• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Қазан, 2019

Дзюдо: Алғашқы күні жүлде бұйырмады

333 рет
көрсетілді

Кеше Марокконың Марракеш қаласында дзюдодан жастар арасындағы әлем біріншілігі басталды. Бұл жарыста 88 мемлекеттен келген 558 балуан бақ сынауда.

Жарыстың алғашқы күні төрт салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Өкінішке қарай, сол медальдардың бірде-біреуі жерлестерімзге бұйырмады. 60 кило салмақта белдескен Болат Біләл пен Шерзод Давлатов бастапқы бәсекелердің бірінде ұтылды. Алғашқысы түркіменстандық Хақберді Жұмаевқа жол берсе, екіншісі қырғызстандық Құбанышбек Айбекұлынан айласын асыра алмады.

66 кило салмақтағы Нұрзат Сәлімбаев үшінші кезеңде бразилиялық Вилиян Лимадан жеңілсе, Ермек Амангелдінің жеңіс тұғырына көтерілуіне тамаша мүмкіндігі болды. Алғашқы айналымдарда АҚШ пен Венгрияның өкілдерін ұтқан қандасымыз одан кейінгі бәсекеде жапониялық Такеши Такеокаға есе жіберді. Жұбаныш сайысында Ермек өзбекстандық Дилахадбек Юлдашевтің осал тұсын таба алмады. 

Қыздар арасындағы жарыста Ақмарал Науатбек (48 кило) пен Ақмарал Ерназар (52 кило) алғашқы айналымдардан аса алмаса, Ғалия Тынбаева (48 кило) мен Ақжол Қайыпхан (52 кило) жұбаныш бәсекелерінде сүрінді.

Алдағы күндері Марракештегі жарыстың ұлдар арасындағы бәсекесінде Бақытжан Әбдірахманов (73 кило), Айбол Нысанәлі (81 кило), Бексұлтан Әнуарұлы (90 кил), Бекарыс Сәдуақас (100 кило) және Ілияс Қалидолда (+100 кило) күш сынасса, қыздар сайысында Меруерт Сәрсенова (57 кило), Ақерке Құлаш (63 кило), Кристина Сотникова (63 кило) және Мөлдір Нарынова (70 кг) өнер көрсетеді.