• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Технология 22 Қазан, 2019

Елордада Тамос ғарыш мектебі ашылады

341 рет
көрсетілді

Бұл туралы Ұлттық ғарыш орта­лы­­ғында өткен «Tamos Space School» (Тамос ғарыш мектебі) жеке мектебінің құрылысына ал­ғаш­­қы тас қалау рәсі­мінде айтылды.

Салтанатты жиында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, про­фес­сор-ғалым Әділ Ахметов осы­дан ширек ға­сыр бұрын «Tamos Education» мек­те­бінің негізі қаланғанын, осы брендті иемденіп отырған жаңа мектеп­тің болашаққа берері мол боларына сенетінін жеткізді. «Үл­кен одақ ыдырап жатқан сонау тоқсаныншы жылдары білім саласында жаңа бренд қалып­тас­тыру – үлкен батырлық. Сон­дай игі істің басы-қасында Дәурен Қаупынбаев жүрді. Лин­гвистикалық және физика-мате­ма­тикалық бағыттағы қос мектеп білім беру нарығында 25 жылдан бері жүйелі және жемісті жұмыс істеп келеді. Міне, бүгін үлкен іс қолға алынып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастықпен қатар прогресс керегін айтты. Білім мен ғылым алға жылжымайын­ша даму болмайды», деді. Оның ойынша, техника мен технология саласында мамандар даярлау тұрғысынан еліміз әлі мешеулеу, әлем елде­рі­мен салыстырғанда артта келеді. Сондықтан бас қалада мұндай мектеп іргетасының қалануы аса маңызды. Өйткені жаңа заманға ғарышты игеретін жаңа мамандар керек. Ал сапалы кадрлардың білім-білік дағдылары осындай мектепте қалыптасады.

Жеке мектепті жеке инвестор­лар Дәурен Қаупынбаев пен Бақтияр Бекожанов малайзиялық «Kind Devolopment» компания­сымен бірлесіп қолға алып отыр. Құрылтайшылардың бірі Б.Бекожановтың айтуынша, білім оша­ғы 2020 жылғы жаңа оқу жылында оқушыларға есігін ашады. Алдымен физика-математика бағы­ты бойынша 0-4 сыныптарға балалар қабылданатын көрінеді. «Мектеп 3 қабатты болады, 800 орынға лайықталған. Мектептің артында қосымша екі ғимарат бой көтереді. Онда спорт зал мен асхана болады. Қазіргі таңда құрылыстың орыны белгіленді, келер жылы қыркүйекте іске қосуды жоспарлап отырмыз. Әрине біз мемлекеттің қолдауын­сыз осындай ауқымды және жа­уап­­кершілігі зор жобаны бас­та­мас едік. Осы орайда елорда әкімдігіне алғыс айтамыз», дейді. Аталған инвестор өз қаржысын қайтарудан бұрын балалардың білім алуына жағдай жасауды көздейтінін тілге тиек етті. Оның пайымдауынша, бұл – болашаққа салынған инвестиция.