Елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде Олимпиадалық даярлау орталығының ұйымдастыруымен мектеп жасына дейінгі балалар арасында велоспорттан «Олимпиада үміті» гран-при жарысы өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін биылғы бәсекеде 5-6 жас аралығындағы 300-ге жуық спортшы бақ сынады. Спорттық шараның негізгі мақсаты – велоспортты халық арасында кеңінен насихаттау және дамыту, өскелең ұрпақты саламатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Еліміздегі Олимпиадалық даярлау орталығы бөлімінің жетекшісі Динара Әубәкірова «Олимпиада үміті» турнирі арқылы болашақ чемпиондарды қазірден бастап дайындағымыз келеді дейді. «Біздің негізгі мақсатымыз – велоспортты кеңінен насихаттап, бұқаралық сипатын кеңейту. Соған сәйкес, қабілетті балаларды іріктеп, бөлек дайындық жүргізу мәселесін де қарастыру үстіндеміз. Осыған байланысты алдағы уақытта Олимпиадалық даярлау орталығы жанынан бүлдіршіндерге арналған секция ашылуы мүмкін. Егер осы жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асса, балалар спортының дамуына үлкен дүмпу әкелер еді», дейді ол.
Балалар арасындағы Гран-при жарысы осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Бастапқыда көпшілік аса мән бермегенімен, жоба өміршең екендігін дәлелдеді. Ата-аналар былтырдан бастап жарыстың ауқымы, форматы, талабы жағынан кәсіпқой жарыстардан кем еместігіне көз жеткізгеннен кейін балаларын жарысқа әкеле бастады. Жарыс соңында жүлделі орын иеленген спортшыларға ұйымастырушылар бағалы сыйлықтар табыстады.