• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Қазан, 2019

Екінші ойынында да жеңіске жете алмады

158 рет
көрсетілді

Елорданың «Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі екінші ойынын өткізіп, бұл жолы да жеңіліп қалды. Өз алаңында Сербияның «Партизан» командасын қабылдаған жерлестеріміз 1:2 есебімен есе жіберді.

Матч басталардан 3-4 сағат бұрын «Астананың» көшбасшысы Марин Томасовтың алаңға шыға алмайтындығы белгілі болды. Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Григорчук хорват футболшысы өзін жайсыз сезінгенін айтты. Сондай-ақ ойын алдындағы баспасөз жиынында «Партизан» командасының бас бапкері Саво Милошевич «Томасов пен Маевскийге ерекше назар аударамыз, өйткені олар «Астана» сапында ең қауіпті ойыншылар» деп айтқан болатын. Бірақ Сербиялық команданың қуанышына орай сол ойында Томасов алаңға шыға алмады.

Сонымен қатар «Астана» бас бапкері Роман Григорчук матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Ертең негізгі құрам бойынша тәуекелге барамыз және құрамда міндетті түрде өзгеріс болады» деген-ді. Алаңға бірінші минуттан бастап шығатын футболшылардың тізімін көргенде бірден үш өзгерістің болғанын байқадық. Шабуылшы Сергей Хижниченко мен жартылай қорғаушы Юрий Перцух Еурокубок ойындарындағы дебют матчын өткізсе, қорғаушы Абзал Бейсебеков Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі ЧФР клубына қарсы өткен ойынан кейін Еурокубок бәсекесінде жасыл алаңға бірінші рет шықты. Сондай-ақ қорғаушы Лука Шимунович пен Жарко Томашевич Еуропа лигасында бірінші рет қорғаныста иық тіресіп өнер көрсетті. Еуролигада тұрақты ойын өткізіп жүрген Роман Мұртазаев, Евгений Постниковтың қосалқы құрамда қалып қойғаны аздап таңғалдырды. Ал «Партизан» командасы өздерінің негізгі құрам ойыншыларымен кездесуді бастады.

Матчтың алғашқы 15 минуты тең дәрежеде басталып, қос команда да алма-кезек шабуылдаумен болды. Шабуылшы Сергей Хижниченко мен Дмитрий Шомко «Партизан» қақпасына алыстан соққы жасап, қақпашының қырағылығын бір байқап көрді. Дегенмен сербиялық тәжірибелі қақпашы Владимир Стойкович өз орнынан табыла білді. Ал ойынның 16-минутында қорғаушы Жарко Томашевич жарақат алып, команданы қиын жағдайға қалдырды. Оның орнына Евгений Постников шықты. Кездесудің 20-минутынан бастап сербиялық команда ұрымтал сəттердi iздеп, қарсы шабуылға жиi шығып жатты. Нәтижесінде қонақтар өз дегендеріне жетіп, кездесудегі есепті бірінші болып ашты. Матчтың 28-минутында Ненад Эрич қақпасының алдындағы қарбалас сəтте Умар Садик мүмкiндiгiн мүлт жібермеді. Есеп 0:1. Сөйтіп алғашқы 45 минут қонақтардың пайдасына аяқталды.

Кездесудiң екiншi таймы да «Парти­зан­ның» допқа иелiк етуiмен жалғасып жатты. Сейдуба Сума, Боян Асано «Астана» қақпасын жиi торуылдады. 37 жастағы Ненад Эричтiң шеберлiгi болмаса ойынның 55-минутына таман есеп 0:3 болуы əбден мүмкiн едi. 60-минутта Умар Садик кездесудегі екінші голын соққан болатын. Алайда швециялық бас төреші Мохаммед әл-Хаким гол ойыннан тыс соғылды деп, голды есептемей тастады. Арада 13 минут өткенде Умар Садик өз дегеніне жетіп, дубль авторы атанды. Сербия командасы есептегi басымдығына қарамастан қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда жинақы ойын кɵрсеттi. 76-минутта Умар Садик бұрыштама добынан үшiншi голын соққанымен төреші есепке алмады.

Ɵз жанкүйерiнiң алдында ɵнер кɵр­сет­кен «Астана» 85-минутта исландиялық легионердiң кɵмегiмен есеп айырмасын қысқартты. Шамамен 20-25 метр жерден қақпаны нысанаға алған Рунар Сигурьонссон алыс бұрышты дəл кɵздедi. Ес жиып соңғы бес минутта таразы басын теңестiруге тырысқанмен «Партизан» мүмкiндiк бере қоймады. Қорытынды есеп 1:2.

«L» тобындағы кездесуде Нидер­лан­дының «АЗ Алкмар» командасы өз алаңында ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубын қабылдады. Бұл кездесуде есеп ашылмай, қос команда 0:0 есебімен тең тарқасты. Сондай-ақ екі команда да бір-бір ұпай иеленді. Осылайша МЮ мен «Партизан» командасы 4 ұпаймен алғашқы екі орынды бөлісіп тұрса, «АЗ Алкмар» 2 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. «Астана» әзірше соңғы орында тұр. Алда әлі 4 тур бар екенін және МЮ мен АЗ командаларының тең ойнағанын ескерер болсақ, «Астанаға» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтуге әлі де мүмкіндік бар.  Енді «Астана Аренада» өтетін екі ойында жеңіске жетіп, сырт алаңдағы матчтарда мейілінше ұпай олжалау керек.

Сөз соңында статистика сүйер жан­күйер­лерге, әлгі ойынның бірнеше нақты цифрларын айта кетейік. «Астана» сапындағы жалғыз голдың авторы Рунар Мар Сигурьонссон елорда клубының Еурокубок ойындарындағы үздік бес сұрмергеннің қатарына енді. Бес гол соққан Исландиялық ойыншы Роман Муртазаев пен Бауыржан Джолчиевпен бір қатарда тұр. Ал Сигурьонссонға нә­ти­желі пас асырған Роман Муртазаев гол+пас жүйесі бойынша үздік бестікке енді.

Еуропа лигасының екінші тур ойы­нынан кейін «Астана» командасы ең тәртіпті команда атанды. Қазақстандық команда екі турдың қорытындысы бо­йынша, бірде-бір сары және қызыл қағаз алмаған. Сонымен қатар екі ойында 18 рет ереже бұзып, ТОП-6 команданың қа­тарына кірді. Ал Испанияның «Хе­тафе», Шотландияның «Селтик» және Германияның «Айнтрахт» командасы ең тәртіпсіз команда атанды. Сондай-ақ «Астана» 48 команданың ішінде бір гол соққан 45-ші, үш гол өткізіп алған 32-ші, қарсылас команданың қақпасында 12 соққы жасаған 47-ші, 795 рет пас анық пас берген 37-ші, екі бұрыштама добын орындаған 48-ші және бес рет ойыннан тыс қалған 15-ші команданың қатарынан көрінді.

Айта кетейік, «Астана» клубы Еуропа лигасындағы 3-тур ойынын сырт алаңда Нидерландының «АЗ Алкмар» командасына қарсы өткізеді. Кездесу 24 қазанда өтеді деп жоспарланған.