Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова кəсіпқой боксшы Геннадий Головкинді орта салмақта IBF жəне IBO алтын белбеулерін жеңіп алуымен құттықтады. Бұл туралы министр өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Құрметті Геннадий! Осы жекпе-жекті асыға күткен барша жанкүйерлердің және жеке өзімнің атымнан кəсіпқой шаршы алаң төріндегі жеңісіңізбен құттықтаймын. Украиналық Сергей Деревянченкомен өткен кездесуде жеңіске деген құлшынысқа толы мұқалмас қажыр-қайратыңыз, кәсіби шеберлігін сақтаған спортшы екеніңізді көрсеттіңіз. Бүгінгі талассыз жеңісіңізбен Қазақ елі əлемдік бокс алпауыттары лидерлерінің бірі екенін тағы да дəлелдей түстіңіз. Сіздің жарқын жеңістеріңіз жас спортшыларға үлгі. Бұл еліміздегі бокстың дамуына, жастарды ұлы жеңістерге ынталандыруға үлкен алғышарт. Туған елдің туын жеңісімен желбіреткен азамат ретінде ризашылығымды жеткізе отырып, алдағы уақытта да елімізді қуанта беретініңізге шын ниетпен сенім білдіремін» делінген Ақтоты Райымқұлованың Facebook-тегі құттықтауында.
Еске сала кетсек, бүгін Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) украиналық Сергей Деревянченкомен (13-1, 10 КО) жекпе-жек өткізіп, одан ұпай санымен басым түсті.