• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Қазан, 2019

Таластан шыққан дипломат

1575 рет
көрсетілді

Қазіргі кезеңде әлемнің ықпалды мемлекеттерінің арасындағы қайшылықтар дүркін-дүркін қылаң беріп, іргелі елдердің өз мүдделері жолында өзге елдердің ісіне жосықсыз араласуы үрдіске айналуда. Дүние тәртіптің іргесі сөгілуі салдарынан әлеуметтік дағдарыс тереңдеп, оның ақыры бірқатар елдерде азаматтық соғыстың тұтануына, бейбіт тұрғындардың туған жерлерін тастап, босқын атанып, өзге құрлықтан пана іздеуі, демек әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттердің күтпеген тоғысы жаһандық күн тәртібінің басты ерекшелігіне айналып отыр.

Халықаралық қоғамдас­тық­тың белсенді қатысушысы ретінде біздің еліміздің де бү­гінгі үдерістен тыс қа­ла алмай­тыны түсінікті. Мұндайда ди­п­­ломатиялық майдан өкіл­де­рінің алдыңғы қатарға шығып, қа­лыптасқан қиын күрмеуді шешу жолдарын іздеуі, мәмілегерлік бітімдер жасасу арқылы ортақ ымыраға жетуі күмәнсіз маңызға ие болмақ. Анығын айтқанда, әсіресе егемендіктің елең-алаң кезінде жас мемлекетімізді жанжал ошақтарына ұшыратпай, ымырашыл, сындарлы, бейбіт һәм өркениет жолымен өрлеуін қамтамасыз етудің қиын да абыройлы міндеті тұрғаны аян. Мем­лекет басшылығы қайыспас қара нарлар шыдас беретін мұндай ауыр жүкті мойымай алып жүру аманаты артылатын азаматтарды бұрынғы барша одақ көлемінде түгендеп, оларға жауапты міндеттер жүктеуі де сондықтан. Осынау бір шоғыр айтулы қыз-жігіттердің алғашқы қатарында кеңестік мектептің кермек дәмін татқан көрнекті дипломат, кәсіби маман, ақкөңіл азамат, адал дос, жас буынға ұстаз Әбутәліп Ібіжанұлы Ахметов ағамыз болған еді.

«Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруы­мыз», деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқан ұлт мүддесіне бастарын тіккен Алаш қайраткерлерінің қасиетті ісін әр салада, соның ішінде дипломатиялық майданда жалғастырған арыстарымыз Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Самат Сүндетбаев сынды азаматтардың ізімен ендігі тәуелсіз Қазақстан дипло­матиясының қаз басқан қа­дам­дарын нығайтудың мәртебелі міндетін арқалауда аға толқын арасынан марқұм, бүгінде арамызда тірі болғанда биылғы 4 қарашада 70 жасқа толатын Әбутәліп Ібіжанұлының сіңірген еңбегін арнайы атап өтуіміз парыз.

Сонау патшалық Ресейдің зымиян саясатын жымысқы түрде жал­ғастырған кеңес заманында өз атаме­кенінде отырса да, жергілікті қазақтарға бұйырған алыс шөлейтте орналасқан Талас ауданының шағыл құм ор­та­сындағы шағын ауылдағы қоңырқай қазақ мектебін бітірген Әбутәліп бала күнінен алысқа ұмтылып, тәкаппар Мәскеуге қатарынан бірнеше жыл барып жүріп, ақыры арманына жетіп, атағы жер жарған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қаты­настар институтына (МГИМО) оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1977 жылы ойдағыдай аяқтаған соң, Түркиядағы КСРО өкілдігіне жұмысқа жіберілді. Одан кейін Қазақстанға оралып Шетелдермен достық қоғамында, бірнеше жыл сол кездегі Қазақ КСР Сырт­қы істер министрлігінде қызмет атқарып, біліктілігін шыңдай түсу үшін қайтадан Мәс­кеуге аттанып, КСРО Сырт­қы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының басшылық құрамға арналған курстарында тыңдаушы болды. Академияда көзге түскен Әбекең Вьетнамдағы Кеңес Одағы елшілігіне қызметке жолданады. Мінеки, ол кезде негізінен саяси элитаның балалары оқитын әлемге әйгілі жоғары оқу орнын ауыл баласының бағындыруы, расында, ерен еңбекқорлық пен қайсар мінездің арқасы, тіпті ерлікке пара-пар әрекет еді.

Әлбетте, Әбутәліп Ібіжанұлы­ның ұзақ жылғы тәжірибесі мен біліктілігі туған елінің тәуел­сіздігін алған сәтінен бастап, екінші тынысы ашылғандай жар­қырай көрінді. Түрік, парсы, француз тілдерін еркін мең­герген егемен елдің ресми өкілі ретінде Түркия, Ирандағы консул, бас консул жауапты міндеттерін ойдағыдай орындап, министрліктің орталық аппаратында жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.

Кәсіби маман ретінде дип­ломатия саласына сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, Мемлекет басшысының Жарлы­ғымен Қазақстанның Тәжікстан­дағы Төтенше және өкілетті елші­сі болып тағайындалды. Өкі­ніш­­ке қарай, оның ғұмыры да ке­мелдікке көтерілген кезе­ңін­де, ондаған жылдарғы бай тә­жірибесін, болмысындағы боя­масыз қасиеттерінен туындайтын беделі мен біліктілігін туған елінің мүдделері жолында сарқа жұмсауға дайын асқарлы шағында кенеттен, Отанынан тыс жерде жүрген кезінде үзілді.

Дипломатиялық дәрежесіне сай өз ортамызда «біздің генерал» атанған Әбекеңнің жар­қын бейнесі біздің есімізде қан­дай болсын жоғары лауазым­да жүргенімен, сол баяғы құмды ауылдағы құнар­лы қа­зақы ортаның ізгілікке тұн­ған төл мәдениеті қанына сіңген қалпында қарапайым да қа­йырымды, азамат, абзал аға, ұстаз ретінде сақталды. Осы қырынан келгеннің өзінде ғана Әбекең тұлғасы бүгіндегі кейбір қолына болымсыз билік тисе «жаманға жал біткендей» екіленіп, есіріп, өзгелердің басына бұлт үйіріп, суық көлеңкесін түсіруден аса ал­майтын байғұстардан мүлде биік, маңайына жылылық таратушы жарқын, тартымды жан еді. Әбекеңнің өмір мектебінен өткен жас дипломаттардың бірқатары бүгінде елші, министрлік басшы­лығы құрамында еңбектенуде.

Уақыт толассыз зымырап, Әбутәліп Ібіжанұлының орта­мыз­дан озғанына да тоғыз жыл толыпты. 2010 жылғы 11 қара­шадағы  Сыртқы істер министрлігінің қай­ғылы хабарламасында «оның қазақ­стан­дық дипломатиядағы баға жетпес еңбегі біздің мемле­кетіміздің сырт­қы саясат тарихында мәң­­гі қалады» делінген еді. Бү­гінде, әсіресе биылғы Жастар жылының рәмізді мәні орайында халықаралық қатынастар саласында жүрген үмітті, сәу­лелі жастар, қарымды қызметкерлер алдымызда үлгілі өмірі, зиялылық келбеті, адамдық болмысы, адал еңбек жолымен жарық із қалдырған аға ұрпақтың көрнекті тұлғаларын ұмытпай, әрдайым есте ұстауы парызымыз деп білеміз.

Олай болса, мемлекет мүд­десі жолында жырақта жү­ріп көз жұмған Әбекеңнің жер­лес­терінің, яғни Жамбыл облысы, Талас ауданы Ардагерлер ке­ңесі мүшелерінің Тараз немесе Қаратау қаласының оқу орын­дарының біріне (мектеп, колледж, институт) Әбутәліп Ібі­жан­ұлы Ахметовтің атын беру ұсыныстарын қолдай отырып, ол кісінің әріптестері ретінде өз тарапымыздан елордадағы дипломатиялық корпус арасында спорттық ойындардан жарыс, Қазақстан Дипломатиялық институты аудиториясын атау, жас мамандарға берілетін марапат тағайындау немесе өзге де тағылымды шаралар қабылдауға болар еді деген ұсы­нысымызды ортаға салғымыз келеді.

 

Боранбек ӘЛБЕРГЕНҰЛЫ,

Мұхтар КӘРІБАЙ