• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Қазан, 2019

Жерін таныған елін де таниды

252 рет
көрсетілді

Бурабай баурайындағы «Звездный» балалар сауықтыру орталығында «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында туристік-экспедициялық жасақтардың республикалық слеті болып өтті.

Екінші Швейцария саналатын Бурабай курортты аймағының табиғаты адам баласын ежелден өзіне баурап алатынын бел­гілі жайт. Сондықтан болар, осы өңірде табиғатқа байланыс­ты көптеген үлкенді-кішілі іс-шаралар ұйымдастырылып тұ­рады. Соның бірі – жоғарыда атал­ған туристік-экспедициялық жасақтардың республикалық слеті.

Қайталанбас көркем табиғаты ертегідей еліктірер Бурабай баурайына ел тарихына сусаулы, білмекке құмар жалынды жастар көптеп жиналды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, өзге де қалалардан құрамында 160-қа жуық 17 команда білім тара­зысына біліктерін салып, өз бой­ларындағы таным көкжиегін кеңейте түсті. Жастар туристік дағдыларды меңгеруге, туған жер тарихы, мәдени және рухани мұраны қадірлей білуге, саламатты өмір салтын ұстануға баулынды. Сөз арасында туристік слет балалардың туризм бағытындағы қабілет-қарымын ұштауға ға­на емес, кейбір кезде ойда жоқ­та ора­ла кетер қысылтаяң шақ­тар­дан қалай шығу керектігін де үй­ренді.

Алаштың жақсысы мен жай­саңының ізі қалған Бурабай өлкесіндегі қасиеті, құты мол табиғат аясында шатырла­рын тігіп, әрқилы сайыстар ұйым­дастырды. Командалық кон­курс­тың беташар кезеңі тақырыпты ашу тереңдігі, орындау сапасы, үйлесімділігі, сөз сөйлей білу мәдениеті бойынша бағаланды. Өлкетану блогы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде «Туған өлке соқпақтары» аталымы бойынша зерттеу жұмыстарының жобалары ұсынылды. Балалар экспедицияның қорытындылары бойынша өздерінің ойларына түйгендерін орнықты, оралымды тілмен баяндап, бағыт картасын, өлкетану объектілерін, олар­дың мән-маңызын, бағыттың ерек­шеліктерін көрсетті.

Тәжіри­белік бөлім Абылай хан алаңында өтті. Қатысушылар жер жәннаты – Бурабайдың тамылжыған тылсым табиғаты, бұл аймақтағы киелі орындар, ел аузында сақталған маңызды аңыздарға қатысты берілген тап­сырмалар­ды орындады. Жас тол­қын эко­логиялық экспедиция тура­лы да есеп беріп, өз материалдарын пай­далана отырып, пікір түйіндеді.

Команда мүшелері әртүрлі кедергілерден өтіп, қашықтықты игеру тактикасын таңдады. Ша­тырлы лагерь Қатаркөл айды­нының жағасында орын тепті. Шы­нын айту керек, бұл өлкенің күзі салқын, түн де денеңді ті­тіркендірердей суық, желді болды. Бірақ табиғаттың бұл сыны жас толқынды жаурата алған жоқ. Соңғы күні Бурабай орман шаруашылығының қыз­мет­­керлерімен біріге «Бірге – та­­за Қа­зақ­стан!» акциясына қа­­тысты. Жастық жалынның жадыраған жиыны Щучье қа­ласындағы мәдениет үйінде қоры­тындыланды. Жалпы­ко­ман­далық есепте Батыс Қазақ­стан облысының өкілдері жеңімпаз деп танылды. Екінші орын ақмо­ла­лықтарға, үшінші орын Павлодар облысына тиді. 

 Ақмола облысы,

Бурабай ауданы