Кеше АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі «Мэдисон Сквер Гарден» кешенінде өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қазақстанның мақтанышы Геннадий Головкин Украинаның мықтысы Сергей Деревянченконы ұпай санымен ұтып, орта салмақта IBF және IBО нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды.
33 жастағы Украина боксшысы қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс. Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) алғашқы маусымында (2010-2011 жылдары) Италияның «Milano Thunders» клубы сапында өнер көрсетіп, сол жарыстың ең үздік боксшысына тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. 2012-2014 жылдары «Астана арландарының» намысын абыроймен қорғап, қазақстандық командамен бірге чемпиондық тәжді иеленді. WSB додасында барлығы 24 кездесу өткізген Сергей Деревянченко бір ғана бәсекеде жеңілді. Қалған 23 жекпе-жекті өз пайдасына шешті. Кезінде оның қазақтың ұлы Қанат Исламды жеңгені де жанкүйерлердің жадында.
2014 жылы айтулы боксшы кәсіпқойлар арасында күш сынасуға бел буды. Осы күнге дейін 14 мәрте рингке көтеріліп, 13 рет жеңіске жетті. 10 қарсыласын есінен тандырды. Былтырғы жылдың қазан айында Деревянченко америкалық Даниель Джейкобстен жеңілді.
Өзінің соңғы жекпе-жегін украиналық өрен биылғы жылдың сәуір айында германиялық Джек Кулкайға қарсы өткізіп, ұпай санымен ұтты.
«Мэдисон Сквер Гардендегі» айқасқа Сергей Деревянченконың тас-түйін даярлықпен келгені бірден байқалды. Ол атағы жер жарған Геннадий Головкинмен еш қаймықпай айқасты. Бірінші раундта ашық айқасқа барған Украинаның мықтысы ауыр соққы жіберіп алып, нокдаунға түсті. Оның үстіне жерлесіміз оның қабағын жарды.
Десек те Сергейдің сағы сынған жоқ. Ол үнемі шабуылдап, біздің боксшыны шаршатып, діңкелеткісі келді. Бірақ Гена да намысты қолдан берген жоқ. Ол да жиі-жиі соққыларын жұмсап, қарсыласының дамылдауына еш мүмкіндік берген жоқ.
Жоғары қарқында өткен бәсекенің екінші жартысында қос саңлақ та шаршай бастады. Бір-біріне көптеген соққы жұмсағанымен, олар көбіне қиыс кетіп жатты немесе алғашқы раундтардағыдай қуатты болмады. 10-раундта Деревянченконың сілтеген жұдырығы Головкинге дәл тиіп, тәлтіректеп қалды. Бірақ абырой болғанда аяғында тұрды. Одан кейін де «жан алысып, жан беріскен» айқас жалғасты. Екеуі де жанкештіліктің шынайы үлгісін көрсетті. Бәсеке аяқталғаннан кейін үш төрешінің барлығы да GGG-дің мықтылығын бірауыздан мойындады – 115-112, 115-112, 114-113.
Compubox сайты ұсынған статистикалық мәліметке жүгінсек, осы айқас барысында Головкин 720 соққы жұмсап, соның 243-і қарсыласына дәл тиді. Бұл – 33,8 пайыздық көрсеткіш! Деревянченко 738 рет жұдырығын сілтеген екен. Соның 230-ы нәтижелі болды. Бұл – 31,2 пайыздық көрсеткіш!
Осылайша, 37 жастағы Геннадий Голвкин IBF және IBО нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Бұл – оның кәсіпқой рингтегі 40-шы жеңісі. 35 бәсекені GGG нокаутпен аяқтады. Бір рет ұтылып, тағы бір жекпе-жекте тең есеп тіркелді.
Осы бокс кешінде жұдырықтасқан тағы бір жерлесіміз Әли Ахмедов америкалық Эндрю Эрнандесті 44 секундта ұрып құлатып, екінші орта салмақтағы WBC International Silver нұсқасы бойынша алтын белбеуін сақтап қалды.