Біздің халық жылқының еті мен қымызы бойға – қуат, ойға – шуақ беретінін айтып шалқып сөйлеуге құмар. Дастарқан басында еттің пайдасы туралы екі сағат дәріс оқитындар да бар. Жалпы, қазақтың етқұмарлығы туралы әзіл-шыны аралас әңгіме, мақал-мәтел көп қой. Алайда қазір елдің бәрінің бірдей қазы кертіп жеп, саба-саба қымызды сапырып ішуге шамасы жете бермейтіні тағы рас.
Қарапайым халықты айтпағанда, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты саясатының өзінде бір олқылықтар бар деуге болады. Себебі тұрғындардың ет пен ет өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыруға әлеуетіміз жеткіліксіз.
Жалпы, қазақтың етті көп жейтіні туралы әңгіме тек әңгімеде қалған сияқты. Қарап отырсақ, дүние жүзі бойынша етті көп жейтін елдердің тізімінде Люксембург деген «ергежейлі» мемлекет көш бастап тұр. Бұл елдің халқы жылына жан басына шаққанда 125 кило мал етін жейді екен. Одан кейінгі орында АҚШ – 123 кило. Үштікті 122 кило көрсеткішпен Аустралия түйіндейді. Яғни қазақтардың «қасқырдан кейінгі екінші орын алатыны» туралы әзіл әңгіменің шындыққа қатысы аздау. Жаңа Зеландияның төртінші орын алуы заңдылық, мал шаруашылығы жақсы дамыған, жері кең, жайылымы жеткілікті, импортты жолға қойған. Халық саны 5 миллионға жетпейтін елде 40 миллионнан астам қой, 9 миллион бастан асатын сиыр бағылады екен.
Испания, Канада, Израиль, Франция сынды мемлекеттер де біздің алдымызда. Оның үстіне бұл мемлекеттер мал етінен бөлек құс етін, теңіз өнімдерін ең көп тұтынатындардың тізімінде екенін айта кетейік. Қазақстан халқы етшіл елдердің алғашқы ондығына енеді. Статистика комитетінің хабарлауынша, біздің халық жылына жан басына шаққанда орта есеппен 78 кило мал еті мен ет өнімдерін тұтынады. Бұл Люксембург, АҚШ, Жаңа Зеландиядағы көрсеткіштен екі еседей төмен цифр.
Жарықтық Абайдың өзі: «Аш қарын жұбана ма майлы ет жемей, тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей. «Бір тойған – шала байлық» деген қазақ, ет көрінсе қайтеді күйсей бермей» депті. Ет жеуден қазақтар тартынбайды ғой. Мәселе бірінші кезекте оның бағасының қымбаттығына байланысты сияқты. Асханада ең көп тұтынатын және бағасы да қолжетімді саналатын сиыр еті соңғы 1 жылда 15 пайызға қымбаттапты. Былтыр сиыр етінің килосы 1 520 теңгенің төңірегінде болса, биыл 175 теңгеге қымбаттаған. Жылқы еті былтырғы 1800 теңгеден 2 мың теңгеге көтерілген. Қойдың еті де 1450 теңгеден 1680 теңгеге жеткен. Ең аяғы тауықтың сирағы да 1 жылда 18,6 пайыз қымбаттап, 900 теңгеге жетіп қалыпты. Шұжық өнімдері де көтеріле түскен. Біз бұл жерде Статистика комитетінің соңғы деректерін тілге тиек етіп отырмыз.
Баға көтерілген сайын, ет жейтіндер де азая түскен көрінеді. Айталық биылғы жылдың соңғы тоқсанында жан басына шаққанда желінген еттің көлемі 2 пайызға жуық құлдырапты. Ең көп ет жейтіндердің көшін Қарағанды облысы бастаса, одан кейінгі орындарда Алматы мен Атырау облыстары тұр.
Мал шаруашылығы – атакәсібіміз саналғанымен, соңғы 10 жыл бедерінде құрым, жүн өнімдері, ет пен ет өнімдері сынды төрт түлік малдан алынатын өнімді шетелден импорттау күшейіп барады. Басқасын айтпағанда, соңғы 3 жылда шетелден әкелінетін жылқы етінің көлемі де көбейіп келеді.
2018 жылы Украина, Парагвай және Беларусь елдерінен – 12 мың тонна сиыр еті, Аргентина мен Уругвайдан – 17 мың тонна жылқы еті, Ресей мен АҚШ-тан 132 мың тонна тауық еті тасылыпты. Ресей мен Моңғолиядан 8 мың тоннаға жуық қой етін сатып алдық. Сөреде самсап тұрған шұжық пен ет өнімдерінің 30 мың тоннасы Ресей мен Беларусьтен келеді.
Кезінде Қазақстанның Кеңес құрамындағы одақтас республикаларға астықпен қоса ет экспорттағаны белгілі. Қойдың саны 36 миллионнан асқан кезең мен қазіргі көрсеткіштің арасы жер мен көктей. Қазір Қазақстандағы қой-ешкінің жалпы саны 20 миллионға жетпейді. 8 миллион 200 мың сиыр бар. Еті ерекше бағаланатын жылқының саны 3 миллионға да жетпейді. Мал басы көбеймей тұрып, елді етке қалай қарық қылмақпыз?! Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылға жетпейтін уақытта 18 министр ауысып, неше түрлі аграрлық бағдарламалар қабылданған саланың әлеуеті елді өзіміздің етпен қамтуға жетпей тұр.
Қазақ елі агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы болашақта Еуразия құрлығының азық-түлік себетіне айналуды жоспарлап отыр. Алайда ет экспорты емес, импорты ұлғайып бара жатқанын ескерсек, бұл межені бағындыру әзір мүмкін емес сияқты.