Сенатта депутаттар Нұржан Нұрсипатов пен Сәрсенбай Еңсегенов АҚШ Конгресі Өкілдер палатасы аппаратының қызметкерлері делегациясымен кездесті. Бұл туралы Парламент палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Америка қарым-қатынастарының ауқымды мәселелері жөнінде пікір алмасты. Н.Нұрсипатовтың айтуынша, АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайту Қазақстанның негізгі сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады.
Депутаттар делегацияны Қазақстанда жүзеге асып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар туралы хабардар етіп, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық және тұрғын үй жөніндегі маңызды мәселелерді шешу, сот-құқықтық жүйені реформалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, аймақтар мен азаматтық қоғамды дамыту, жастарды ілгерілету үшін жағдай жасау, азаматтардың қарыз жүктемесін төмендетуге бағытталған он негізгі басымдықтарының жүзеге асуы барысына егжей-тегжейлі тоқталды.
Сенатор Н.Нұрсипатов парламентаралық қатынастардың қарқынды дамуына ризашылық білдірді және Сенаттың заң шығару қызметі туралы хабардар етті.