Бразилия астанасында дзюдодан өтіп жатқан Гранд-Слэм турниріне Қазақстанның қос балуаны ғана қатысты. Өкінішке қарай, олардың жолы болмады.
Аса жеңіл салмақта Бауыржан Нарбаев бақ сынады. Өзінің тұсаукесер кездесуінде ол татами қожайыны, жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Ренан Торрестен ұтылды.
66 кило салмақта Сұңғат Жұбатқан сайысқа түсті. Алғашқы айналымда бос болған қандасымыз келесі кезеңде Бразилияның мықтысы, әлемдік рейтингте сегізінші орында тұрған Панамерика біріншілігінің жеңімпазы Даниэл Гаргнинге есе жіберді. Дәп осы балуан осы турнирде топ жарды.
Ал өзге салмақ дәрежелерінде Аллан Кувабара (60 кило, Бразилия), Мұса Могушков (73 кило, Ресей) және Таканори Нагасе (81 кило, Жапония) сынды жігіттер жеңіс тұғырының ең биік сатыларына көтерілсе, әйелдер сайысында Катарина Коста (48 кило, Португалия), Одетте Гюффрида (52 кило, Италия), Некода Смит-Дэвис (57 кило, Ұлыбритания), Кэтлин Куадрос (63кило, Бразилия) және Юри Алвеар (70 кило, Колумбия) алтыннан алқа тағынды. Қалған жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері бүгін белгілі болады.