Алматыда мұғалімдердің төл мерекесі Республика сарайында тойланды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін сақтайтын білімді ұрпақтың тәлімгері – мұғалімдер екенін айтып, Алматы ұстаздарын ұлықтады.
«Халқымыздың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы «Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Жастар тәрбие мен білім беру ісін таразының басындай тең ұстап, креативті идеяларымен қаланың білім саласының дамуына өз үлестерін қосады деп сенеміз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Құттықтау сөзден кейін жылдың үздік ұстаздары мен педагог ұжымы марапатталды. Алматы қаласы бойынша 205 мектеп ішінен 10 білім ошағы оза шапқан. Мықты деп танылған ұжымға жалақыларына қосымша сыйақы алады. Сонымен қатар биылғы республикалық байқауға Алматы қаласынан 4 мұғалім қатысқан екен. Оларға Алматы қаласының әкімі бағалы сыйлықтар табыстады.
2019 жыл бойынша үздік мұғалім деп танылған Жанар Құсайынова тілшілермен кездескен кезде ұстаз болу, ең алдымен, жүректің батырлығы екенін тілге тиек етіп өтті.
Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, үздік педагогикалық ұжым байқауы Алматы қаласына ғана тән конкурс екен. Ол 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оған жергілікті бюджеттен де қомақты қаржы бөлініп отырады.
«Бұл жерде Ұстаздар күні қарсаңында толықтай бір ұжым өздерінің жалақыларына сыйақы алады. Шамамен жылда 10 мектеп үздік атанып шығады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 130 млн тенге қаржы бөлінген» дейді Ләззат Жылқыбаева.
Еңбек ері Аягүл Миразова да бұл бағытта көп тірліктің беті қайырылғанын айтып өтті. «Сол себепті алдағы уақытта ата-ананың де міндетін, жауапкершілігін арттыру мәселесі жобада қаралғаны дұрыс. Себебі балаға алғашқы тәрбие отбасында беріледі», - деп атап өтті ол.
Алматыда колледж, балақша және меткеп сынды 400-ден астам білім беретін мекеме бар. Онда 32 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Бүгінгі айтулы іс-шараға 3 мың ұстаз қатысты.
Айта кетейік, келесі жылдан бастап Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қалалық деңгейде үздік мұғалімдер байқауы өткізілмекші. Оза шыққан маманға көлік те табысталмақ.
АЛМАТЫ