Ермұрат жаратылысынан қол қусырып қарап отыруды суқаны сүймейтін қағылез жан. Қарайған пенде көрсе ұдайы өбектеп, именшектеп, иіліп тұрады. Қырықтың белортасынан асқан ғұмырында ол сүйекке біткен бұл мінезінен бірде алға озып, бірде жарға жығылып, икеміне көне бермейтін итжығыс тірлікке бой ұсынып келеді. Бірақ Ермұраттың бұл мінезі есейе келе ел-жұртпен тонның ішкі бауындай етене араласуына жарап-ақ тұр.
Тоқсаныншы жылдары өзі құрыптас ауыл балалары тапқан-таянғанына қытайдың спирті мен құдық суының қосындысынан шыққан сасыған арақ ішіп, түн баласы көше кезіп, бір-бірінің қабағын жарып, мұрынын бұзып, сандалбай тірлік кешіп жүргенде Ермұрат жылыстап қалаға жетіп алды. Базар жағалап, тәшкі итеріп жүріп біршама тиын-тебеннің басын құрады. Соңында сауда-саттыққа айналды. Алматының көтерме сауда базарынан ала дорбамен Таразға итшілеп сағыз, темекі тасыған кезі әлі есінде. Сол сағыз бен темекіден тірнектеп құралған тиыны бүгінде қоралы қой, табынды сиыр, үйірлі жылқыға айналды. Алды-артын танып, мал екеш мал да баққанға бітетінін білетін ол өз ғұмырына жететін дәулетінің құралғанын әуелі Құдайдың несібесі десе, қалғанын өзінің сарамжалдығы мен сараңдығының арқасы екенін іші сезеді.
Ел етек-жеңін жинап, мал ұстағанның ырысы арта бастаған бертінде базарды біржолата қойып, ауылға оралды. Ата-кәсіпке құныға кірісіп, аудан басшыларының алды-артына шығып, сылап-сипап жүріп біраз жайылымдық жерді жекешелеп алды. Ол жердегі біраз уақ малы мен Қамбар ата түлігінің түгі жаңарып, қора-қопсысы біраз кеңейіп қалды.
Дүние-ай десеңші, Ермұрат астындағы сүліктей қара джиппен өзіне меншікті жайлауды аралаған кезде сүйексіңді жалтақ мінезінен тез арылып, жоны күжірейіп, өзін адам мен аң-құсқа билігін қатар жүргізген Сүлеймен патшадай сезініп қалушы еді. Жайылған малды, жалбақтаған малшыны, жайыла аққан маңайдағы өзенді көргенде төменшік мінезі төбеге өрлеп, маңғазданып, паңдана қалады. Бір жолы қасына қойшы Керімбекті ертіп, шабындықтың жай-күйін қарап, мал түгендеп жүргенде жазық далада домбыраның төңкерілген шанағындай жеке дара тұрған төбенің жанынан өткені бар. Бұған бұрын-соңды көз салмағанына таңғалды. Керімбек қожайынына жаққысы келді ме, жол бойы жағы талмай төбенің тарихы жайлы ескі көздерден естігенін тәптіштеуге көшті.
– Бұл төбе баяғы заманда хан кеңес өткізетін киелі орын болыпты. Бұрын бұдан әлдеқайда биік болған деседі, – деп бастады әңгімесін Керімбек.
Ермұратты ертегі сарындас ұзақ-сонар әңгіме жалықтыра бастаса да басқа ермек табылмағандықтан лажсыз тыңдап отыр.
Әңгіменің бас-аяғы былай өріледі. Қарауыл төбені хан арнайы тұрғыздырып, ұшар басына орнатылған алтын сүргімен сүргілеген тағында отырып, қол астындағы халықпен мәслихат өткізеді екен. Ел ішін ала тайдай бүлдірген қылмыскер мен ұры-қарыға сол жерде үкім кесіліп, жазалылар төбенің қақ ортасынан қазылған зынданға тасталыпты-мыс. Кейіннен жаугершілік заманда хан өзінің барша қазынасын осы төбенің астына тықтырған деседі. Аласапыран кезеңде хан жау қолынан қаза тауып, ел-жұрты патшасын арулап осы биікке қойыпты-мыс.
Қазына жайлы естігенде Ермұрат елең ете қалды.
– Сонда бұл төбенің астында алтын бар ма?
Ермұраттың төтеннен қойған сұрағына қойшы бейшара қапелімде не жауап берерін білмей дағдарып қалды.
– Қазып көрсе шығатын шығар, – деді күмілжіп. Қойшының екіұшты жауабына онша қанағаттана қоймады.
Алтын көмбе туралы әңгіме кешкісін үйіне келгенде де ойынан шықпай қойды. Тәтті елеске ерік берді. Бір сәт өзінің құрттаған малдың шаруасымен әбігер боп жүрген пәкене тірлігінен жеріп кетті. Қайткенде де қазынаны тауып, аста-төк байлыққа қарық болсам деп армандады. Қиялы одан әрі шарықтап, Лондонның ең қымбат ауданынан вилла сатып алғаны, Париждің көшесінде «Bugatti» көлігімен серуендеп жүргені көз алдына келді. Түні бойы дөңбекшіп, дұрыстап ұйықтай алмады. Ертеңінде таң бозында ерте тұрып, ауылдың шетінде тұратын ішкіш Темірханның үйіне тартты.
Көшенің ең шетіндегі айналасына шеңгел өсіп кеткен қоржын тамының тепкішегінде Темірхан таң азаннан темекі тартып отыр екен. Әншейінде араққа ақша сұрамасын деп ұсынған қолын ала қоймай, бұрыла қашатын Ермұраттың құлқын сәріде үйіне өз аяғымен келіп тұрғанына таңғала қарады.
– Ассалаумағалейкум, Темаға, өзіңізде бір шаруам бар еді, – деді ол өзінің жас кезіндегі биязы қалпына қайта еніп. Жанындағы тасқа отыра кетіп жайлауындағы жалғыз төбенің мән-жайын бүкпесіз айтып шықты. Сол төбені жан баласына білдірмей екеуміз қазып көрсек деген бұйымтайын бипаздап жеткізді. Егер құнды заттар табылып, елеулі пұлға айналдырса ауылдың басынан еңселі бір үй салып беретінін және астына машина мінгізетінін айтып емексітті.
Ермұраттың Темірханды іздеуінің мәні бар. Жұрттың айтуынша ол ертеректе археологиямен кәсіби айналысқан кәнігі маман. Алматыда арнайы оқуын тәмамдаған. Бірақ айдалада жер қазудан жалыққан кезде жастықтың буымен анда-санда ащы сумен көңілін демдеп жүріп, әзәзілді бойына әбден сіңіріп алғанын байқамай қалған. Содан қаңғалақтап жүріп осы ауылда қалып қойған. Бүгінде ауылдастары Темірханның бұл ауылға қашан, қандай жағдаймен келгенін есіне де алмайды. Әнебір жылдары бес баламен жесір қалған Күлбиғашқа үйленіп, ауылдың сиырын бағып, ел қатарлы өмір сүре бастаған. Кейіннен жаман әдетіне қайта басып, іздеп жүріп ішуге көшкенде Күлбиғаш артынан бір теуіп қуып шықты. Енді міне, қожайындары бұрынырақта қалаға көшіп кетіп, ауылдың шетінде қараусыз қалған осы үйді паналап жүргеніне біраз жылдың жүзі болды.
Темірхан Ермұраттың қойшыдан естігендерін төкпе жырдай термелеп отырған төбені іштей біліп отыр. Көз алдына осыдан бірнеше жыл бұрын сол төбеге қатысты болған оқиғалар тізбегі зырғып өткендей болды. Әңгіме тізгінін өз қолына алу үшін түсіндім дегендей қолын бір сілтеді.
– Білемін ол төбені. Тарихшылар VIII ғасырда мекен еткен түрік-соғдылардың ежелгі қаласының орны екенін анықтаған. Төбе сол қаланың цитаделі болған. Бірнеше құнды артефактілер табылған деседі.
Темірхан айтуын айтса да артефактіге қатысты сөзінің аяғын жұтып қойды.
– Ал қазынаның бары рас па?
– Қойшының естіген әңгімесінің жаны бар. Төбеде ерте дәуірде осы аймаққа билік құрған өте бір әулие кісінің сүйегі жатыр. Ел аузындағы аңыздарда сол жердегі қазынаның иесі деп саналады. Сондықтан археологтар ырымдап ол жерге көп жолай қоймайды.
Ермұратты бұрын-соңды естіп-білмеген терминдермен сабақталған тарихи деректер онша қызықтыра қоймады. «Қойшының сандырағын қайталап, бұл да оттай берді ғой» деп ойлады ішінен. Көкейін тесіп бара жатқан қазынаға тезірек жетсем деп тыпыршып отыр. Бірақ Темірхан асығар емес. Өзіне жақын саланың ой-қырын сары қымызды сапырғандай баппен баяндауда. Жай-жапсарды дестелеп жеткізсе де әңгіме соңында ол жерді қазуға тіптен құлқы жоқ екенін ашық айтты.
* * *
Оқиға былай болған еді. Тоқсан бесінші жылы Темірхан Алматы маңындағы көне қорымдарды зерттеу жобасы бойынша шыққан топпен бірге қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан. Бір күні шаңқай түсте шатырларының жанына қара мерседес машинасы келіп тоқтады. Көліктен мығым келген үш жігіт түсіп, бұрыннан таныс адамдардай жайдары амандасып, жұмыстың жай-жапсарын сұрастырды. Үлкендеуі сөз бастады.
– Біз сізді жақсы білеміз. Сіз Темірхан Орынқұлов деген археологсыз ғой. Біз Алматыда антиквариат саудасымен айналысатын кәсіпкерлерміз,– деп таныстырды өздерін.
Темірханның іші қылп ете қалды. Таяуда қорымды қазу кезінде табылған әйелдердің көне әшекейлерін жанындағы жолдастарынан жасырып қалып, қаладағы таныстары арқылы өткізіп, азын-аулақ ақша тапқаны бар. Дәу де болса солардың жол сілтеуімен келіп тұрғанын аңғарды. Мүмкін кәсіпкер атын жамылып қолға түсіруге келген прокуратура қызметкерлері шығар деген де ой келді. Сұрақтары күмәнділеу көрінгендіктен сұрақты төтесінен қойды.
– Иә, маған қандай шаруамен келіп тұрсыздар?
– Біздің сізге бір ұсынысымыз бар. Атын айтпай-ақ қояйық, сіздің бір әріптесіңіз Тараз маңындағы ежелгі қала орындарын қазғанда біраз бағалы алтын заттар, көне монеталар тапқан екен. Жасырмай-ақ қояйық, оны біз «қара базар» арқылы жақсы ақшаға шетелге өткіздік. Археолог ағамыз ақысына мынадай бір мерседес мінді.
– Оның маған қандай қатысы бар?
– Сіз кәсіби археологсыз және анда-санда «қара археологиямен» де айналысатыныңызды жақсы білеміз. Бізге сол төңіректі құпия түрде тағы да қазып көру керек боп тұр. Білетін адамдар біз өткізген алтын монеталардың әлі біразы табылуы керек деп отыр.
– Қалған монеталарды сол таныстарыңыз арқылы аршып ала бермейсіздер ме?
– Өзіміз де солай ойлағанбыз. Бірақ ол кісі үш айға Францияға тағылымдамадан өтуге кеткен екен. Біз күте алмаймыз, уақыт тапшы, ар жағында қыс келе жатыр дегендей.
Темірхан әріптес туралы әңгіменің бәрі өтірік екенін сезіп тұр. Қара археологиямен айналысатындар өздерінің сенімді адамынан ешқашан айырылмайды. Бұлардың таңдауы тек өзіне түскенін аңғарды. Бір уақ жылдап жүріп табатын қыруар ақшаны екі-үш күнде уыстап қолына ұстағалы тұрғанын ойлап, алтын күрекке көбесі сөгілген қасат қардай аздап жіби бастады.
– Археологиялық орынды тиісті органдардың рұқсатынсыз қазғанымды білсе ертең мені қудалайды ғой.
– Ол жағынан қам жемеңіз. Бәрі құпия жасалады. Қауіпсіздіктің бәрі қарастырылған және сіздің көлік жүргізбейтініңізді біліп еңбегіңізге бір мерседестің құнын ақшалай төлесек деп отырмыз.
Ол одан кейінгі жағдайды еске түсіргісі келмеді. Мистикаға бергісіз шынжыр қатар шым-шытырық оқиғалар оның өміріне қара дақ түсірген еді. Қазіргі сормаңдай жүрісіне сол түнгі оқиға себеп болды деп долбарлайды.
Темірхан студент кезінде қатарластарының арасында зеректігімен ерекшеленетін. Қолы қалт етсе кітапханадан табылып, шаң басқан сирек қолжазбаларды ақтарып, тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарын үңгіп, өзінше гипотезалар жасауға құмар еді. Біраз уақыт Таластың ежелгі тарихына бой сүңгітті. Талас ғазауатына қатысты ол деректер жадында әлі де сақтаулы. VIII ғасырда ежелден атақонысына айналған Талас аймағын мекендейтін түрік тайпаларының арасында тұтанған алауыздық қытайдың Таң патшалығының билеушілерінің батыс шекараны кеңейтсек деген зымиян жоспарларына дөп келген тұс болатын. Ішкі қырқыстарды едел-жедел пайдаланған қытайлар Жетісу өңірінен Шаш қаласына дейінгі алып аймаққа қол сұға бастады. Исламды жаңа қабылдап жатқан түрік тайпалары ара-тұра Талас, Шу өзендерінің бойында кіші қақтығыстарға барғанымен ғазауат соғысын жариялап, шешуші ашық майданға шығуға әлі де дайын емес еді. Өңмеңдеп өкпе тұсқа жетіп қалған жауға тойтарыс беру үшін қол астындағы халқына имандылығымен, әділдігімен танылған Талас билеушісі Тархан қаған мұсылман арабтардан көмек сұрауына тура келді. Мәуреннаһрдағы ұлы орталықтардың бірін сақтап қалу үшін жүздеген мың әскер жорыққа жиналды. Қытайлардың да әскері осыған жетеғабыл-тын. Талас өзені бойында бес күнге созылған ұлы шайқаста түрік-араб әскері қытайларға жойқын соққы беріп, атамекенді қорғап қалды. Тархан қаған қиян-кескі ұрыста шаһид болған мыңдаған бауырларының иманын өзі үйіріп, көкірегі қарс айырылып, көзіне жас келді. Бір кезде қызылжалқынданып батып бара жатқан күнге шағылысқан Талас өзеніне көз тікті. Күннің реңіне қарай су да қызарып кеткендей. Өзеннің жағасына барып, «бісміллә» деп қолын шаюға алақанына су толтырғанда ғана байқады. Шаһидтердің суша аққан қаны араласқан Таластың суы да қып-қызыл қан түстес болып кеткен екен. Тархан қаған сол сәтте бұл дүниені тәрк етіп, Алла тағала жолында жанын құрбан еткен шаһидтерден жаным артық емес деп, өзі отырған жерден қылует қаздырып, дәм-тұзы таусылғанша жер астында дұға жасап өткен.
Темірхан төбені қазарда ойына оралған осы оқиға денесін тітіркендіріп жіберді. Тарихи картография бойынша қорым көне қаланың орны әрі шайқас өткен жермен тұспа-тұс келіп тұр. Мана күздің қара суығына бойы тоңази бастаған соң рюкзагіндегі жарты шөлмекті қылқылдатып жұтып алған. Металл іздейтін детекторын іске қосып, төңіректі біраз аралап көрді. Бір кезде құралының жарығы жылпылдап, дыбыс бере бастады. Кәсіби сезімталдығы не де болса бір құпия дүниеге тап келгенін аңғарды. Ол бұл орынды үш күндей қазды. Ара-тұра қыш құмыралардың сынығы кездеседі. Қарайып кеткен ұсақ-түйек тиындар табылады. Әзірге аса құнды дәнеңе қолына ілікпеді. Үшінші күнгі жер қазуда бір жартылықты ұрттап жүріп, қас қарайғанын да байқамай қалыпты. Шатырының жанындағы ошаққа от тұтатып, күні бойғы берекесіз қозғалыстан бір сәт тыныстап отырған. Бір мезетте жанындағы төбеден ошақтағы оттың жалқыны тәріздес тағы бір жарық пайда болды. Көзін уқалап, орнынан тұрып анықтап тағы бір қарады. Төбе үстіндегі жарық енді адам бейнесіне еніп, құбылаға қарап намаз оқып отырған ақсақалды көрді. Түс көргендей міз бақпай тұрып қалған екен. Ақсақал намазын оқып болып бетін сипады да, орнынан тік тұрып, Темірханға тесіле қарады. Ашулы жүзбен қолындағы аса таяғын Темірхан жаққа бір нұсқады да, теріс бата жасап, кері бұрылып батыс жаққа аяңдап кетіп бара жатты.
* * *
– Көке, араққа ақша табу үшін көр де қазып жүрсіз ғой. Оның қасында мынау өзіңіздің сүйікті кәсібіңіз ғой. Оның үстіне, басыңызға үй, астыңызға машина мінгізгелі тұрмын.
– Айналайын, бауырым. Егер сен басқа жерді айтсаң ақысыз айлап жатып қазуға да дайынмын. Бірақ шынымды айтамын, ол төбеге енді жоламаймын. Себебін де сұрама.
– Бәрін біліп тұрсаңыз тым болмаса төбенің қай бұрышын қазу керектігін айтыңызшы. Өзім-ақ бітіремін бар шаруаны.
– Айт десең айтайын, бірақ ертең өзің өкініп жүрме. Төбенің құбыла жақ тұсында үлкен қызыл тас жатыр. Сол тастың маңайын бажайлап қарасаң бұрыннан қазылған жердің орны бар. Ол бейіттің орны. Сол бейіттің ақым тұсына келгенде оң жаққа қарай тағы бір метрдей тереңірек қазып көр. Алдында металл детектор сол маңды көрсеткен. Бейіт орнын қазарда мал шалып, қан шығарғаның дұрыс шығар. Ол өзі өте бір әулиелі жер.
– Темаға, әлі де ойланарсыз, мүмкін бірге барармыз?
– Жоқ.
Ермұрат Темірханның үйінен бұлқан-талқан болып шықты. Пышақ кескендей оның үзілді-кесілді жауабы қарадай жынын келтірді. Әуелгі есебі дұрыс шықпағандықтан ба туабітті иілгіштігінен иненің жасуындай да жұрнақ қалмады. Ақыр аяғында Темірханмен жазғытұрымғы найзағайдай шарпысып, аузына келгенін аямай ақтарды. Жол-жөнекей де сыртынан сыбап, «қаңғып келген осындай алқаштар ауылды бұзады» деп жұрттың атынан сөз сөйлеп кеткенін өзі де байқамай қалды.
Сол күні ымырт үйіріле Ермұрат құрал-сайманын машинасына салып жалғыз төбеге барды. Қызыл тас төбенің етек жағында тұр. Фонариктің жарығымен маңайын бағдарлап көрді. Темірхан алдамаған екен. Жас топырақтың шашылған тұсына жақындап барғанда қазылған жердің орны үңірейіп тұр. Шұңқырға түсіп, едел-жедел іске кірісіп, күрегі батқан жердің топырағын сыртқа лақтыра бастады. Бұрын бала кезінде түн баласында түзге шыққанның өзінде елегізіп тұратын. Бұл жолы бойында ондай қорқыныш жоқ. Алтынның буы қорқынышынан басымырақ сияқты сезінді. Белуардан асқанда күрегі қадалған жерден жарқ етіп от шықты. Адамның бас сүйегі екен. Одан әрі есінде жоқ.
Көзін ашса киіз үйдегі төсекте жатқанын аңғарды. Сыртта мал қайырған еркектің айқайлаған даусы естілді. Артынша үйге Керімбек бас сұқты.
– Ә, Ереке амансыз ба? Қорқып кеттік қой.
– Мен бұл үйге қашан келдім?
– Ереке, түнде өткендегі төбенің жанынан атпен өтіп бара жатып, машинаңыздың жарығын көріп, кері бұрылған едім. Төбеге шығып қарасам топырақтың үстінде сіз ес-түссіз жатыр екенсіз. Шошып кетіп кеуде тұсыңызды тыңдап көріп ем, Құдайға шүкір, жүрегіңіз соғып жатыр. Дереу аттың алдына өңгеріп үйге алып келдім. Машинаңызды балалар осы жерге жеткізіп қойды.
– Шынымды айтсам ештеңе есімде жоқ.
– Түнде есіңізді жинадыңыз. Балаларды ауылға дәрігерді алып келуге жіберейін деп едім, қарсы болдыңыз. Содан кейін таңға дейін тізерлеп отырып алып біреуден кешірім сұрадыңыз.
Кешқұрым үйіне қайтты. Түнде түс көріпті. Ақ шапан киген адуынды ақсақал аса таяғымен басынан аямай ұрып жатыр екен. Өңіндегідей өңменінен өтер сөздер айтты. «Аруақ атқыр, неге маза бермейсің. Қаншама шейіттің қаны төгілген жерді тонап болдың ба?».
Сол түн Ермұраттың тағдырын тас-талқан еткендей еді. Ертесіне жын ұрғандай денесі қалшылдап, демігіп, аузынан ақ көбігі бұрқырап, әсте-әсте естен танып қалуды шығарды. Бар жиған-тергенін аямай шашып, мықты деген дәрігерлерге қанша қаралса да сырқатының сырын тап басып ешкім айта алмады. Ең қиыны түнде ұйқыдан қалды. Төсегіне жантайып, көзі іліне берсе түсіне сәлделі ақсақал кіріп, кеңірдекке қол салып, қылқындыруды бастайды. Енді бірде үстіне ақ кебін киіп, күлпаршасы шыққан бас сүйекті жинап отырады.
Аласұрған айлар зымырап өтті. Қураған гүлдей құр сүлдері қалған Ермұрат көзін ашқанда аурухана төсегінде таңулы жатыр екен. Жанында жүрген ақ халатты еңгезердей жігіттердің әлпетінен есі ауысқандар жататын палата екенін долбарлады. Тыныштандыру үшін алдында ғана күретамырына салған дәрінің күшінен тағы көзі ілініп кетіпті. Түс көріпті. Баяғы именшектей беретін жасықтау балалық шағы екен. Қабағы қатулы марқұм әкесінің жекіре сөйлеген сөздері еміс-еміс құлағына келді. «Аруақты шошытып нең бар еді? Сенің мал-жаныңның иесі, дәулетіңнің берекесі сол төбеде жатыр еді ғой. Не істедің, балам? Ендігі тағдырың не болады?».
Ермұрат төсекке таңулы жатқанын ұмытып, орнынан атып тұрып, кеш те болса айғайлап кешірім сұрағысы келді. Әттең, әл-дәрмені жетпеді.
Қуат БОРАШ