Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала имамдарымен кездесуде қоғамдық келісім мен конфессияаралық диалогты сақтау мәселелерін талқылады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматыда 17 конфессия енетін 180 діни бірлестік, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының 50 мешіті бар.
Шаһардың бас имамы Еркінбек Шоқаймен және аудандардың бас имамдарымен болған кездесу кезінде жастармен жұмыс жүргізудің ерекше маңызы және жауапкершілігі жөнінде сөз болды.
Мемлекеттің орнықты дамуының негізі болып табылатын қоғамның тұрақтылығын, келісім мен өзара түсіністікті сақтауда қала мешіттері қызметкерлерінің маңызды рөл атқаратыны аталып өтті.
«Қазақстанда түрлі дін өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде, біз сол үшін мақтана аламыз. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы осынау теңгерімді сақтауға айтарлықтай үлес қосуда», деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.