Петропавл қаласында 30 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығы өкілдерінің қатысуымен инвесторлардың халықаралық апталығы басталды.
Іс-шараға «Астана» халықаралық қаржы орталығының делегациясы, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының академиялық топтарының өкілдері қатысуда. Кездесу инвесторлардың халықаралық апталығына (World Investor’s Week) орайластырылып, Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) қолдауымен өткізіліп жатыр. Ол халықтың инвестициялық сауатын арттыруға бағытталған.
АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті 2018 жылдың маусымында IOSCO-ға ассоциацияланған мүшесі ретінде қабылданды. IOSCO бүкіл әлемдегі бағалы қағаздар нарығының реттеуші органдарын біріктіреді және бағалы қағаздар нарығы үшін халықаралық стандарттарды белгілейді. IOSCO міндеттеріне ұлттық реттеуші органдармен бағалы қағаздар нарығын реттеудің халықаралық танылған стандарттарын әзірлеу, енгізу және сақтауға жәрдемдесу жөніндегі ынтымақтастық орнату кіреді. Оның жұмысы туралы интернеттегі www.iosco.org ресми сайтында жан-жақты дерек алуға болады.
Іс-шара қалыптасқан дәстүрге сәйкес қазанның алғашқы аптасында әлемнің 80 елінде өткізіледі. Мақсаты – халықты инвестициялаудың негіздері туралы ақпаратпен қамтамасыз ету және қаржылық қызметтер тұтынушыларын қорғау.
Биыл халықаралық инвесторлар апталығы АХҚО-ның қатысуымен 30 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Қазақстанның 6 қаласында – Петропавл, Ақтау, Қарағанды, Түркістан, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өтеді.
ПЕТРОПАВЛ