Алматыда көпір құрылысшылары жылға жуық жалақы алмағандықтарын айтып ереуілге шықты. Шаһардағы Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы көпір үстіне шығып наразылық білдірген жұмысшылар базыналарына бас қатырмайтын компания басшыларына қапалы. Ереуілдеткен жұмыскерлер тобының суреттері әлеуметтік желілерге жаппай тараған болатын.
Аңдағанымыздай, қоғам назарын өздеріне аударған бұл азаматтар қаладағы Рысқұлов пен Емцов көшелерінің қиылысындағы құрылысы сағызша созылып, бұл күнде тұралап қалған аспалы жолда жұмыс істеген еңбеккерлердің бір тобы ғана. Олардың сапында 8-9 ай бойы еңбегінің өтеуін ала алмай жүргендер бар. Олар «Қанша уақыттан бері уәдеге тойдық, мұндай жағдайға қарын ашып, қадір қашқаннан бардық» деп отыр. Айтуларынша, алып компания оларға осы айдың 11-не дейін жалақылары толық төленетінін уәде еткен. Алайда «әкімдік ақша аудармай жатыр» деген желеумен жалақы жайы тағы да кейінге шегеріліпті. Жағдайға қатысты түсініктеме берген жергілікті билік өкілдері мердігер фирма алдында ешқандай қарызымыз жоқ деген болатын.
– Кімге сенерімізді білмей дал болдық. Бүгін мұнда наразылығымызды білдіріп Алматы маңында тұратын 32 азамат қана келіп отырмыз. Бізге «А. Рязанов атындағы №25 көпір құрылысы жасағы» компаниясы 18,3 млн теңге қарыз. Бізден бөлек басқа өңірлерден келіп жұмыс істеген қаншама құрылысшылар бар. Қолымызда 102 азаматтың тізімі тұр. Компания олардың әрбіріне орта есеппен 1 млн теңгеден берешек. Өзім 1 млн 200 мың теңге көлемінде еңбекақымды ала алмай сенделіп жүрмін. Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Әне-міне, бүгін-ертеңге салып уәде беріп шығарып салады. Қаншама уақыттан бері адал еңбегіміздің ақысын ала алмай әбігерге түстік, – дейді құрылысшы Аслан Жәбрәйілов.
Аслан бұған дейін 5 жыл қатарынан аталған компанияның құрамында жұмыс істегенін, дегенмен бұрындары жалақылары азар болса 1-2 айға ғана кешігетінін, бұл жолы мәселенің сиырқұйымшақтанып кеткеніне қатты алаңдап жүргендіктерін айтады.
Жұмысшылардан түсіністік танытуды өтінген мердігер компанияның басшысы мұндай түйткілдер кез келген мекемеде болатынын, сондықтан қызметкерлерінен жағдайды ушықтырмай ай соңына дейін күтулерін сұрады.
«Бүгінге дейін құр алақан отырған жоқпыз. Көріп отырғандарыңыздай, жұмыс тоқтап қалды. Әкімдіктен екі айға ғана қаражат түсті. Енді техникаларымды сатуға мәжбүрмін. Құрылысшылар сотқа берсе өз жалақыларын өндіріп ала алады. Кішкене сабырлық сұраймын. Ағымдағы айдың 29-30 күндері жалақы төленеді» деді компания директоры Тимур Накусов.
Оқиға орнына жеткен еңбек қауіпсіздігін бақылау бөлімінің басшылығы мен Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасының өкілдері қызметкерлерге еңбек заңнамасының нормалары тұрғысында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жауапты мамандар аталған факті бойынша Алматы облысының еңбек инспекциясы тарапынан жоспардан тыс тексеріс жүргізілгенін, жұмыс беруші тарап әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
«Бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілді. Бүгінде нұсқамалар орындалмаған. Тексеру материалдары ҚР ҚК 152-бабы бойынша шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді», деп хабарлады қала әкімдігі. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, ведомствода олардың тапсырыс берушілер ретінде мердігер ұйымның басшылығымен толық есеп айырысқаны айтылған.
Әзірге өзара келісімге келген тараптар мәмілемен тарқасқандай болды. Десе де сабыры сарқылып, төзімі таусылған құрылысшылар ай соңына дейін кезекті уәде орындалмаса тағы да бас көтеріп, адал еңбегімізді даулап талай табалдырықты тоздырамыз деп отыр. Жұртты әбігерге салған еңбек дауы көп ұзамай оң шешімін табады деген сенімдеміз.
АЛМАТЫ