Әбілфайыз Ыдырысов ағамыз өмір бойына журналистікпен, жазушылықпен айналысумен бірге ұзақ жылдар бойына алтын шаңырақ ҚазҰУ-да профессор болып, сабақ беріп, жұртқа танымал қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеп, қанат қақтырған, елімізге еңбегі сіңген білікті ұстаз еді ғой.
Мен Әбекеңді сонау 1959 жылдан, студент кезімнен білетін едім. Ол кезде ол «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы. Редактор командировкаға кетіп, өзі қол қойған нөмірге бірінші курста оқитын менің «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деген мақаламды жариялап, өзінің де, менің де басымыз дауға қалған-ды.
Осы жерде Әбекеңнің естелік-эссесінен кішкене үзінді келтіре кетудің жөні келіп тұр: «Ойымда дәнеңе жоқ. «Бүгінгі газет санында оқырманға бір тұшына оқитын материал ұсындым!» деп бөркім қара қазандай боп өзімше көтеріңкі көңілмен отырғанмын.
Өйткені Болаттың жазғаны, шынында, оқырман оқырлық тәуір материал болатын. Ізденімпаз жас шәкірт үлкен жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романы мен белгілі сыншы-жазушы Темірғали Нұртазиннің «Мұрат» атты повесін мұқият зерттеген де, сол шығармаларында майталман қаламгерлердің ана тілімізде қолға ұстатқандай баламалары бар: дәптер, мұнай, асхана, таразы, болат, тәулік, су құламасы, жинау-құрастыру, кеңес, төбе, екілік деген сөздерді – тетрадь, нефть, столовая, гири, сталь, сутки, водопад, сборочный, совещание, потолок, двойка деп орысша сөздермен қолданғанын орынды сынға алған болатын.
Сөйткенше болмады. Редактордың тура телефоны без ете түсті. Ар жақтан қатқыл әйел даусы:
– Бұл Дыхнов (сол кездегі Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы) жолдастың қабылдау бөлмесінен... Редактормысыз?! – деді бұйрықты үнмен.
– Жоқ. Уақытша редактор міндетін атқарушымын! Ыдырысов!
– А, онда... Ыдырысов жолдас, дереу, қазір бюро мәжілісіне кел!
Дереу жеттім, «кіші ЦК-ға». Екі ЦК да кімді де бюро мәжілісіне жайдан-жай шақырмайды. Біраз «ұйпалап» («на ковер») алу үшін шақырады. Мен де сол сазайды тарттым. «Ұлтшылдық сарынды уағыздауға дем беретін, саяси сауатсыз, редакторлықтың өзі түгіл, маңына жолатпайтын адам ретінде», жеке карточкама жазылған сөгіс алып шыға келдім. Маған саяси сауатсыздығым үшін сонша шүйліккен Дыхнов жолдас, мені сыбап-сыбап келіп:
– Ыдырысов жолдас, өзіңді ақтағың келсе, әрі біздің сені (қараңыз, мәдениетін – Ә.Ы.) жастар газетінде (атын атамайды – Ә. Ы.) одан әрі қызметте қалдыруымыз үшін келесі нөмірде қазақтың белгілі жазушылары: не Әуезовтің, не Мұқановтың, не Мүсіреповтің, тек осы үшеуінің бірінің ғана «жауап материалын» жариялауға міндеттеймін. Олардың қайсысы болса да «титтей ұлтшылды» жеріне жеткізе әшкерелейтін болсын, жазған жауаптарында! – деп, столды тоқпақтай ұрды. – Бұл жауынгерлік тапсырманы орындамасаң, газеттен мүлде қуыласың. Сонан соң одан әрі баспасөз маңында жүрмейтін боласың!
– Николай Васильевич, Ыдырысов жолдас ол жазушылардың жауап сөзін газеттің келесі санына жариялауға үлгере алмас, – деп осы арада сөзге Ажар Хакимовна араласты. – Өйткені ол кісілерді іздеуі, келісуі, жаздыруы керек қой. Газетте жариялайтын материалды жай әзірлеудің өзі үш тәулікке созылса керек. Соны ескерсек! «Жауапты бір апта ішінде жарияласын!» деген қаулы етсек!
Өзім өткірлігі, әділдігі, біліктілігі үшін қатты сыйлайтын, Орталық Комитеттің студент-оқушы жастар арасындағы жұмыс жөніндегі хатшысы Ибраева жолдас, газет жұмысынан мүлде хабарсыз бастығының білместігін осылайша «білдірмей» сәл «жөндеп», жаны ашыған болуы керек, маған көмекке келді.
«Сөгіс» күнде болмаса да, екі күннің бірінде «жеп», етіміз үйренген жайымыз... Бірақ, екі нәрсеге қиналдым. Оның бірі: Дыхнов жолдастың «одан әрі баспасөз маңында жүрмейтін боласың!» – дегені. Олар қазір құдай да емес, құдайдан былай да емес қой! Дегенін істейді. Сонда қалаған мамандығымнан айрылмақпын ба?! Екіншісі: шәкірт Бодаубаевтың жайы. Оны Дыхнов «титтей ұлтшыл» деп, бюрода қайта-қайта айтты. Шәкіртке сол обал. Оны жанбай жатып, сөндіртпеу керек. Ал оның жолы, шынында, «шалдардың» біріне «жылы жұмсақ» «жауап» жаздырып, Болат баланы «былай аздап сынатып», бірақ «сылап-сипатып» «жоғары жақтың» гүрзісінен сақтап қалу!»
Осы жерде, осы айтылған сөздерден-ақ Әбілфайыз ағаның бойындағы өзіне ғана тән айрықша қасиеттерін: өмір бойы жан баласына қиянат жасап көрмеген ақ, адал көңілін, өз басын ғана ойлап қоймай, өзгелердің де жағдайларын, жай-күйлерін ойлай жүретін қамқор мінезін де байқауға болады. Бірақ Әбекеңнің ол естелік-эссесінде жаны жайсаң ағаның сол бір қысылтаяң кезде де өз басын арашалауды ғана ойлап қоймай, «бейкүнә шәкірт» менің де одан арғы келешек тағдырымды бір сәт те есінен шығармағаны, алаңдағаны, сол тұстағы істеген әрекеттері егжей-тегжейлі, тартымды баяндалады. Заңғар жазушыларымыз Мұхтар Әуезовпен, Ғабит Мүсіреповпен араларында болған әңгімелерден заман лебі, ұлы тұлғаларымыздың адамгершілік болмыстары анық көрінеді. «Енді қайттім? Сәбең де мақала жазудан бас тарса не істемекпін?» деп қорқа-қорқа, жанына Сәбеңмен таныстығы, араластығы бар, редакцияға жаңадан алынған жас ақын Әли Мұсахановты ертіп, Сәбеңнің саяжайына барғаны, сондағы Сәбең мен ол кісінің жары Мәриям шешейдің оларды қазақы кең мінезбен қалай жайдары қарсы алғаны, газет туралы, мақала туралы, редакторлық туралы Сәбеңнің айтқан ойлы пікірлері, ең соңында: «Онда былай болсын: сүйіп оқитын газетім «Лениншіл жас» үшін, сендер, Бодаубаев екеуіңнің болашақтарыңа қиянат болмасы үшін Сәбит ағаларың тағы бір терін артық төгеді де! Менің де шұғыл жұмысым аз емес. Бірақ, сендерді арашаламасқа бола ма! Алдын ала айтып қояйын: газетке, Әбілфайыз, саған тиіспеймін. Өйткені осындай бір «төңкеріп» тастар бірдеңе баспаса «Лениншіл жас» бола ма?! Ал сен болсаң, уақытша болса да қол қойып отырған соң газеттің беделін өсіруге тырыстың (ал бұл біздің де бастан өткен). Бірақ, Болат шәкіртті, әке ретінде, біраз қамшы астына аламын. Әдетте, мықтап қорғаудың бір жолы – кінәліні мықтап тұрып шықпырту, сынның астына алу! Сонда сыналған енді жабылам дегендердің аяушылығына да ие болады. Онда Болат та «жас ұлтшыл» деп тағылар атақтан да аман қалады! Сондықтан ол бала менің сынымды – әкесінің еттен ғана өтетін шыбыртқысы деп білсін! Ал «енесі тепкен құлынның еті де ауырмайтыны» белгілі! Міне, осылай! Материалды «Бұл қай жатырқау?!» деген тақырыппен машинкаға бастыртып, ертең түске дейін редакцияларыңа жеткізіп берем!
Сәбең «шықпыртқан» Болат Бодаубаев, сол заңғар жазушының «тепкені» шипа болып, кейін белгілі қаламгерге айналды. Ол қазір республикамызға танымал публицист-жазушы!» – деп жазыпты Әбілфайыз ағамыз Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде 2017 жылдың 9 ақпаны күні «Студент Бодаубаевта жазық жоқ» деген атпен жарияланған естелік-эссесінде.
«Бұл қай жатырқау?» атты Сәбеңнің көлемі көлдей «жауап» материалын оқығанда көңіліме қорқыныш ұяламады десем жалған айтқандық болар еді. Бірақ, осы оқиға орын алған 1959 жыл – Хрущевтың уақытындағы, бұрынғы қатаң репрессиялардың тоңы біраз жібігендей болған, «жылымық кезең» еді ғой. Газеттер біраз шулап, КПСС Орталық Комитетінің органы «Коммунист» журналының сол жылғы қыркүйек айындағы №13 санында да сынға ұшырағаныммен, оны республикалық «Казахстанская правда» және «Социалистік Қазақстан» көшіріп басқанымен (сол жылдардағы тәртіп қой), Әбілфайыз аға айтқандай Сәбеңнің қамшысының да шипасы тиді ме екен, оқудан шығарылмай, түрмеге де түспей, аман қалдым.
Сөйтіп, университеттің бірінші курсын бітірген кезден-ақ қамқорлығы мен шапағатын көрген Әбекеңмен одан кейінгі есейіп, елге танымал болған журналистік сапарымда, жауапты, тұтқалы қызметтер атқарған жылдарымда да рухани жақындығымыз бен ағалы-інілі сияқты сыйластық қарым-қатынасымыз үзілген жоқ, одан әрі жалғаса түсті. Тағы да Әбекеңнің «Қазақтың Қалдашы» атты естелік-эссе-әпсәнәсінен кішкене үзінді келтірудің реті келіп тұр: «Ал бұл тарих – қызық тарих өзі. Біздердің: мені «ақсақалы» еткен Қалдаш (Қалдарбек Найманбаев), Шәкең (Шәрібек Есмұрзаев), Бөкең (Болат Бодаубаев), Нұрекең (Нұрғожа Жұбанов), Мәкең (Мәди Кереев), Жәкең (Жаңалық) және Ерекең (Ерік Сыздықов) сынды сайдың тасындай мүшелері бар «көктемдіктер» «Брежневтің кең заманында» құрылған-ды. Ол өз мүшелерін рухани жақтан өсірумен, тәрбиелеумен, жанды байытумен айналысатын қауым еді.
«Көктемдіктердің» сол қауымының тұрақты асаба-президенті Қалдаш болды. Ол қауым міндетін сондайлық мәмілегерлікпен жүзеге асыртты. Қандай мәнді өмір кештіртті бізге!».
Осындағы Әбекеңнің «көктемдіктер» деп отырған, отбасы, бала-шағаларына дейін тығыз араласып, дәм-тұздары, көңілдері риясыз жарасып, бір-біріне қуаныш пен шаттық сыйлап, ақ-адал достық көңілдеріне қылау түсірмей, шат-шадыман ғұмыр кешкен, Алматыдағы журналистер мен жазушылар арасында «Көктем ауылы» атанып кеткен шоқ жұлдыздай осы қауымның қалай құрылып қалыптасқаны күні кешегідей есімде.
1971 жылы Алматыдағы бұрынғы Ленин, қазіргі «Достық» даңғылының бойындағы партияның Орталық Комитеті салдырған бес қабатты, сол кез үшін жұрт қызығатындай, қабырғалары бетон мен плита емес, таза кірпіштен өрілген сәулетті үйдің құрылысы бітті. Сол үйден партия қызметкерлерімен бірге ауыздарының салымы бар кейбір журналистерге, жазушыларға, баспахана қызметкерлеріне де пәтерлер тиді. Үйдің нөмірі 107. Астыңғы бірінші қабаты тұтасымен нешетүрлі бұйымдар сатылатын «Көктем» деп аталатын әдемі дүкен. Әлгі «Көктем» деген сөз үйдің төбесінде де күндіз түрлі-түсті бояуларымен көз тартып, түнде от болып жанып, жарқырап, алыстан көрініп тұрар еді. Сол үйден «жолымыз болып», жоғарыдағы Әбекеңнің эссесінде айтылғандай, қаламгер-баспагерлер Қалдарбек Найманбаевқа, Шәрібек Есмұрзаевқа, әйгілі фототілші Нұрғожа Жұбановқа, маған (ол кезде «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасарымын) пәтерлер тиді. Менің жұбайым Хабиба ол уақытта Мәскеудің Плеханов атындағы институтының аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғап келіп, ҚазПИ-де сабақ беріп жүріп, үлкен ұлдан кейінгі екінші қызымыз Динаны дүниеге әкелген-ді. Қызымыздың қырқынан шығаратын тойына көршілерімізді жұбайларымен шақырдық. Ол тойымыздың қызықты, көңілді болғаны, көп отырып, рахаттана ішіп-жеп, көп күлгеніміз соншалық, бұрын да бір-бірімізге көңіліміз түзу ғой, арамызда енді шын мәніндегі жақындық, қимастық сезімі пайда болды. Қалдарбек, Нұрғожа, Шәрібек КазГУ-ді қатар оқып бітіргендіктен, өзара әзіл-қалжыңдары да ешқашан таусылмайтын. Тойды басынан аяғына дейін басқарып, қызықты өткізген Шәрібек тойдың соңына таман «енді осындай тамаша отырыстарымызды бұдан әрі де жалғастырайық. Мұның өзі жай ғана сөз болып қалмау үшін мен қазір қолыма қағаз аламын. Сөйтіп, қай үйден соң қай үйге баратынымыздың тізімін жасаймын. Осыған қарсылар бар ма?» – деп сұрады. Мәз-мейрам боп рахаттанып отырған көпшілік «жоқ!», «жоқ!» деп шуласты.
Келесі жолы Шәкең мен Нағима біздерге қосып КазГУ-де сабақ беретін Әбілфайыз ағамызды, өздерімен есікпе-есік көршісі, партия қызметкері Мәди Кереевті жұбайларымен бірге шақырыпты. Бұл жолғы тамадамыз Қалдарбек болды. Оның журналистік, жазушылық, ұйымдастырушылық, баспагерлік қабілеттерімен бірге жиын-той, дастархан басқару қабілеті де ғажап еді. Осы жолы жасының үлкендігін сыйлап, төрге отырғызған Әбілфайыз аға мен Заря жеңгеміз отырыстың ажар-көркін, сән-салтанатын одан сайын арттырып жіберді. Екеуі кезек-кезек шырқаған Қыз Жібек пен Бекежанның ариясы опера театры әншілерінің орындауынан титтей де кем болып көрінген жоқ. Әбекең ағамыз Заря жеңгеміздің ажар-көркіне, бұлбұлдай сайраған үніне өмір бойы ғашық болып өтуі, кейін соны өзек етіп «Таңшолпан» атты роман жазуы тегіннен-тегін емес-ті.
Өзі бала жастан қиындықты көп көріп, әке-шешенің аялы алақанын білмей өссе де жеңгеміз Заря екеуі жұптары, татулықтары жарасқан, елге жұғымды, дос-жаранға, ағайын-туысқа қадірлі, үлгілі-өнегелі отбасы болды. Осы шаңырақта тәрбие алған Ерлан Ыдырысов ұзақ жылдар халқымыздың айтулы азаматтарының бірі болып, Елбасының жанынан табылып, аса жауапты қызметтер атқарып, елімізге адалдықпен еңбек етіп келе жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатады.
Болат БОДАУБАЙ