Құрамында Қанат Ислам бастаған мықтылары бар «Qazaq Promotions» компаниясының боксшылары бұл күндері танымал АҚШ маманы Роджер Романың қол астында жаттығуда. Кезінде айтулы бапкер америкалық Келли Павлик, ресейлік Сергей Ковалев және бразилиялық Патрик Тейшера сынды саңлақтарды жаттықтырған.
Бұл боксшылардың барлығының да есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Мәселен, 37жастағы Келли Павлик 2007-2010 жылдар аралығында WBC пен WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Кәсіпқой рингте барлығы 42 жекпе-жек өткізген ол 40 рет (34 нокаут) жеңіске жетті.
36 жастағы Сергей Ковалев қазіргі кезде WBO нұсқасының теңдессізі. Орыс жігіті 38 рет шаршы алаңға көтеріліп, 34 мәрте (29 нокаут) жеңіске жетті. Үш рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді.
28 жастағы Патрик Тейшера да бірқатар нұсқалардың алтын белбеуінің иегері. Оңтүстік Американың оғланы 30 кездесудің тек біреуінде ғана ұтылды. Қалғанын өз пайдасына шешіп, 22 қарсыласын есінен тандырды.
Естеріңізге сала кетейік, «Qazaq Promotions» ұйымы 26 қыркүйекте Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында бокс кешін өткізеді. Сол жарыстың басты жекпе-жегінде қазақтың ұлы Қанат Ислам намибиялық Уолтер Каутондоквамен айқасады.