстарын көзбен көріп, көңілге тоқып жазады», дейді эксперименталдық-өндірістік цехының технологы, оқу шебері Гаухар Дүйсенғалиқызы.
Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіру жөніндегі эксперименталдық-өндірістік цехында Еуразиялық экономикалық одақтың нормативті-құқықтық құжаттарының талаптарына сай келетін нан-тоқаш өнімдерінің 15-тен астам түрі өндірілуде. Инфекциялық емес аурулардың алдын алуға бағытталған меморандум аясында ЖОО студенттері мен оқытушылары үшін тұзы аз мөлшердегі нан өндіру басталған. Екіжақты ынтымақтастық шеңберінде халықаралық сарапшыларды тарта отырып, тамақ өнімі түрлерінде тұзды төмендету мәселелері бойынша консультациялар, семинарлар, сондай-ақ дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша бірлескен акциялар ұйымдастыру жоспарлануда.
«Аталған университет нан-тоқаш өнімдеріндегі тұз мөлшерін азайту оның дәмдік қасиетіне, өндіру технологиясы мен сақтау мерзіміне ешқандай теріс әсер бермейтінін практикалық зерттеулер жүргізу негізінде дәлелдеді. Жұмыстың оң тәжірибесі оны жоғары ауқымды нан өндірушілеріне көрсетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта ҚДСҰО Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалымен бірге нандағы тұз мөлшерін азайту бойынша ірі нан-тоқаш өндірушілерімен жұмысты бастады. Ірі өндірушілерден бөлек, акцияға кішігірім наубайханалар да қосылуға ниет білдіруде» дейді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Құсайынұлы.