• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қаржы 05 Қазан, 2019

«АХҚО»: Алматыда қаржы форумы өтті

228 рет
көрсетілді

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, «АХҚО» халықаралық инвесторлар апталығы аясында Алматы қаржы форумын өткізді. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев пен АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысқан Алматы қаржы форумы өз алаңында Алматының іскер топтарын жинады.

Айта кету керек, қазір  26 елдің 250-ден астам компаниясы АХҚО қызметін пайдаланады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов олардың арасында  сапасы мен саны жағынан әртүрлі ірі компаниялар, әлемдік коммерциялық банктер бар екенін айтты. Араларында жаңа технологияларды енді қолданып жүргендер кездеседі. «Астана» халықаралық қаржы орталығының ендігі мақсаты - 10 жыл ішінде компаниялар санын 1000-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Қайрат Нематұлының түсіндіруінше, Қазақстан инвестицияларды өте жақсы қабылдады, бірақ келесі деңгейге көтеріліп, екі есе тартымды болу үшін көп нәрсе жасау керек.

«Халықаралық қаржы орталығы аясында, инвесторлар талабына жауап беретін платформаның бірнеше деңгейі бар. Біріншіден, бұл - құқықтық алаң. ТМД елдері арасында біз жеке құқықтың қағидаттары мен нормаларына негізделген жеке коммерциялық, келісімшарттық заңды қолданатын жалғыз елміз. Екінші бағыт - реттегіш. Біз өзіміздің реттеушімізді құрдық. Бұл қаржы институттарын тіркеуге және қаржылық лицензия беруге мүмкіндік береді. Құқықтық ортадан кейін біз ұсынатын өте маңызды деңгей - қаржылық платформа. Сіздер америкалық компаниямен бірлескен жаңа биржаның құрылғанын білесіздер. Біз әлемдегі екінші биржамыз және өз технологиямызды белсенді түрде таратудамыз. Бұл маңызды қадам болды, өйткені капитал нарығын қайта бастау үшін бізге банктік несиелендіру ғана емес, сонымен қатар капитал нарығында қаржыландырудың жаңа құралы қажет», - деп толықтырды Қ.Келімбетов.

Сонымен қатар ол түрлі инвестициялық қорларға лицензия берілетіндігін атап өтті. Жуырда қазақстандық жеке инвестициялар қоры құрылды. Бүгінгі таңда жарғылық капиталда 70 миллиард теңге бар.

«Бүгін біз платформамыздың бірнеше деңгейін біріктіргіміз келеді. Ол қаржылық, заңдық, технологиялық бөлім, бұл бізге алға жылжу құқығын береді», - деді АХҚО басқарушысы.

Айта кету керек, Алматыда АХҚО халықаралық инвесторлар апталығы өтіп жатыр. Оған «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), мемлекеттік органдар, сонымен қатар Алматы қаласының іскер және академиялық орта өкілдері қатысуда. Бұған дейін форум Түркістанда өткен болатын.

Бақытжан Сағынтаев өзінің құттықтау сөзінде Алматыда Қазақстанның салық төлейтін ірі компанияларының үштен бірінің, 30-дан астам трансұлттық компанияның, банктердің бас офистерінің 86%-ның, біріккен кәсіпорындар мен ірі халықаралық ұйымдардың 43%-ның орналасқанын атап өтті. Алматы - 36 миллиард доллар экономикасы бар Орта Азияның ең дамыған мегаполисі.

«Біз алдымызға жаһандық қала болудың және өмір сүру сапасы әрі экономикалық мүмкіндіктері жағынан 100 мегаполис қатарына ену бойынша ұзақ мерзімді міндетті қоюдамыз. Алматы халқы қала маңындағыларды қоса есептегенде қазірдің өзінде үш миллионға жақындап қалды, ал 2030 жылға қарай бес миллионға жетуі мүмкін», - деді Б.Сағынтаев.

Ол шет аймақтарды қала стандарттарына сай дамыту жөніндегі «Жаңа Алматы» үш жылдық жоспарды жүзеге асыру үшін 800 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысы мен жеке инвестиция қажет екенін, сол арқылы қала бастамаларының орындалуын және алматылықтардың тұрмыс жағдайларын жасқартуды қамтамасыз ететін салық түсімін арттыруға болатынын айтты.

Бұлардан өзге, Алматы әкімдігі «Астана» халықаралық қаржы орталығында қызметін жүргізетін инвестициялық қормен ынтымақтастықты қалыптастыруды жоспарлауда. Б.Сағынтаев Үкіметпен бірге бизнес жүргізуде әкімшілік кедергілерді азайту, тіркеу процедураларын жеңілдету бойынша шаралар пакетінің қолға алынғанын атап өтті.

«Алматыда мембюджет есебінен индустриалды аймақта бірегей инфрақұрылым қалыптасты, сонымен қатар «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА салық төлеу және басқалары бойынша жеңілдіктер қарастырылған», - деді қала әкімі.

Айта кетерлігі, мегаполисте бизнесті қолдаудың бірқатар консалтингтік және қаржылық шарасы жүзеге асуда. Мысалы, Qoldaý кәсіпкерлікті қолдау орталығы бизнеске бір терезе қағидасы бойынша мемқызметтер және тегін консалтингтік қызметтер көрсетеді. «Almaty Finance» компаниясы мен «Almaty» микроқаржылық ұйым шағын және орта бизнесті қолдау үшін 2%-дан 7%-ға дейін жеңілдетілген несиелер береді.

«Жалпы, біз келер жылдан бастап ШОБ қаржылық қолдау көлемін үш есе ұлғайтуды жоспарлаудамыз, ағымдағы 11,5 миллиард теңгеден 30 миллиард теңгеге дейін. Одан әрі біз шешім қабылдау үшін сараптама базасына сүйене отырып, оның ішінде әкімдіктің ситуациялық орталығы және Big Data негізінде қолдау шараларына түзету енгізетін боламыз», - деп атап өтті мегаполис басшысы.

Ол өзінің сөзінде әлеуетті инвесторлар үшін тауарларды өңдеу және қайта өңдеу, көлік-логистика қызметі, туризм салаларының перспективалы бағыттар екенін атап өтті. Осынау өміршең салаларда жаңа өндіріс ашуға зор ықпал ететін креативті экономикаға ерекше назар аударған жөн.

Қазақстандық қаржы форумы – тұтынушылар құқын қорғау, АХҚО-ның бизнес үшін мүмкіндіктер мәселелерін талқылайтын алаң. Форумның мақсаты – АХҚО-да жүргізілетін инвестиция тартудың негіздері және бизнес жүргізудің шарттары туралы хабардар ету, сонымен қатар қаржы қызметін тұтынушыларды қорғау.

Алқалы шарада АХҚО сарапшылары спикер ретінде қаржы қызметін, қаржы технологиясын, жасыл және ислам облиагциясын шығаруды реттеу, бағалы қағаздар нарығын инвестициялау, сонымен қатар үздіксіз кәсіби даму туралы терең мағлұмат берді. Бұл форум  спикерлердің әдеттегі монологы форматында емес, спикерлер мен залда отырған қонақтар арасындағы қызу пікірталас сипатында болды. Барлық қатысушылар мәселелерді шешу жолдары туралы тәжірибе, ақпарат және жаңа мәліметтермен алмасу мүмкіндігі берілді.

 

АЛМАТЫ