Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментімен бірлескен «Ізгілік елшісі» жобасының таныстырылымы өтті.
Айтулы шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы Қайрат Сүнтаев, университет факультеттерінің басшылары, «Ізгілік елшісі» жобасының еріктілері қатысты.
Ректор Такир Балықбаев «Ізгілік елшісі» азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып, жастарды еріктілікке тартуға ықпал ететін жоба екендігін атап өтіп, жоба аясында университет еріктілері көмекке мұқтаж жандарға, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына көмек көрсетуді бастап кетті деді. Соның дәлеліндей, жастарды мейірімділікке, қайырымдылыққа шақыратын жоба аясында 18 отбасына көмек көрсетілген.
Университет студенттерінің осындай ізгі істеріне алғысын білдірген Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев студент жастарға сәттілік тілеп, мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асырылады деген сенімін білдірсе, жобаның үйлестіруші Айнұр Сәбитова алдағы жоспарлары туралы таныстырып, еріктілердің ендігі қадамдары туралы баяндап берді.