Биыл Петропавлда 13 аялдама талқандалған. Бұзақыларға әсемдеп қойған дүниелер ата жауындай көрінетін болса керек, қиратылған павильондардың бәрі де шыныланған, халыққа қолайлы болсын деп әсемделген нысандар. Ал бұзақылар қаңылтырмен қаланған ескі аялдамаларға тимеген, тек жақсыны ғана бүлдіруге тырысқан.
Осы қылық цирктегі бір қасқыр үйретушінің басынан кешкен оқиғаны еске түсірді. Ол өзінің бағдарламасы бойынша екі қасқырды цирк аренасында ұлытып, одан әрі шалқасынан жатқызады екен. Сол кезде аренаға атып шыққан қозы олардың үстінен қарғып өтетін болған. Бұл көрермендерге өзгеше қызық көрініс болып, әбден қол соғады. Бір күні осы бағдарламасын жасап жатқанда үстінен секіре берген қозыны қасқыр арс етіп қауып алады. Бүйірінен қан саулаған қозы аренадан тұра қашады. Сөйтсе, цирк артисінің жаңадан тағайындалған ассистенті сәндік үшін қозының мойнына шар байлап, әсемдеп жіберген екен. Адамдар үшін сән болғанымен бұл тағы үшін қауіп болып көрініпті. Қозыны қауып алғаны сол екен.
Сол сияқты қаланың адамдарға көз қуанышын сыйлап, шыныдан жасатып қойған аялдамалары кейбір адамдарға «қауіп» болып көрінетін секілді.
Шыны аялдаманы қайта-қайта ұрып, күл-талқан қылған 23 жасар есерсоқ жеті түнде ұсталып, бес тәулікке қамалды. Н.Назарбаев көшесіндегі №110 үйдің жанындағы аялдаманы әкесінің құны қалғандай тепкілеп жатқан оны көршілер көріп, полиция шақырған. Қазір оның ісі тергеуден өтіп, сотқа жіберіліп отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434 бабына сәйкес ол «Ұсақ бұзақылық» жасады деп айыпталып, бес АЕК көлемінде айыппұл төлеп әрі келтірген шығынды өтесе босатылады.
Бұрын осы сияқты бұзақылық жасағандардың төртеуі ғана ұсталып, жазаға тартылған екен.
ПЕТРОПАВЛ