• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Қазан, 2019

Сахнаға «Алтын шуақ» ақтарылды

414 рет
көрсетілді

Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қай­раткері, жазушы Әбіш Кекіл­байдың алғашқы тыр­нақалды туындысы, яғни өлең кітабы осылай аталғаны белгілі.

Бүгінде Маңғыстауда жерлес жазушының 80 жылдығына қызу дайындық жүргізумен бірге, облыстық деңгейдегі сан-түрлі шаралар – байқаулар мен кештер жиі өтуде. Соның бірі – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының «Елімізге танымал, өңіріміздің, ұлы есімдерін мақтан тұтамыз» жобасы бойынша облыстық мәдениет, тілдерді дамыту жә­не архив ісі басқармасы және об­лыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен ауыл өнерпаздары арасында өт­кізілген «Алтын шуақ» байқауы.

Көркемөнерпаздардың ше­бер­ліктерін шыңдау, мүм­кін­діктерін көрерменге көрсету, дра­малық жанрдың репертуарлық базасын нығайтып, оның дамуына ықпал ету, қойылымдардың көркемдік идеялық деңгейін арттыру және Әбіш шығармаларын на­­сихаттау мақсатындағы ша­­раға Маңғыстаудың аудан-қала­ларынан он драма ұжы­­мы қатысты. Олардың арасында Маң­ғыстаудың аты озып, өз­дерін үлгілі жағынан көрсетіп жүр­ген Жаңаөзен қаласы «Алтын ша­ңырақ» халықтық театры, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе халықтық драма ұжымы, Қарақия ауданы Сенек «Көз әйнек» драма ұжымы, Қарақия ауданы Мұнайшы «Қара шаңырақ» драма ұжымы, Бейнеу ауданы Ақжігіт халық театры, Маңғыстау ауда­нының Жыңғылды халықтық драма ұжымы, Онды халықтық драма ұжымы, Жармыш халық театры, Ұштаған драма ұжымы, Түпқараған аудандық драма ұжымы бар.

Байқауда Әбіш Кекілбай шығармаларын сахналауға деген ауыл өнерпаздарының талпынысы қуантты. Олар әрбір шығарамны жете оқып, оның астарына үңіліп, сахна төрінде бейнелеуге барынша дайындалып, шығармадағы әр кейіпкердің образын ашуға ұмтылды. Жа­зу­шы қаламының қуаты сахна­да әр­тістердің шеберлігімен ұш­­та­сып шынайылықпен өрбіп жатты.

Байқау қорытындысында «Ең бақытты күн» повесі желісіндегі екі актілі қойылыммен Маң­ғыстау ауданы Жыңғылды ха­лықтық драма ұжымы 1 орынды, Жаңаөзен қаласы «Мұнайшы» мәдениет үйінің халықтық «Ал­тын шаңырақ» драма ұжымы « Бір шөкім бұлт» хикаясының желісі бойынша қойылымымен 2-орынды иеленсе, 3-орынды «Шыңырау» повесін сахналған Мұнайлы ауданы Қызылтөбе мәдениет үйінің халықтық драма ұжымы мен «Ең бақытты күн» әңгімесінің желісі бойынша қойылым көрсеткен Қарақия ауданы Сенек ауылының «Көз әйнек» драма ұжымы бөлісті. Ал Бейнеу Ақжігіт халықтық дра­ма ұжымы, Қарақия ауданы Мұнайшы «Қара шаңырақ» драма ұжымы, Маңғыстау ауда­ны Жармыш халық театры, Маңғыстау ауданы Онды халық­тық драма ұжымы, Маңғыстау ауданы Ұштаған халықтық драма ұжымы, Түпқараған аудандық мәдениет үйінің драма ұжымына алғыс берілді. Олар қаламгердің «Құс қанаты», «Бір шөкім бұлт», «Бір шоқ жиде» сынды шы­ғармаларын көрермен назарына ұсынды.

Сондай-ақ байқау аясында «Үздік сценарий», «Үздік сурет­ші», «Үздік әйел адам рөлі», «Үз­­дік ер адам рөлі» «Үз­дік эпи­зод­­тық рөл» және «Үз­дік кос­тюмер», «Үздік режиссер», жүл­делерінің иегерлері анық­талды.

Ауыл көркемөнерпаздары Әбіш шығармаларын оқып, мең­геріп қана қоймай, оны сах­на­лау­дағы шеберліктерімен сүй­сінтті.

Маңғыстау облысы