Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында алдағы жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы өткізілетінін атап көрсетті. Сонымен бірге мұндай атаулы дата барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаның еңбегін халық арасында дәріптеу керектігіне тоқталды. Осыған орай Абай шығармалары мен туындыларын зерттеп жүрген ғалым ретінде екі-үш ауыз ой-пікірімді ортаға тастағанды жөн көрдім.
Рас, бұған дейін Абай мұралары біраз зерттелді. Алайда соның өзінде ұлы тұлға мен оның өскен ортасын, ақын болып қалыптасу кезеңін толық танып білдік деп айтуға ауыз бара бермейді. Бұл ретте ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтыпты деген тапқыр да ұтқыр сөз еске оралады. Гәп мынада. Суреткер «Абай жолы» эпопеясын аяқтап, кейіннен оған Лениндік сыйлық та беріліп, көңілін бір демдемей ме. Сол кезде оған жанында жүргендердің бірі: «Мұха, сіз Абай жөнінде тұтастай эпопея жаздыңыз. Осымен Абайдың барлық қыры мен сырын, ішкі дүниесі мен ақындық жолын әбден сарқып, тауысып жаздым деп айта аласыз ба?» деп сұрақ беріпті.
Сонда ғұлама оған көп ойланбастан: «пәлі, о не дегеніңіз, Абай шетсіз де, шексіз таусылмас терең мұхит емес пе? Мұхит оңайлықпен таусылып, сарқыла қоя ма? Менің еңбегім сол мұхиттың бір тамшысындай ғой», деп жауап қайтарған екен. Міне, М.Әуезов айтқандай Абайдың туғанына 175 жыл толуы датасын атап өту кезінде оның классикалық еңбектеріне бүгінгі күн биігінен тағы бір тереңірек ой тастаудың ешқандай артықшылығы жоқ. Сондай-ақ абайтанушы ғалым ретінде ұлы ақынның бұған дейінгі жарық көрген туындылары мен өлеңдерін баспалардан қайта бастырып шығарғаннан ұтарымыз шамалы деп есептеймін. Абай шығармаларының аудармалары жөнінде де осындай тұжырым жасауға болады. Әрі оның бәрі мінсіз, түпнұсқадағы нәрі мен мәнін сақтай отырып, аударылған дүниелер еді десек те, ұшқырлыққа ұрынумыз мүмкін.
Абай – барша халқымызға ортақ ірі тарихи тұлға. Сондықтан да мерейтой кезінде оның ғұмырдерегі Семейден өзге өңірлермен де байланыстырылса артықтық етпес еді. Мәселен, бүгінгі күні ақынның арғы аталары Ырғызбай мен Кеңгірбайлар республикамыздың батыс өңірінде дүниеге келгенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін немесе атақты Досжан хазірет пен Құнанбайдың достығы жөніндегі деректер де жаңаша бір қырынан толықтырыла түссе – мұның өзі де Абай тойына қосылған бір тамшы үлес емес пе.
Сондай-ақ Абай шығармашылығы туралы тұңғыш рет фундаментальды ғылыми мақала жазған Құдайберген Жұбанов екенін де көпшіліктің бәрі бірдей хабардар деп айта алмаймыз. Бұл мақала Абай туралы жазылмақ болған үлкен еңбектің жұрнағы ғана екені өкіндірмей қоймайды. Мұны қайталанбас лингвист-ғалым Қ.Жұбановтың кейінгі қиын да ауыр тағдырына қатысты айтып отырғанымызды зерделі оқырман түсінетін шығар. Міне, осы тақілеттес тақырыптарды толықтыра түсу, ақтөбелік зерттеушілердің Абай тойына қосқан өзіндік үлестері болмақ. Қазірдің өзінде жоғары оқу орнындағы «Руханият және Абайтану» орталығы бұл жұмыстарды бастап кетті.
Қазақтың қабырғалы азаматының бірі, бүгінгі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ізашары – Ақтөбе педагогика институтының ректоры қызметін ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарған Мұхтар Арынның Абай мұраларын зерттеу мен танудағы тындырған еңбектері де атап айтуға тұрарлық. Сондай көзі тірісінде есімі елге елеулі болған жанның Абай ауылына аттанған сапарында дүниеден өткені де өзекті өртемей қоймайды. Осы орайда биыл жақсы ағаның жарқын істерін жарты жолда қалдырмау үшін «Жұбановтан – Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырған едік. Оның аясы мен шеңбері Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Баянауыл, Семей, Жидебай, Қарқаралы және Қарағанды аралығын қамтыды. Абайдың 175 жылдық торқалы тойы қарсаңында оны осы аймақтың рухани түлеуіне бел шешпей тер төгіп жүрген жандардан құралатын «Ақтөбеден – Абайға» атты кең ауқымды экспедицияға ұластыруды ойластырып отырмыз.
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы
АҚТӨБЕ