Өткен бейсенбі күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Кипр футболшыларын қабылдап, есе жіберді. Өз жанкүйерлерінің алдында ойнаған отандық футболшылар 1:2 есебімен жеңіліп, масқара болды.
Келесі жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі басталғанда жерлестеріміз алғашқы кездесуінде ФИФА рейтингінде ТОП-50 құраманың қатарында тұрған Шотландияны 3:0 есебімен жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Кейінгі кездесулерінде Бельгия және Ресей құрамаларына ірі есеппен есе жіберсе де, жанкүйерлердің бұл жеңіске қабырғасы қайыса қойған жоқ. Өйткені біріншісі әлемдік рейтингте көш бастап тұрған құрама болса, екіншісі былтыр ғана өз жерлерінде футболдан әлем чемпионатын ұйымдастырып, жартылай финалға дейін жеткен болатын. Сондай-ақ екі құрама да әу баста біздің топтың негізгі фавориттері еді. 6-турдан кейін аталған екі құраманың Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шыққаны белгілі болды.
Қазақстандық футбол жанкүйерлері отандастарымыздың бұған дейінгі жеңілістеріне кешіріммен қарап, алдағы ойындардан жеңіс күткен болатын. Алайда құраманың елордадағы «Астана Арена» стадионында Кипрден жеңілгені жанкүйерлердің көңіл күйін түсірді. Оны әлеуметтік желі қолданушыларының жазбаларынан-ақ анық байқауға болады. Сырт алаңда тең ойнап келген құрамамен өз алаңымызда, өз жанкүйерлеріміздің қолдауымен өткен кездесуде жеңіп тұрып, жеңілуі ұят, әрине. Жеңіп тұрған ойында жеңіліске ұшырау, кім-кімге болса да оңай емес.
Матчтың алғашқы минутында-ақ басымдыққа ие болған отандастарымыз қарсылас команданың қақпа маңайында бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірінші таймның өзінде Исламбек Қуаттың гол соғатын 100 пайыздық екі бірдей мүмкіндігі болды. Алайда екеуінде де допты қақпаға енгізе алмады. Сондай-ақ шабуылшы Тоқтар Жанғылышбай да өз мүмкіндігін тиімді пайдалана алған жоқ. Осылайша жерлестеріміз гол соғатын үш бірдей мүмкіндікті жүзеге асыра алмады. Абырой болғанда 34-минутта қорғаушы Темірлан Ерланов есеп ашып, жанкүйер көңілін шат-шадыман қылды. Екінші таймның алғашқы 25-минутын шабуылмен өткізген футболшыларымыз 11-минуттың ішінде екі гол өткізіп алды. Жеңіп тұрған матчта жеңіле салу қазақ жанкүйерлеріне ауыр тиді. Әлбетте, команданың жеңілісіне бірінші кезекте чех маманы Михал Билек жауап беретіні анық. Алайда матчтан кейін отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Исламбек Қуат бұл кездесудегі бар жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтқан.
Клубтық деңгейдегі Еуродода ойындарында Кипрдің АПОЭЛ командасы Қазақстанға үш рет келді. Үшеуінде де елорданың «Астана» командасымен кездескен АПОЭЛ футболшылары барлық матчта жеңіліп, өз үйлеріне ұпайсыз оралған болатын. Ал Кипр құрамасы елімізге алғаш рет келсе де үш ұпайды оп-оңай иеленіп, елдеріне жеңіспен оралды.
Осымен Қазақстан – Кипр құрамалары төртінші рет жасыл алаңда жолықты. Үш кездесуде Кипр футболшылары басым түссе, бір ойын тең есеппен аяқталған. Ең алғаш екі команданың жолы 2004 жылғы халықаралық турнирде түйісіп, Кипрде өткен бәсекеде алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жеткен. Араға 13 жыл салып екі құрама 2017 жылы жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойында да Кипр құрамасы 3:1 нәтижесімен басым түскен-ді. Ал осыдан тура бір ай бұрын екі құрама Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде қайта жолығып, отандастарымыз алғаш рет қарсылас командамен тең ойнаған-ды. Міне, күні кеше үшінші рет Кипр құрамасына жол бердік.
Бұл жеңілістен соң Қазақстан құрамасы I тобында 7 ұпаймен 4-орынға түсіп қалса, Кипр футболшылары 10 ұпаймен 3-орынға көтеріліп алды.