Ел өміріндегі маңызды мәселелерді талқыға салып, стратегиялық жобаларды саралауға, осыларға қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге бағытталған Ұлттық сенім кеңесінің құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айқындалған міндеттер мен бастамалардың жүйелі жүзеге асуын нақ осы кеңес шеңберінде дамыту қажеттігін баса айтқан еді. Осы орайда Президент жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, белгілі саясаттанушы Расул Жұмалыны әңгімеге тартқан едік.
– Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Көкейде жүрген біраз дүние қаузалды. Соның бәрін саралай отырып кеңес мүшесі ретінде, саясаттанушы ретінде қандай ой түйдіңіз?
– Әу баста қоғамда да, сараптамалық орталарда да күмән-күдік көп болды. Меніңше, бұл күмән әлі де толықтай сейілді деп те айтуға келмес. Алғашында кеңес құрамына мүше болып енген азаматтардың көңілінде де секем болғаны рас. Себебі бұған дейін осыған ұқсас форматтағы көптеген жиындар көңілден шықпаған-ды. Басы жап-жақсы басталып, соңы құмға сіңген судай бос әңгіменің айналасынан ұзай алмаған, талай басы бар, аяғы жоқ басқосулар жұртшылықты күмәнді ойға жетелеген еді. Бұл тұрғыда жер туралы комиссия жұмысын, демократия мәселелері бойынша кеңес секілді діттеген межесіне жете алмаған бірқатар жобаны мысалға келтірсек жеткілікті. Қалай дегенде де елімізде саяси транзит басталды. Көптеген оң өзгерістер байқалуда. Олай дейтінім мемлекеттің саяси тұрақтылығына нұқсан келтіретіндей шиеленісті жағдайлар болған жоқ. Меніңше мұның ең жағымды тұсы осы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде жасаған мәлімдемелері көпшіліктің ойында жүрген нақты проблемалардың тамырын тап басқандай көрінді. Ендігі кезекте демократияға қатысты, биліктің халыққа жақын болуы тұрғысында, сайлаулардың әділ өтуі жөнінде, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартудың айналасындағы нақты қолға алынған шаралар нәтижесін берсе игі. Шын мәнінде мемлекеттің алдында үлкен міндеттер тұр. Шешімін күткен түйіндер де аз емес. Оны оңтайлы реттеу үшін тың талпыныс қажет. Қуантатын мәселе, қазір қоғам оянып келеді. Белсенділік арта түсті. Мұны соңғы сайлаудан да байқауымызға болады. Наразы топтар өз ойын ашық білдіре бастады. Ең бастысы, осы мақсат-бағдарларды мәмілемен еңсеру, өркениетті жолмен өзгерту, тұрақтылыққа нұқсан келтірмей алға басу қағидасы көзделіп отыр.
Осы ретте халық пен билік арасындағы мәселелерді жолға қоюға тиіс қоғамдық кеңес, тәуелсіз баспасөз, тәуелсіз сот сынды институттар бар. Дегенмен оларға деген халықтың сенімі төмен. Халық пен билік арасына дәнекер бола алатын, шын мәнінде нақты көпір қызметін атқара алатын тірек керек болды. Осыны жіті түсінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұрт көңіліндегі сенімді қайтаратын алаң ретінде ұлттық сенім кеңесін құру қадамына барды. Түйіндеп айтқанда кеңестің мақсаты – қордаланған мәселелерді оңтайлы, бейбіт жолмен шешу, жұртшылықты татулық пен ынтымаққа ұйыстыру. Менің бағалауымда Президенттің командасы Ұлттық кеңесті жай популизм үшін немесе әйтеуір жағдайды уақытша қалыпта ұстай тұрайық деген оймен емес, ел дамуына бастайтын нақты стратегиялық қадам ретінде ұстанып отыр. Байкот жариялап, шет қалғанмен мәселе шешілмейді. «Ешқандай сенім жоқ, бәрі бекер, тек қана көшеге шығып митинг арқылы мәселені шешеміз» деу болашағы бұлыңғыр қате ұғым. Олай жалғаса берсе, мұның арты жақсылыққа апармайды.
Бүкіләлемдік тәжірибеге шолу жасасақ, қантөгіс пен революция ешкімді ұшпаққа шығарған жоқ. Арандатушылар бар, айдап салушылар бар, осылардың сойылын соғып барымыздан айырылып қалмау қажет. Дәл осы ұстанымдарды назарға ала отырып кеңес құрамына мүшелікке ендік. Кеңеске кірген өзім секілді азаматтардың мақсаты да осы. Мейлінше осы кеңестің құрамында жүріп ел тағдырына қатысты мәселелерге титтей де болса өз септігімізді тигізейік деген үмітпен ұйымға мүше болдық. Негізгі ұстаным – «жоқтан бар жақсы». Билік елдегі проблемаларды өркениетті жолмен шешуге мүмкіндік тудыратын осындай алаң ұсынар болса, неге оны тиімді пайдаланбасқа. Алғашқы отырыс мәреге жетті. Ашық әңгіме, жақсы талқы болды. Мейлінше маңызды мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды.
Әрине Ұлттық сенім кеңесі Парламент сияқты заң қабылдайтын, иә болмаса Үкімет мүшелерін шақырып алып сұрақ қоятын лауазымға ие емес. Дегенмен Мемлекет басшысы бастап, қалың жұртшылық қостап отырған құрылымның болашағынан мол үміт күтуге болады деп сенемін.
– Кеңестің бірден-бір мақсаты – қоғам дамуын қалыптастыру, яғни әлі де ақсап жатқан салаларды аяққа тұрғызу. Президент кейбір салаларға түбегейлі реформа қажеттігін, бұл ретте азаматтық қоғамның пікір-тілегі, ұсынысы міндетті түрде ескерілуі керектігін айрықша атады. Сіздіңше, ең алдымен қай салаға жаңашылдық керек?
– Қай саланы алып қарасақ та шешімін күткен мәселе табылады. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, әлеуметтік, бюджеттік, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау сынды негізгі салалардың бәріне тың серпіліс қажет. Тұрақтылықтың азаюы, наразылықтың көбеюі, шығынға бату, кәсіпорындардың жабылуы, қылмыс деңгейінің артуы қоғам дамуын тежейді. Солардың ішіндегі ең келелісі саяси реформа. Ұлттық сенім кеңесінің құрамына енген 44 мүше саяси модернизация, әлеумет пен руханият, экономика мен қаржы секілді үш топқа бөлінгенін білесіздер. Соның ішінде мен саяси бөлімге кірдім. Басқа да білікті саясаткерлер мен баспасөз мамандары, оппозиция өкілдері мен саясаттанушылар бұл бағыттың құрамына енді. Біз әзірге бес басымдықты алға тарттық. Яғни, бес түрлі заңға өзгерту енгізуді ұсындық. Сөз болып отырғаны сайлау, саяси партиялар, баспасөз, жергілікті өзін өзі басқару және шерулер мен митингілер мәселесін қамтыған заңдар.
Мәселен, әділ сайлауларсыз біз демократияға жете алмаймыз. Әділ сайлаусыз Парламентке шын мәнінде халықтың қалаулылары келмейді. Қоғамның сеніміне лайық, қолынан іс келетін тәжірибесі мол адамдар келгенде ғана түрлі кездейсоқ жолмен немесе тамыр-таныстықпен өту әрекеті тыйылады. Саясатта алға басу үшін оны жігерлі, мықты, ақылды адамдар жүргізуі керек. Олар саяси бәсекелестіктің бәсі жоғары болғанда ғана билік басына келеді. Яғни, бәсеке барлық саланы қозғаушы күш. Қарапайым экономиканың өзінде бәсекелестік арқылы сапа өседі, нарықта мықты өндірушілер пайда болады, әлсіздер шығынға ұшырап, мықтылар суырылып алға шығады. Өмірдің өзі бәсекеден тұрады. Саяси бәсекелестік болу үшін саяси партиялар болуы шарт. Саяси партиялар туралы заңды қайта қарау қажет. Осы тақылеттес тақырыптарды қамтыған өз ұсыныстарымызды ортаға салдық. Кеңестің алғашқы отырысы барысында бұл заңдар қандай талаптарға сай болуы керек, олардың философиясы қандай деген сауалдарға жауап беретін өз ой-пікірімізді білдірдік. Қажет болса заңдардың редакциясын жасауға дайынбыз. Арамызда халықаралық саланың мамандары, заңгерлер бар. Тіпті мемлекеттік құзіретті мекемелермен сол заңдарды талқылауға, Парламенттің алдына шығып қорғауға да әзірміз. Әзірге біздің тарапымыздан алғашқы отырыста көтерілген мәселе осы.
– Соңғы уақыттары қоғам тың бетбұрыстарға қадам басып, бірқатар әлеуметтік мәселелердің оң шешімін тауып отырғанын көріп отырмыз. Сіз бұған не айтасыз?
– Президенттің өзінің көтерген ұраны «Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет». Соның бағдарын Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында айқындап көрсетті. Жолдауда қамтылған мәселелерді оң бастамалар деп айта аламыз. Оның ішінде халық пен биліктің жақын болуы, шенеуніктердің ашықтығы, баспасөзге, шерулерге қатысты түрлі кедергілердің алынып тасталуы секілді бірқатар мәселелерді айрықша атауға болады. Микробизнесті салықтар мен қисынсыз тексерістерден босату, мұғалімдердің жалақысын екі есеге дейін ұлғайту секілді әлеуметтік маңызды мәселелерді қамтығаны көңіл қуантады. Және ең бастысы, сөз бен істің арасында сабақтастық бар. Жемқорлықты жүгендеу, ысырапшылдыққа бой алдырмау, билік басындағы азаматтардың елмен етене жақын болуы Президенттің негізгі принциптеріне айналып отыр. Оны бір ғана мысалмен айта кетуге болады. Мемлекет басшысы Ақтауға жасаған сапарында жергілікті әкімдіктегілердің «Тоқаевты қолдаймыз», «Жаңа Президентіміз жасасын» деген сарында ілінген банерлерді, жазбаларды алғызып тастады. Бұл – қарапайымдылықтың қарапайым ғана мысалы.
Елді дүрліктірген Арыстағы жағдайдың алғашқы күні-ақ өзі ел ішінен табылып, қасірет шеккен халыққа үлкен демеу жасады. Ең бастысы, ол халықаралық жағдайларды терең сезінетін, әлемдік деңгейде ойлай алатын тұлға. Мұның барлығы тактикалық емес, стратегиялық тұрғыдан жасалып отырған іс. Ұлттық кеңестің мақсаты да осындай дәнекерлікке ие болу болса, екінші жағынан халықтың қолдауына ие болу.
– Жастар еліміздің болашағы деп жатамыз. Сол жастар өз әлеуетін толық пайдалана алып жүр ме? Керісінше біз жігерлі жастарымыздың ақыл-білімін қаншалықты мемлекет игілігіне бағыттай алып отырмыз?
– Адам баласының ақыл-ойының қабілеті асып-тасатын, ең бір ғылыми жетістіктерді еңсеретін, табысқа жететін жас – ол жиырма мен отыз бес жастың аралығы. «Талаптың аты арындап тұрған» бұл кезең өмірдің нағыз қуатты да шуақты сәті. Нағыз реформа жасайтын, қоғамды алға жетелейтін, өмірді өзгертетін ол – жастар. Бұл табиғаттың заңдылығы. Көптеген елдер жастардың осы қасиетін жақсы бағалап, олардың әлеуетін ел дамуына тиімді пайдаланады. Әлемдік тәжірибеде өзінің жастарына жағдай жасаған мемлекеттер түбі кемелденеді. Жастарына білім беретін, бәсекелестікке жетелейтін, жұмыс орнымен қамтитын елдер тарихта кейін қалып көрген емес. Мәселен, Американы, Еуропаны алып қараңыз. Олардың алға озуына баспалдақ болып, мәселесін шешіп отырған осы жастар. Бұл тұрғыда Марк Цукерберг, Джобс сияқты жастайынан әлем таныған тұлғаларды алға тартсақ та жеткілікті. Керісінше кейбір мемлекеттер жастарына жағдай жасауды соңғы мәселе ретінде ысырып қояды. Мұндай жағдайда жастар алға жетелейтін күш емес, революциялық зор толқынға айналады.
Кезінде Араб еліндегі «Араб көктемін» туындатқан орта немесе аға буын өкілдері емес, жастар болатын. Мұндай жағдай Мысырда да, Тунисте де болды. Яғни, қамқорлық болмаса жастар өркениетті күш емес, төңкерісшіл топқа айналады. Бізде де жастарды қолдайтын түрлі ұрандар ортаға тасталады. Биылғы жыл Жастар жылы болып жарияланды. Десе де бұл қолдаулар науқаншылдыққа айналмай кешенді түрде жүйелі жалғасын тапса игі. Ең алдымен жастарға әлеуметтік жағдай жасалуы керек. Статистикаға үңілсек өзінің болашағын шет мемлекеттермен байланыстыратын жастардың дені артқан. Олардың басым көпшілігі қатарынан дараланып шыққан ең білікті жастар. Мәселен, Парламентті, министрлер корпусын алып қарасақ, ондағы жастардың үлес салмағы тым аз. Тіпті жоқтың қасы. Қабілетті, ақылды, тәжірибелі жастар жетерлік. Оларға сенім арту керек.
– Біздегі модераторлардың салалық тақырыптарға бейімделуі тұрғысында не айтасыз? Мәселен, сізді Орталық Азия елдері интеграциясына маманданған саясаттанушы ретінде танимыз. Бірақ түрлі тақырыпта қалам тербеп, байлам айтып жүрсіз. Бұл салалық тақырыпқа тереңнен дендеуіңізге кедергі келтірмей ме?
– Әрине келтіреді. Кез келген мемлекетте мамандар сол елдің, қоғамның сұранысына қарай икемделуі керек. Мысалы, белгілі бір елге жылына жүз экономист керек, мың инженер керек деген сияқты нақты сұраныс болуы шарт. Бізде де мұндай сұраныс бар. Бірақ өкінішке қарай, білім беру саласында осы екі араны жалғап, қажеттілік пен сұранысты өтеп тұратын байланыс жоқ. Статистикаға үңілсек, жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан жастардың 50 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Оның ішінде сіз айтқан саясаттанушылар секілді басқа да мамандықтың өкілдері бар. Ол мамандықтар бойынша орын таба алмайды. Саясаттанушы мамандар бізге қаншалықты деңгейде керек екендігінің санын мен нақты айта алмаймын. Бәлкім, көп мөлшерде, сіз айтқан ауқымда керек емес те шығар. Есесіне бізге инженерлер, технологтар, IT мамандар керек. Ол саладағы оқу орындарының жетіспеуі өз алдына, ашығын айту керек, білім беру мекемелерінің сапасы да төмен.
Сөзімізге тұздық болсын, біздегі бірде-бір жоғары оқу орны әлемдік рейтингте алғашқы екіжүздікке кірмейді. Бұл да білім саласына түбегейлі реформа қажет екенін айғақтап тұр. Билік барлық іске араласа бермеуі керек. Яғни, мемлекет барлық салада «балаға тамақ шайнап бергендей» бәрін дайындап беруге міндетті емес. Мүмкіндігінше мұны жекеменшікке, азаматтардың өзінің белсенділігіне аудару керек. Барлығын шектеп қою, барлығын реттеп отыру мемлекеттің ғана жауапкершілігі емес. Мемлекет, біріншіден, қауіпсіздікке, стратегиялық бағыттарға жауап беруі тиіс, екіншіден, азаматтардың өміріне, дамуына тең жағдай жасап, әділ ойын ережелерін ұстануы керек. Қалғанын бәсекелестік шешсін. Әлемдегі ең үздік 200 университеттің санатына кіретін Оксфорд, Гарвард, Стаффорд секілді тағысын тағы озық оқу орындарының 90 пайызы жекеменшік білім ошақтары. Меніңше, білім беру саласын қайта ырықтандыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Жастарды нарыққа жақын мамандықтарға бейімдеу қажет.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ
АЛМАТЫ