Кезінде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған 56 жастағы неміс маманы Бернд Шторк енді Бельгияның жоғары лигасында өнер көрсететін «Серкль Брюгге» клубын жаттықтырады.
Германияның Херне қаласында дүниеге келген Бернд Шторк сексенінші жылдары «Бохум» және Дортмундтың «Боруссия» клубтарында ойнады. Амплуасы – қорғаушы. Кейіннен өз еліндегі бірқатар клубтарда бас бапкердің көмекшісі болды. 2008-2011 жылдар аралығында Қазақстанда қызмет етіп, «Алматы» мен «Цесна» клубтарын, Қазақстанның жастар (U-19, U-21) және ұлттық құрама командаларын жаттықтырды.
2015-2017 жылдары Венгрияның бас командасының тізгінін ұстады. Бұл ретте Шторктың бағы жанды. Айтулы маманның жетекшілігімен Мажарстанның футболшылары 44 жылға созылған үзілістен кейін Еуропа чемпионатының жолдамасына иелік етті. Былтыр ол «Мускрон-Перювельз» клубын баптады. Міне, енді Бернд Шторк «Серкль Брюггенің» бас бапкері болып тағайындалды.