Шымкентте жеміс пен көкөністі қайта өңдеу және консервілеу зауыты ашылды. «Дары Сайрама» ЖШС-нің жобалық құны – 350 млн теңге, сондай-ақ мемлекет бюджетінен 70 млн теңге субсидия берілген. Мұнда тұрақты 120 адам жұмыспен қамтылса, маусым кезінде 400-ге жуық жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар серіктестік жанында 5 гектар қарқынды жүзім плантациясы мен 1 гектар жылыжай кешені бар. Зауытта шырын құю желісі, тосап өндіру, лечо, томат пастасы, консервіленген қияр, қызанақ, түрлі салаттар сынды басқа да өнімдер шығарылады.
Жылына 10 миллион қалбыр консервіленген өнім шығаратын зауыттың жұмысымен қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы танысты. Отандық өнiмдерге сұранысты арттыру үшiн тауар сапасына көңiл бөлу керектiгiн айтқан шаһар басшысы қазіргі экономикалық жағдайда нарықта бәсекеге қабілеттілік өте маңызды екеніне тоқталды.
«Қала тұрғындары мен қонақтарын жергілікті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында азық-түлік белдеуі аймағында қажетті өндірісті құру, еліміздің өзге өңірлеріне өнімдерімізді тұрақты түрде жеткізуге жағдай жасау, азық-түлік бағасын бір жүйеге келтіру, жылыжай мәселелері мен Шымкенттің сауда инфрақұрылымын дамыту біздің негізгі міндеттеріміздің бірі», деді Ерлан Қуанышұлы. Сондай-ақ қала әкімі күніне 3 тонна сүт өндіретін «Зертас» шаруа қожалығын аралап көрді. Мұнда 128 бас асыл тұқымды сүтті-етті бағыттағы ірі қарадан құралған мал шаруашылығы құрылған. Тауарлы сүт фермасында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сүт өндіруді арттыру бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырған салалық басқарма басшысы А.Қаныбеков қалада «Бәйтерек» шаруа қожалығы тауарлы сүт фермасының қуаты 100 бастан 400 басқа ұлғайтылғанын және осы сынды бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, шаһарда 15 шағын отбасылық сүт фермасы құрылған.
Ауылшаруашылық бағытындағы нысандарды аралау барысында қала басшысы «Ильяев» серіктестігінің жылыжай кешенімен танысты. 2018 жылы жұмысын бастаған кешеннің көлемі – 2,2 гектар. Жылыжай заманауи құрылғылармен қамтылған. Ал серіктестік қожайындары елімізде бұл саламен айналысқан алғашқы кәсіпкерлердің бірі саналады.
Шаруа қожалықтың иелерімен сөйлесу барысында Ерлан Айтаханов ауылшаруашылық саласын дамыту бойынша мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін айтып, шаруалардың ұсыныстарын тыңдады. Айта кетерлігі, биыл Шымкент қаласы өнеркәсіптік жылыжай жобаларын іске асыруда республикада көш бастап келеді.
ШЫМКЕНТ