• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 01 Қазан, 2019

Ақан Сатаев: «Томирис» – режиссерлік тәжірибемдегі үлкен межем

1321 рет
көрсетілді

– Ақан Қарғамбайұлы, «Томиристей»­ ауқымды жобаны сәт­ті аяқтауыңызбен құт­тықтаймыз. Та­рихи мәні зор фильмді түсіру бары­сында көңіліңіздегі барлық ой-тілегіңізді жүзеге асыра алдыңыз ба? Әлде орындалмай қал­ған сәттер де кездесті ме?

– Құттықтауыңызға рахмет. Біз бұл картинаны екі жарым жылға жуық жасадық. «Томирис» фильмі қай жағынан келсе де үлкен ізденіс, ауқымды еңбекті талап етті. Ең алғаш, осыдан үш жыл бұрын, «Анаға апарар жол» драмасының премьерасынан соң бас продюсер Әлия Назарбаева «Томирис» фильмін түсіру жай­лы ойын ортаға тастады. «Анаға апа­рар жолды» тамашалап, риза болған Елбасы жаңа бастамамызға қолдау біл­ді­ріп, ақ батасын берді. Әуелде жүрексін­генімізбен, кейін бұл ұсынысты кино алаңында өзімізді кәсіби маман, ең бастысы қазақтың патриот азаматы ретінде сынап көруге таптырмас мүмкіндік, тең­дессіз тәжірибе алаңы деп қабылдап, та­рихи туындыны түсіруге бел будық.

Жалпы, жобаны жарыққа шығару уа­қыты екі жарым жыл мерзімді қамты­ғанымен, негізгі түсірілім процесі 93 күнге созылды. Кейбір сахналарда түсі­рілім алаңында 800-ге жуық актер бір ме­зетте жұмыс істеді. Шығармашылық топ құрамында 400 адам еңбек етті. Түсі­рілім жұмыстары басты төрт үлкен локацияда жүзеге асырылды. Олар – Шонжы, Қапшағай, Алматы және Көкшетау аймақтары. Алматыдағы түсірілімдер негізінен «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы Вавилон тарихи павильонында өтті.

«Томирис» фильмін режиссерлік тә­жірибемдегі үлкен меже десем болады. Мазмұндық, көркемдік тұрғыдан тарқатсақ та кез келген суреткер үшін аса қызықты тақырып деп санаймын. Маған осындай ауқымды туындымен жұмыс істеуге, тарихымызға бойлап, Ұлы даланың даңқты тұлғалары өмі­рін кино тілінде сөйлетуге мүмкіндік сый­лағаны үшін Жаратқанға мың да бір шүкір деймін. Жұмыстың соңғы нұс­қасын көріп отырып «Томиристі» түсір­ген екі жарым жыл уақытты шығар­машылық адамы ретінде жаңа тәжірибе, бастамаларға жетелеген жемісті жоба болды деп сеніммен айта аламын.

– Фильмнің өзегі – сценарий ғой. Бұл жағы­нан қандай тарихи дерек немесе еңбек негізге алынды?

– Фильм идеясын Әлия Нұрсұлтан­қызы мен Тимур Жақсылықов ақыл­да­сып, бастапқы мақсаты жүйеленді. Кейін Тимур Жақсылықов толықтай сце­нарийін жазып шықты. Негізінен біздің сценарлық топ үлкен болды. Жал­пы саны 10-ға жуық адам атсалысты. Диалогтарды бөлек мамандар жазды. Бұл тұста редакторлар мен кеңес­шілердің де еңбегі ересен. Ал енді негізгі сауалыңызға келсем, сценарий ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазбасына сүйеніп жазылды. Яғни, «Томиристің» негізгі іргетасы, қазығы – Геродоттың жазбасы.

– Кеңесшілерден кімдермен жұмыс істедіңіз?

– Қазақстандық белгілі архитектор, тарихшы, академик Алмас Ордабаевпен ке­ңестік. Ғалыммен шығармашылық бай­­­ланысымыз «Жаужүрек мың бала» фильмі­нің түсірілімі кезінде басталған болатын. Кейін «Анаға апарар жол» картинасы жарыққа шығар сәтте де жемісті байланыс орнаттық. Білікті маманмен бірлесе жасаған жұмысымыз енді міне «Томирис» фильмінде де жалғасып отыр.

– Бұған дейін де бірнеше тарихи фильм түсір­геніңізді ескерсек, бұл «Томиристің» тари­хи тақы­рыпты қау­­заған бұрынғы жұмыста­ры­ңыз­дан ерек­­шелігі неде деп ойлайсыз?

– «Томирис» – ауқымды жоба. Екі жа­рым мың жыл бұрын болған тарихты экранда көрсетіп қана қоймай, оқиғаны шынайы сөйлете білу суреткер ретінде маған әрі қиын, әрі қызық бол­ды. Өйткені ұлтымыз үшін ұлық есім­дер қатарына енген әйгілі Сақ пат­шайымының ерлігі күллі қазақ үшін қастерлі. Әрқайсымыздың бойымызда То­миристің рухы бар. Сондықтан да қа­­­телесуге, босаңсуға жол жоқ. Осы се­бепті де түсірілім жұмыстары бастал­ған сәттен бастап үздіксіз ізденуге, әр дерекке ден қойып сараптауға, Сақ патшайымының болмысын барынша жан-жақты қырынан ашу жолында тер төктік. Басқа тірлікті ысырып қойып, өзімізді түбегейлі «Томириске» арнадық. 

– Режиссер үшін әрбір жұмысы қым­бат, ыстық. Десек те, бүгінге де­йін түсір­ген фильм­дері­ңіздің ішін­де жа­ны­ңызға айрықша жақыны, көңі­ліңіз­ден шық­қаны қайсы?

– Білесіз бе, бұл жағынан келгенде мен жолы болған бақытты адам шы­ғармын. Фильмо­графиям­дағы әр фильмім өзім үшін бірі екіншісіне ұқса­май­тын қызықты эмоцияға толы жобалар болды. Қайта­ланбас әсер алдым. Әрқайсысының көңілімде өзіндік орны бар. Мен барлық фильмімді жақсы көре­мін. Десек те, әлі ыстығы басылып үлгер­меген әрі түсірілім барысында тың тәжі­рибелерге баста­машы болған дәл қазіргі сәттегі ең ауқымды жұмысым бол­ғандықтан да шығар, бүгінге дейін түсірген фильмдерімнің ішіндегі ерек­шесі де, қиыны да – «Томирис» болды деп ойлаймын.

– Түсірілім жұмысына шетелдік мамандар тартылды ма?

– «Томирис» – толығымен отандық өнім. Тек қана компьютерлік графика саласы мамандарының көмегін шетелден қабылдауға тура келді. Қалған жұмыстың барлығы толығымен Қазақстанда атқа­рылды. Тіпті Вавилонды, ондағы Кир пат­ша сахнасын әу баста Марокко же­­­рінде түсіреміз деп ойлаған болатын­быз. Бірақ соңында ақылдаса келе Оң­­­түстік Африка құрлығындағы түсі­рі­лім­нен бас тартып, іргелі жұмыс­ты елде атқаруға бел байладық. Бұл ше­шім, біріншіден, қаржыны айтарлық­тай үнемдесе, екіншіден, отандық кино өнерінің дәл қазіргі сәтте ешбір мем­­лекеттен кем емес екендігін көр­сет­кіміз келді. Фильмнің қоюшы су­рет­­шісі Қуат Тілеубаев бастаған сурет­­шілер тобы «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы түсірілім алаңында қартинаға қажетті барлық декорацияны жасап шықты. Сөйтіп, Вавилонды іздеп алысқа ат арытпай-ақ, туған жердің төрін тиімді пайдаландық. Осы орайда түсірілім басталғаннан аяқталғанға дейін менімен бірге жүріп, барлық бастамама мүдделес бола білген шығармашылық командама, актерлерге алғысым шексіз. Әсіресе, Жайдарбек Күнғожиновтің «Nomad» жаттықтыру лагерін айрықша атап өткім келеді. Айтулы орталық бізге ойдағы жұмыстарымызды толығымен іске асыруға кең мүмкіндік ашып берді. Бұлар шын мәніндегі ұлтымыздың мақта­нышы. Елімізде осындай орталықтың барына қуаныштымын.

– Томиристей тарихи кесек бейне­ні кәсіби емес актрисаға беруге жүрексін­бе­діңіз бе?

– Сұрағыңыз орынды. Қорқыныш болды. Томирис рөлі Әлмираның дебют­тік жұмысы болғандықтан, әлбетте күмәннің болуы да заңдылық деп ойлаймын. Рас, 100 пайыз сенімді болдым деп айтпаймын. Күдік те, қорқыныш та бол­ды және оның болғаны да дұрыс. Соның арқасында жауапкершілік кү­шейеді. Алайда, ондай сезім кәсіби ак­термен жұмыс істегенде де туады. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, жұ­мысты нақты бастап кетпейінше кім­мен жұмыс істесең де, сенімсіздік тит­тей де сейілмек емес. Сондықтан тәуе­кел дедім. Жалпы, бұл мен үшін алғаш­қы тәжірибе емес. «Рэкетир» фильміндегі бас кейіп­керді бейнелеген Саят Исембаевтың да кәсіби білімі бол­маған. Сондықтан Әлмираға да сендім.

– Құпия болмаса, ең жоғары қалам­ақы кімге төленді? Іштей Томириске болар деп топшылап отырмыз...

– Жоқ, жоғары қаламақыны Кирдің бейнесін жасаған Голливуд актері Гасан Масуд алды. Мен Гасанға айрықша тоқталып өткім келеді. Ридли Скоттың «Аспан патшалығы» фильмінде Саладин патшаның рөлі арқылы танылған голливуд актері шын мәнінде өз ісінің шебері, үлкен актер. Оны Кир патшаның рөлі арқылы тағы бір мәрте дәлелдеді. Гасан Масудпен шығармашылық тандем отан­дық актерлер үшін үлкен тәжірибе болды деп ойлаймын.

– Сонда Кир патшаға лайық актер Қазақ­станнан табылмағаны ма? Неге шетелдік ма­ман­ның көмегіне жүгіндіңіз?

– Рас, ондай ой әуелде менде де болды. Кирдің рөліне кастинг жарияланған сәтте ең бірінші отандық актерлерді бай­қап көрдім. Бірақ қанша тырысса да экраннан қазақ екендігі бәрібір көрініп тұрды. Көңілімдегідей болмады. Сөйтіп шекаралас орналасқан көрші Өзбекстан мен Тәжікстанның әртіс­теріне Кир патша рөлінде көрінуіне мүмкіндік беріп байқап көрдік. Олар да ішкі ойымызбен қа­быспады. Көксегеніміздей типтік бейнеге жолық­падық. Оның үстіне ұзақ ойлануға уақыт та тапшы еді. Сол себепті голливуд шеберінің көмегіне жү­­гінуге тура келді. Гасан мықты актер ғана емес, жақсы адам да. Түсірілім ба­ры­сында тез тіл табысып, жылы қарым-қатынаста тарқастық. Өкінішке қарай фильмнің премьерасына келе алмады.

– Алда тағы қандай шығармашы­лық жос­пар­ларыңыз бар?

– Дәл қазір «Боксер» фильміне дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Фильм идеясы әу бас­та олимпиада чем­пионы, боксшы Серік Сәпиевтің өмі­ріне арналған еді. Бірақ кейін ақыл­даса келе Серіктің өмірбаянын не­гізге ала отырып, боксшы­лардың жал­пы жиынтық бейнесін жасауды ұйғар­дық. Яғни чемпион өмірбаянын арқау ете отырып, барлық боксшыға ор­тақ туын­ды жасап шығармақ ойымыз бар. Көрермендерімізге, әсіресе өс­келең жас ұрпаққа партиоттық рух бе­ретін спорт­тық драма жанрындағы ғұмыр­баяндық фильм болады деп күтілуде. Қазір түсірілімге дейінгі дайындық жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Ал жалпы түсірілім ақпан айына жоспарланып отыр. Әзірге айтарым осы. Қалғанын фильм жарыққа шыққан соң көрерсіздер.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ