• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Қазан, 2019

Тіл тірлігі – тілге мұқтаждықта

428 рет
көрсетілді

Қарымды қаламгер, Алаш рухты азамат Смағұл Елубаев «Қазақ қайтсе бақытты болады?» («Egemen Qazaqstan», 8 тамыз, 2019 жыл) деген толғауы тоқсан тоғыз, бұрауы әлі бекімеген, жас сәбидің еңбегіндей былқылдап тұрған мәселені, яғни ұлт тілінің тағдырын тартынбай тарата айтып, адами бақ пен азаматтық бақты теңшей алмай, есеміз қалай кетіп жатқанын қабырғасы қайысу былай тұрсын, сөгіліп отырып қозғапты.

Бар қазақ бұл зарлы сөзді жата қа­лып оқымаса да, бір көз салып, көңіл тоқтатса ғой, шіркін!

Несін жасырамыз, қазақ тілі мем­лекеттік тіл болғалы да отыз жыл бол­ды. Ол Колбиннің тұсында сондай дәрежеге ие болған еді. Санамызға сәу­ле түскендей күй кешіп, бөркімізді аспан­ға атқан едік. Өзгелер іштей тыпыршыды. Біреудің үйіне біреу билік құра алмайтынын сол сәтте ұғын­ғандай болды. Сөздіктер шығып жатты. Тыпыршығандар бүгілген тыр­­нақтарын жазып, тіл үйренуге ұмтылды.

Амал не, жалт беріп, ұлт тілін тұ­қыртып, тілі кемді құтыртып, «қара­лы» қаулы қабылдап, асықпайық де­дік. «Көш жүре түзеледі» дедік. Сол асықпау сор болып, жалғасумен келеді. Оны тиімді пайдаланғандар қырық құбылады. Сылтауы көп.

Ел болғалы да отыз жылға тая­ды. Бірақ тіл мәселесінде кейбір қан­дастарымыз да, отандастарымыз да ұят болды-ау демейді. Дегенді қойып, ұлт тілінің алдына өзге тілді оздырып, оның көлеңкесі біраз ұрпақты ана тілінен айыра бастады. Ол аз десеңіз, өз Отанынан гөрі өзге жұрттың тірлі­гін жұмақ санайтындар табылып жатыр.

Бұл қаламгер ескерткен есті сөзде де айтылып, ол атом бомбасынан да жаман болып жүрмей ме дегені ой­ландырады. Егер жұртымызды рухсыздық билесе, жағаңа жармасқан, ой-санаңды ойрандаған, үлгіңнен без­діріп, ғұрпыңнан қол үздіріп, сал­тыңнан жаңылтуға жанталаса кіріскен жаһандану желкеңе шығып, билік құрары айдай анық. Жазушы осыдан сақтанудың жолдарын ұсынып, оны орындасақ қазақ бақытты болады, орындамаса сор кешіп қалуы мүмкін екенін ескертеді.

Иә, мақалада айтылғандай, кіжіні­п сөйлеп, жік салуға әуес Жи­ринов­ский қасиетті қазақ тіліне тіл ти­гізіп, ұлтымызды қаралағанда оны сандырақ деп елемедік, ескермедік. Тіліміз кеткен есесін қайтарады дес­­­тік, арқаны кеңге салып. Бірақ сол ар­қаны кеңге салудың соңы қазақтың саны қырық пайыздан жетпіс пайызға көбейіп, мектеп ашылып, балабақша сап түзегенмен, тіл ісі ұлт ісіне қол­ға­нат бола алмай отырғанын қаламгер ашық айтып, себебін саралап, етектен тарт­қан керенаулықтан құтылудың он жолын ұсыныпты.

Ұлт зиялысының осы үнін естісек, қане! Осы жерде ойға оралады, сұра­пыл соғыстан күйреп, екіге жарылып жантәсілім алдында тұрған сәт­­те Германияның көш басында тұр­­­­­­­ған игі жақсылары: бұдан ес жи­ғы­затын тек ұлттық рух, сол быт-шы­ты шыққан ұлттық рухты қалай ті­ріл­теміз дегенге келгенде зиялылар қауымы ол – немістік патриотизм деп, оның он қағидасын алға шығарыпты. Біріншісі, ұсақ-түйекте де ел мүддесі тұрсын депті. Екінші, шетелден бір тиынға зат алсаң, өз еліңе бір тиын зиян келтіретініңді ұмытпа депті. Үшінші, әр тиын ұлтқа пайда әкелсін депті. Осылай тарата келіп, қиындыққа төзе жүріп, ұлттың рухын оятуды, жас ұрпақты, немістік патриотизмге тәрбиелеуді шегелей айтып, оныншы қағидада: «...герман азаматының керегін тек Германия шығара алады», депті. Міне, қақ жарылып, екі мемлекетке айналып, кейін әлгі немістік патриотизм ұлттың бірігуіне, бір мемлекет болуына жол аш­қа­нын әлем жұртшылығы көрді, біз де аңғардық.

Біздегі көп олқылық ұлт ісі сөз жүзінде айтылғанымен, атқарылу барысында тиянақтылық жетпей жататындай. Көбіне-көп өзімізден өзгені зор санаудан, өз тіліміз қашпас, өзге тілді білейік деген ескі ұран, тас­қайнақ санадағы салғырттық титық­татып жат­қандай. Бұл болсын-болмасын алдыңа қарап бой тү­зе дейтін қасандық та серпіліп шы­­ғар кейінгі ұрпаққа кесірін тигі­зіп отырғаны анық. Олар алдына қа­райды да, бос белбеулікке салынады. Осы жастарымыздың тілге деген селқостығын туғызып отырғандай. Одан құтылудың он жолын Смағұл Елубай тайға таңба басқандай көр­сетіпті. Енді соны айтады да қояды демей, тайлы-таяғымыз, зиялымыз, екі тізгін, бір шылбырды қолға ұстап отыр­ған биліктегі азаматтарымыз мін­сіз орындаса, сөйтіп тілге деген мұқтаж­дық салтанат құрса, санамыз түзелер еді, ойымыз оңалар еді, тіліміз жамбас­тап жата бермей, тік тұрар еді.

Ойдан ой туады, сөз зергері кемел қазақ Әбіш аға Кекілбайұлының ұлт ұланына астарлап айтқан бір тәмсілі осы жерде еске түседі. Ол кезде ұлы тұл­ға Мемлекеттік хатшы қызметінде болатын. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдердің жоғары білім орындарына оқуға баратын талапкерлерді таңдайтын комиссия төрағасы еді. Өрімдей жастар алуан түрлі сұрақтарға жауап беріп жатқан. Бір тұста Кекілбайұлы қазақтың ұл мен қызына риза болып, жылы жүзбен көз салып, шетелдік қаламгерлерді де, әншілерді де, тіпті өзге мықтыларын да жазбай айтып жатқан тұста: «Әп, бәрекелді!» деп сүйсінді де, қазақтың ардақтыларының атын тізбелей келіп, Әуезовті, Мұқановты, Мүсіреповті, Фаризаны, Мұқағалиды сұрағанда әлгі өрімдей ұрпақ шатқаяқтап, Абайды да шатастырып быды-быды дегенде: «Әй, айналайындар-ай!» деп еді. «Бұған біздің де «үлесіміз» бар-ау!» дегенді қосқан. Комиссия мүшелерінің бәрі бірдей қаламгер сөзін түсіне қоймаған. Түсінгендер төмен қараған. Сүйсініп айтқан екі сөзбен, күйініп айтқан екі сөздің түп-тамырында өзгені біліп, өзіңді білмеу ертең өкіндірмес пе екен деген сұрақтың қаламгер көкейіне кептелгені рас еді. Бүгінгі бітпейтін тіл түйткілінің қиыр-шиыры соны әлі де ескер­мегенімізден болып тұр-ау, шамасы.

Зерделі ғалым Мекемтас Мыр­захмет­ұлы «Тұранның қарашаңы­рағына ие болған қазақ жерінде ономастикалық атаулардың жеті түрлі қабаты жатыр» деп, оны тарата айтып, сол жеті қабаттан аман құ­тылған қазақ ономастикасы ғана емес, басты ұлт тілі екенін алға тартып, ұлттық болмыстан ауытқымай, жаһанданудың тозаңына көмілмей шығу сегізінші қабат Тәуелсіздік заманындағы ономастикалық жаңа қабаттан, ұлт тілінен көрінеді депті. Осының бәрі бас басылымда жарияланған мақаланың идеясымен үндесіп жатқаны шындық.

Жұртымыз да, тіліміз де ассими­лияцияға ұшырамай, елдігімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа ұлттық қасие­тіміздің сырын кетірмей, сынын бұз­бай, тапсыру жолында Смағұл Елу­бай  «Мен қауіп еткеннен айтамын, Ақ борықтай иілген, Кейінгі туған баланың, Ұстай ма деп білегін... Шая ма деп жүрегін... Бұзама деп іре­ңін. Адыра қалғыр заманның, Мен жа­ратпаймын сүреңін», деген Мұрат Мөң­кеұлының ұлы қағидасынан туын­датып тілге тиек еткен ащы үнге құлақ қойсақ, ащы айтылған сөзге мән берсек, ойға берік қондырсақ, айтады да қояды демей, тіл ісіне жұдырықтай жұмылып, мұқтаждыққа жаратсақ, жаһандануда қазақ қалыбын сақтап, бақытты боларына иманымыз кәміл.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»