Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында I тобының үздігі, ФИФА рейтингінде көш бастап тұрған Бельгия құрамасын қабылдап, 0:2 есебімен есе жіберді.
Екі құрама арасындағы алғашқы кездесу маусым айында Бельгияда өткен болатын. Сол матчта Эден Азар бастаған бельгиялық футболшылар Қазақстан құрамасының қақпасына жауапсыз 3 гол соғып, жеңіске жеткен еді. Арада 4 ай өткенде «Астана Арена» стадионында Бельгия құрамасы өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеді.
Әу баста футбол мамандары бұл матчта Бельгия құрамасы еш қиындықсыз жеңеді деп болжаған-ды. Тіпті «Қызыл сайтандар» біздің қақпаға жауапсыз 4-5 гол соғады деп те сәуегейлік жасағандар бар еді... Қазақстан құрамасы ойынды жақсы бастады деп айтуға болады. Матчтың алғашқы 20 минутын отандастарымыз қорғаныста да, шабуылда да сәтті өткізді. Ойындағы алғашқы қауіпті шабуылды да біздің жігіттер ұйымдастырып, гол соғатын тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады. 8-минутта Максим Фединнің айып алаңының маңайынан тепкен добы қақпа бағанынан сәл ғана қиыс кетті. Қонақтар да қорғанысқа жатып алды деп айта алмаймыз. Эден Азар, Миши Батшуайи сияқты кіл мықтылар жиналған Бельгия футболшылары да Дмитрий Непогодов қорғаған қақпаны бірнеше рет нысанаға алғанымен, нәтиже шықпады. Десе де, ойынның 21-минутында Батшуайи мергендігімен көзге түсіп, есепті ашты. Отандасы Деннис Праттан пас алған Миши қорғаушы Абзал Бейсебеков пен қақпашы Дмитрий Непогодовты қапы қалдырып, гол соғып кетті. Бірінші таймның соңына дейін бельгиялықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, есепті еселей алмады.
Екінші тайм да Бельгия құрамасының басымдығымен басталды. Қонақтар біздің қақпа маңайында жиі шабуылдағанымен, көбісі сәтсіз аяқталып жатты. Бірақ 53-минутта қонақтардың капитаны Эден Азар оң қанаттан ашылған Тома Меньеге дәл пас асырды. Қорғаушы Дмитрий Шомконы қапы қалдырып, допты өзіне сәтті икемдеп алған Менье Непогодов қақпасына соққы бағыттап, есепті 2:0-ге жеткізді. Кездесу соңына дейін Бельгия құрамасының есепті еселейтін бірнеше мүмкіндігі болды. Дрис Мертенс пен Миши Батшуайидің тепкен доптары бірде қиыс кетсе, бірде Непогодов қырағылық танытты. Жерлестеріміз алғашқы таймдағыдай екінші 45 минутта да бір ғана қауіпті шабуылымен көзге түсті. 79-минутта Бельгия біріншілігінде доп теуіп жүрген Ян Вороговский қақпашымен бірге-бір шығып, гол соға алмады. Бұл жерде Вороговскийге сәттілік пен шеберлік жетіспеді. Осылайша, Бельгия 0:2 есебімен жеңіске жетіп, кезекті үш ұпайын олжалады. Ал Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеуін өз алаңында жеңіспен бастап (Қазақстан – Шотландия – 3:0), жеңіліспен аяқтады. Енді отандастарымыз іріктеу кезеңіндегі соңғы екі ойынын сырт алаңда өткізеді. 16 қарашада Сан-Мариноға қонаққа барса, 20 қарашада Шотландия құрамасымен кездеседі.