• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Қазан, 2019

Ақтауда Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы өтті

1064 рет
көрсетілді

Ақтауда Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың ашылу салтанаты болып өтті.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары  Бердібек Сапарбаев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов және еліміздің әр түпкірінен келген ел ағалары, Әбіш ағаның замандастары, үзеңгі-әріптестері, қабырғалы қаламгерлер мен өнер тарландары, ғалымдар, жұртшылық өкілдері қатысты.

Мерекелік шараның бастауында айтыскер ақын Мэлс Қосымбай Ә.Кекілбаевқа арналған «Арнаумен» жыр дариясын селдетті.

Шарада сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Маңғыстау жұртшылығын аталған мерейтоймен құттықтауын жеткізді.

-Ең бастысы «Басымызға қонған бақыт құсы – тәуелсіздігімізден айрылып қалмауымыз керек» деп менің бағытымды қолдап, халықты сабырлы да, саналы болуға шақырғаны барша қазақстандықтардың есінде. Жоғары кеңестің төрағасы, мемлекеттік  хатшы сияқты биік лауазымды қызметтерді атқарған ол өзіне артылған зор сенімді абыроймен ақтай білді. Парламент сенатының депутаты болған тұста да қоғам тынысын тап басып, тұтас елдің ойындағы сөзін сөйледі. Асыл азаматтың мерейтойын бүгінде туған елі лайықты атап өтуде. Алматы қаласындағы бір көшеге Әбіш Кекілбаевтың аты берілді. Киелі Маңғыыстауда еңселі ескерткіш бой көтеріп, мәдени орталықтың тұсауы кесіліп отыр. Данышпан Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген сөзі бар. Ел жұртына сіңірген елеулі еңбегі мен тарих төрінен орын алған Әбіш Кекілбаевтың ғибратты ғұмыры халқымыздың жадында әрдайым сақталады деп сенемін. Мерейтой құтты болсын, ағайын!» – делінген құттықтау хатта.

Салтанатты кештің ашылуында аймақ басшысы Тұрымов Серікбай Өтелгенұлы мерекеге орай алыстан келген мәртебелі  меймандарға ризашылығын білдіре отырып, Әбіштей заңғар жазушының 80 жылдық мерейтойын атап өтудің бүкіл Қазақ елі үшін, халқымыздың өткені мен бүгінін саралап,жарқын келешегіне бастайтын маңызы зор, ауқымды, іргелі іс болып табылатынына тоқталды. Халық жазушысының мол әдеби  мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың рухани байлығын арттыру қажеттілігін тілге тиек етті.

Мәдени кешенде Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған  мұражай және кітапхана, фото көрмелері  ұйымдастырылды.

Жиында жазушы Төлен Әбдікұлы және ақын Есенғали Раушанов кеш қонақтарына құттықтау сөз арнады.

Мерекелік кеш Айгүл Үлкенбаева, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры актерлері, Айгүл Қосановалардың орындауындағы «Маңғыстау» поэтикалық қойылымының сахналануымен жалғасты.

Кеш  қонақтарының алдында Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры актерлері, Гүлсина Мирғалиеваның  театр мектебі, Халықтық ұжым «Жорға» би ансамблі Ә.Кекілбайұлы шығармалары мен сұхбаттарының негізінде театрландырылған «Аманат арқалаған Абыз» атты прологты сахналады.

Салтанатты жиынның соңы  Тамара Асар, Халықтық ұжым «Жорға» би ансамблінің орындауындағы  «Әбіш Әлемі» қойылымына ұласты.