Кәсіпқой бокстан IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин жапониялық Рёта Муратамен жұдырықтасуы мүмкін.
Boxingnews24.com сайты таратқан ақпаратқа сенсек, қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер бұл күндері келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Егер қос тарап ортақ мәмілеге келсе, онда жанкүйерлер алдағы уақытта Геннадий Головкин мен Рёта Мурата арасындағы жекпе-жекті тамашалауы мүмкін.
Күн Шығыс елінің өкілі жайында айтар болсақ, ол 1986 жылдың 12 қаңтарында Нара қаласында туды. Бойы – 183 сантиметр. 10 жасқа толған шағында бокспен шұғылданған ол көп ұзамай өз қатарластарының алды болды. Түрлі жас ерекшеліктері бойынша өткен Жапония біріншіліктерінде топ жарып, ұлттық құрама сапына қабылданды. 2005 жылы Хошиминдегі Азия чемпионатында қола медальді мойнына ілсе, 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында күміспен күптелді. Ал 2012 жылы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы атанды.
2013 жылдан бері Рёта Мурата кәсіпқой рингте бақ сынауда. Сол аралықта 17 мәрте шаршы алаңға көтерілген ол 17 кездесу өткізіп, 15 рет жеңіске жетті. 12 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Соңғы екі жекпе-жегін жапон жігіті америкалық Роб Брантқа қарсы өткізіп, 2018 жылдың 20 қазанында ұтылса, 2019 жылдың 12 шілдесінде есе қайтарды. Бұл күндері Мурата WBA нұсқасы бойынша «тұрақты» әлем чемпионы тәжінің иегері.