• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қазан, 2019

Солтүстіктегі теріс сальдо немесе көрші елге қоныс аударушылар неге көп?

1369 рет
көрсетілді

Петропавл қаласы бүгінде көп өзгерген. Орталық көшелердегі ескі үйлердің бәрі сүріліп, жаңадан биік, әсем үйлер тұрғызылған көрікті мекенге айналды. Сауда орындары да жетерлік. Кейбір қалтарыстағы көшелерде қызыл кірпішпен қапталып, бой көтерген жер үйлер көздің жауын алады.

Алайда жергілікті тұр­ғын­­дардың көңілінде пәстік бары көрініп тұр. Өйткені облыс­тағы орташа еңбекақы көле­мі жағынан республика бойын­­ша ең төмен деңгейде. Егер рес­публикадағы орташа еңбекақы 188 мың теңге болса, солтүстікте 121 мың теңгені ғана құрайды. Ал көмірсутегі көп облыстардың көрсеткіші бұдан үш есеге артық. Мысалы, жер көлемі де, халық саны да қарайлас Атырау облысында орташа еңбекақы – 321 мың теңге.

 Облыстың ІЖӨ-дегі үлесі де ең төменгі орында, бар-жоғы – 1,95 пайыз. Көршілес облыс­тар 10 пайызға жуық үлес көрсетіп жатқанда Солтүстік Қазақстанның үлесі осынша ғана болғаны өкінішті, әрине.

Халықтың экономикалық белсенділігі де айтарлықтай емес. Мәселен, 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2019 жылдың 1 қаңтары аралығында шағын және орта кәсіпкерлер санының өсімі республика бойынша 8,3%, Нұр-Сұлтанда 28,3% болғанда Солтүстік Қазақстанда 5%-ды ғана құрады.

Былтыр негізгі капиталға сырттан тартылған инвестиция көлемі еліміз бойынша 3,3 трлн теңге болып, барлық инвестиция көлемінің 29,6%-ын құраған болатын. Соның ең көбі Батыс Қазақстан облысына (65,4%) тие­сілі болса, ең азы – 5,4% Сол­түстік Қазақстанның еншісіне тиді. Биылғы 14 қаңтардағы мәлі­метке сәйкес, Қазақстан хал­қының саны 18 млн 801 мың адам болды. Яғни, жылдық табиғи өсім – 246,7 мың адам. Алайда еліміздің бес облысында тұрғындар саны азайған. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында азаюдың үлесі жалпы халық санына шаққанда бірінші орында тұр. Халық саны азаю үстіндегі бес облыстың қатарына енетін Қостанай облысының халқы 0,28%-ға азайып, 873,1 мың адамды, Павлодар облысының халқы 0,12%-ға азайып, 754 мың адамды құраса, Солтүстік Қазақстан облысының халқы былтыр 0,64%-ға азайып, 555 мың адамды құрады.

Бұл жағымсыз үрдіс жалғасу үстінде. Биыл 1 тамыздағы жағ­­дай бойынша облыс халқы 551 мың ғана адам болып отыр. Бар­лық табиғи өсім мен өлімді, келгендер мен кеткендерді ескергенде, 2000 жылдан бері облыс тұрғындарының саны 165 мың адамға азайған. Бұл бір үлкен қа­ланың халқы жоқ болған деген сөз. ХХІ ғасыр басталғаннан бері бұл облыста 119 ауыл бос қалған, барлығы 293 мектеп жабылған. Республикадағы осындай ең ауыр ахуал табиғаты өте жақсы, жа­сыл орманды, көкорай шал­ғынды, топырағы құнарлы, қара то­пырақты, халқының сауа­ты жо­ғары, кадрлық әлеуеті мық­ты облыста қалып­та­сып отырғаны барлық қазақ­стан­дықтарды ойлантуы керек.

 

Шекаралық өңір жалаңаштанып барады

Солтүстік Қазақстанның ел­дің шетінде, желдің өтінде орна­ласқаны мәлім. Шекаралық аймақ болған соң қазақтың қара сөзімен осылай айтамыз ғой, ал турасына көшетін болсақ, ар жа­ғымызда аз­уын айға білеген сол­түстіктегі алпауыт көршіміз жатыр. Бұл фактор халықтың тоқтамай көшуіне негізгі себеп болып отыр. Ең со­рақысы сол, ол жаққа тарихи ота­­­нына қай­тып жат­қан орыстар ғана емес, өзі­міздің қаракөздеріміздің көшуі де көбейіп барады. Бүгінгі қарынның қамын көбірек ойлайтын  халықты «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген аталы сөзбен тоқтата алмайсың...

Ондайларды қалай ұстарсың, егер көршілес Омбы облысында жан басына шаққандағы табыс тең­геге шаққанда 151,6 мың, Тү­мен облысында 261 мың, Қор­ған облысында 126 мың, ал салыстырмалы түрде біздің Солтүстік Қазақстанда 78,6 мың теңге болса... Тұрғындардың жаппай азаюы шекаралық өңірдің жа­лаң­­аштануына ұласып, ұлт­тық қа­уіп­сіздігімізге де қатер төнді­ретін жағдай болып отыр.

Облыстағы ең басты проблема – осы. Тұрғындар санының азаюы экономикалық әлеуетті төмен­детіп, өңірдің дамуына да кері әсерін тигізуде. Ха­лық са­ны­ның өсімі қай кезде де эко­номикалық даму мен мем­ле­кет­тік бағдарламалардың тиім­ді түр­де жүзеге асуының маңыз­ды индикаторы. Биылғы жыл­­­дың 1 та­мызындағы мәлі­мет­ке қарағанда облыста туу да былтырғы жылдың сәй­кес мерзімімен салыстырғанда бес пайызға азайған. Неке саны был­тыр 1980 болса, биыл 1833-ке түс­кен. Бұл да жастардың шетел асып жатқандығының көрінісі. Шетелге кеткендер үлесі аталған мерзімде 22%-ға артқан. Жұмыс күші артық аймақтардан көшіп келгендер мен оралмандардың саны мұнда әлі де мардымсыз.

Бір кезде әлеуметтік мәсе­ле­­­лердің шешілуі бойынша біз көр­­­­шілес Ресейден асып кет­кен едік. Өкінішке қарай қазір со­­­ңында қалдық. Олардың ең­бек­ақысы артық болуымен қатар, денсаулық сақтау саласы, тұрғын үймен қамтамасыз етуі, білім бе­ру саласына бөлетін назары, түр­лі өтемақы мен жәрдемақылар кө­лемі бізден асып кетті. Қазір ре­сейліктер адамның орташа өмір сүру жасын сексенге жет­кіземіз деген бағдарды алға қойған. Оған қажетті жағдайлар жаппай жасалуда. Аймақтарды арнайы дамыту бағдарламасы бойынша Ре­сейдің көршілес облыстарының бәрінде тас жол салынған. Жұмыс орындарын табу мүмкіндігі де жоғарылаған. Жастардың бас­та­машыл­дығын қолдау қалыпты жол­ға түскен. Жақ­сы оқитын, ақыл­ды жастар­ды қолдаудың бар­лық те­тіктері қарастырылған. Ресей ЖОО өкіл­дері Петропавлдың үздік мек­­­теп­­теріне келіп, жақсы оқи­тындарды өз­дерінің бағдар­ламасы бойынша арнаулы тес­тілеуден өт­кізіп, грантқа іліктіріп алып ке­теді. Кейін оны бітірген жас­тар шы­ғынды еңбекпен өтеу үшін сол елде қалып қояды. Оның ішінде орыстан басқа қа­зағы да, татары да, украины да, басқасы да бар.

Ресей Федерациясы халық санын арттыру, отандастарын та­рихи отанына қайтару бойынша былтыр «Государственная программа оказания содействия переселению в Российскую Феде­рацию соотечественников, проживающих за рубежом» деген бағдарлама қабылдады. Отан­дастар қатарына Ресейде тумаған адамдарды да қосу бағдарламаға енгізілген. «Соотечественниками также признаются лица, состоявшие в гражданстве СССР, про­живающие в государствах, входивших в состав СССР, получившие гражданство этих госу­дарств или ставшие лицами без гражданства». Бұл бұл ма, тіпті тіл білген адамның бәрін «отандас» деп санауға болатыны да ашық көрсетілген.

Осының салдарынан Ресейде оқитын қазақ және басқа халық­тар жастарының сол елде қа­луы «отандас» деп қойнын аш­қан соң арта түсері сөзсіз. Олар­дың атал­ған бағдарламаға қаты­сушы бола алатыны да ай­тыл­ған. Мысалы, мем­лекеттік бағ­дарламаның шең­берінде Қор­ған облысы жаса­ған құ­жатта былай делінген «Участниками Про­грам­мы могут быть: ...студенты из числа иностран­ных граж­дан, по­лу­чающие образова­ние по очной форме в профессиональных об­разовательных организациях, организациях высшего образо­вания Курганской об­ласти» делінген. Көшіп келгендерге жасалатын әлеуметтік қолдаулары да көп, соның ішін­де баспанамен қамтамасыз ету, салықтан жеңілдік беру, денсаулық сақтау мәселесінде көмек көрсету, т.т. бар. Ал келгендер үш жылға толмайтын мерзімде қайта көшіп кетсе, мем­лекеттің бар­лық шығынын, соның ішінде қатысушы ретінде өзіне берілген 20 мың, әрбір отбасы мүшелеріне берілген 10 мың рубльді және тұрғын үй­ге қатысты шығындарды қай­тарады. Бұл енді көшіп кел­гендерді тұрақтандырудың ық­пал­ды тетігі екені көрініп тұр.

Осындай жағдайда Ресей­мен іргелес қоныстанған Қазақ­стан­­ның облыстарындағы халық­тардың көрші елге көшіп кетуінің көбеюіне таңғалуға болмайды. Қазір 2020 жылға дейін арналған бұл бағ­дарлама белсенділікпен жүр­гізі­ліп жатыр. Осындай жағ­дайда азаматтарымыздың көшін тоқтату үшін қандай шара­лар қарастырған жөн? Еліміз­дің шекаралық айма­ғының жа­лаңаштануына қалай жол бермеуге болады? Ақылды, жақ­сы оқитын жастарды қалайша өзі­мізде сақтап қаламыз? Міне, осы және басқа сұрақтарды біз басшы қызметкерлерге және басқа да білік­ті азаматтарға қойған едік.

 

Үкімет арнайы бағдарламамен шешуі керек

Жақсы тұрмыстың ең бас­ты талабы – жақсы табыс. От­басындағы жұмыс істейтін жан­дардың табысы мол болса, әр­бір отбасы мүшесіне шаққанда кіріс артатын болады. Оны біз Ре­сейдің көршілес облыстарынан салыстырмалы түрде кем қылмауымыз керек. Ал облыстағы орташа еңбекақы республикадағы ең төменгілердің бірі екенін жо­ғарыда айттық. Жеке адамның басына жұмса­латын шығын да бізде бәрінен жоғары. Егер оңтүстіктегі ағайын­дар қысқы киімді үне­мі қолданбайтындықтан жиі ауыс­­­тырмайтын болса, сол­түс­тік­­тегілер алты ай қыс үстінен тас­тамастан киюге мәжбүр болып, оны жиі ауыстырады. Ал қысқы киімнің бағасы жазғы киімнен екі-үш есе қымбат болатынын да естен шығармайық және оның жылысын, қымбатын алуға да мәжбүрсің. Терістіктердің жылуға кететін шы­­ғыны да артық екенін естен шығармайық. Ауыл тұрғындары қыстық отын, көмір үшін кем дегенде бір-екі малының құнын төлейді. Ал орталық жылу қазандықтарына ақша төлейтін қалалықтар 7-8 ай бойы қалтасын ойып төлеуге мәжбүр.

Кеңес Одағы кезеңінде де ха­лыққа артық ақша төлемейтін, тек төлемеуге мүмкін еместігіне көздері жеткенде ғана артық шы­ғынға баратын. Сондағы үнем­шіл экономистердің өзі сол­түс­тік тұрғындарына қосымша шы­ғын­дарын өтеу керектігіне көздерін жеткізген еді. Енді ел Үкіметі де осы­ған назар аударып, Солтүстік тұрғындарының ең­бек­ақысына 15-20 пайыз­ қосымша ақы төлейтін кез жетті. Бұл халықтың жан басына шаққандағы табысын арттырып, тұрғындардың жаппай кө­шуіне де ілкімді тоқтау салар еді.

Екіншіден, үздік оқитын жас­тарымыздың шетелге кетуін азайту үшін ЖОО гранттар санын арттыруы керек. Сонымен бірге мамандық алған соң олардың жұмысқа орналасуына кепілдік берген жөн. Мамандық түрлерін де арттырып, еліміздегі басты ЖОО-лардың филиалдары ашылса да жастардың шетке кетуі азайған болар еді.

150 миллионға жуық халқы бар Ресейде әрбір екінші бала­ға «Материнский капитал» бағдар­ламасы бойынша депозит салынады. Сол арқылы олар туу қарқынын үдетті. Мұндағы қаражат тіпті үй алуға да жұмсалады. 18 миллион ғана халқы бар бізде неге соны істемеске, тіпті екінші емес, үшінші балаға ақша салса да туу­ды ынталандыра түсер еді және оны алу үшін ата-анасы да, бала да азаматтықтан шықпас еді ғой. Ал атаулы әлеуметтік көмектің қау­қары мұндай әсерге жетпейді.

Солтүстікте көптен бері айты­лып келе жатса да шешімін таппай тұрған бір мәселе – көгілдір отынның жеткізілуі. Нұр-Сұлтанға газ 2019 жылдың аяғында жет­кі­зі­ліп, 2020 жылдан бастап тұр­­­ғын үйлер көгілдір отынмен­ жылы­тылатындығы туралы Энер­­­­ге­ти­ка министрлігі жариялады.­ Ал оның Солтүстікке қашан же­тетіні белгісіз, мұндағы мамандар Ресейдің көршілес облыстарынан тартылған газдың орнына көршімізге Ақтөбеден беріп тұрса ғой деп армандайды. Сонда Солтүстікке газ тезірек келмек. Ал газ келсе, тұрғын үй шығыны азайып, өмір сапасы арта түсер еді.

Міне, осы және басқа да мә­се­ле­лерді қамтып, Үкімет ар­найы бағдарлама қабылдаса, тұр­ғын­дардың ауа көшуін азайтып, жаңа келгендердің тұрақтануына жағ­дай жасаған болар еді.

Үкімет бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспар жасап, қомақты қаражат бөлді. Облыс әкімінің Қауіпсіздік Кеңесінің алдына қой­ған мәселесінің нәтижесінде қол жеткізілген бұл жоспар да бүгінде бірталай қордаланған мә­селелерді шешуде. Оның алғаш­қы қорытындылары жөнінде кеңі­рек жазатын боламыз. Ал ең басты мәселе – халықтың көшіп кету үдерісін тоқтату. Үкімет осыған жіті назар аударуы керек сияқты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы