Алтынжар ауылына жақындағаннан-ақ көзге шалынатын бір әдемі көрініс бар. Ол – ұлы күйші Құрманғазының кесенесі. Биік төбені бұрын ел Шайтани батаға деп келіпті. Қазір Құрманғазы төбесі деп құрметпен атайды.
Ғұмырының соңғы жылдарын Астрахань жеріндегі Сахма, Алтынжар, Қызылжар бойында өткізген Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік тыныс тапқан мекені – осы. Ресейдің Астрахань облысындағы Алтынжар ауылында негізінен қазақтар тұрады. Атырау аймағымен шекаралас орналасқандықтан да болса керек, екі ел арасында алыс-беріс пен барыс-келіс жақсы жолға қойылған. 1996 жылы күйші жерленген орынға кесене тұрғызылып, оның ашылу салтанатына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын. 2005 жылы мәдени орталық ашылды. Елбасының: «Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы кешен – көршілес екі елдің достығы мен мәдени байланысының тағы бір символы» деген сөзі музей қабырғасынан орын алған. Өткен жылы Атырау облысы әкімдігі мен жанашыр азаматтардың қолдауымен осы орталыққа күрделі жөндеу жасалды. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жақында Алтынжарға барып, кешен жұмысымен танысып қайтты. «Құрманғазы» өңірлік мәдени орталығында қазір 40 қызметкер бар. Оның 25-і – домбырашы. Кешен жанынан «Самал» қазақ музыкалық ансамблі құрылған.
– Жыл сайын 1000-ға жуық қонақ келеді, – дейді орталықтың басшысы Амангелді Әбілғазиев. – Көпшілігін күйшінің өмірбаяны мен өмір сүрген кезеңіндегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі қызықтырады. Музейді де осы бағыттағы жәдігерлермен толықтыруға жұмыстанып жатырмыз.
Алыстағы Алтынжар Құрман баба жатқан жер ретінде де көңілімізге жақын болып тұрады. «Ауылдың үлкен-кішісі дерлік түгел домбырада ойнай біледі. Домбырашылар мектебі, ансамблі бар», – дейді мәдени орталықтың басшысы. Осының өзі уақыт парағы қанша ауысса да, өнердің мәртебесі әрқашан биік екенін аңғартса керек.
АТЫРАУ