Келелі кеңесте кемел ой, кестелі сөз сөйлеу үшін кемеңгерге керегі алдымен көркем тіл. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқан аталы сөз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәлімді тәмсілге айналды.
Уақыттың керуені адымдап алға басса да мәні мен маңызын жоймай, құны құлдырамайтын рухани байлықтар болады. Біз үшін бұл ең әуелі – қазақ тілі болуы шарт. Тіршілікте тілден артық қазына жоқ. Оның байлығы салт-дәстүрмен сабақтасып, тамыры тарихпен біте қайнасып, өлмейтін һәм өміршең қалпында қала бермек. Кез келген мемлекеттің келешегіне баянды бағдар беріп отыратын осы бір құндылықтың бағасына жете алдық па? Жоқ, тілге деген махаббат тілдің ұшында қалып қойды ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілінің келер келешегі мен болар болашағына айқын айна боларлықтай мына бір жайтқа тоқталған еді.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», деген болатын Президент.
Иә, мемлекеттің мерейін тасытып, абыройын асыратын қашанда оның тілі. Себебі тіл сол халықтың әдет-ғұрпын әспеттеуге, тарихын тарқатуға, шежіресін шертуге, өткенін өлшеп, болашағын болжауға мүмкіндік беретін бірден-бір құрал деуге болады. Алысты жақындатып, жақынды жанашырға айналдыратын құнды құралды құрметтеп, болашақтың бойына сіңіру адамзаттың арына жүктелген қасиетті парыз.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! – деген Қадыр ақынның қара өлеңі қанатты сөзге айналып, қағида болып қалыптасқалы қашан. Мемлекеттік тілдің мерейін асыруды мемлекеттің ішінен, қоғамдық қолданыстан бастағанымыз жөн.
Ана тілдің арына дақ түсірмей, керісінше оның кемелденуі сол мемлекетті мекендейтін тұрғындарға байланысты болмақ. Қазақ тілінің қазіргі жай-күйі, мемлекеттік мекемелердің интернет ресурстарында қолданылу аясы қай деңгейде екені жайлы осыдан екі жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газеті «Мемлекеттік сайттар атауы неге мемлекеттік тілде емес?» деген сараптамалық мақала жазған болатын. Мақалада журналист Үкімет құрамындағы 16 министрліктің төртеуі өз сайттарын орысша жазғанын атап көрсетеді.
«Үкімет құрамындағы 16 министрліктің төртеуі өз сайттарын орысша атауды жөн көрген екен. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі – mz.gov.kz (Министерство здравоохранения), Ауыл шаруашылығы министрлігі – mcx.gov.kz (Министерство сельского хозяйства), Мәдениет және спорт министрлігі – mks.gov.kz (Министерство культуры и спорта), Ішкі істер министрлігі – mvd.gov.kz (Министерство внутренних дел). Үш министрлік қазақ тіліне басымдық берген. Олар: Әділет министрлігі – adilet.gov.kz, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – enbek.gov.kz, сондай-ақ Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі – diakom.gov.kz. Қалғаны түгелдей ағылшын тілінде. Мұндағы kz дегеніміз – бұл сайттың қай елге жататынын көрсететін бірінші деңгейлі домендік атау болса, gov – сайттың Үкіметке қарасты екендігін білдіретін екінші деңгейлі домендік атау», делінген мақалада.
Бұл біреулер үшін түкке тұрғысыз болып көрінсе де, қазақ тілінің қарыштап дамуына, қолдану аясының кеңеюіне айтарлықтай кері әсерін тигізуі бек мүмкін. Көшеде, әртүрлі сауда орындарында, жарнамаларда кетіп жатқан тілдік қателер, қате аудармалар, барлығы мемлекеттік тілдің абыройына нұқсан келтірмей қоймайды. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы бірлесіп «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» атты шараны қолға алғаны белгілі. Ол тілді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын қадағалауға, заңнаманы бұзғандардың жауапкершілігін күшейтуге, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін өсіруге, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінде кездесетін қателіктердің алдын алуға бағытталған. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған оның ғажайып тілі» деген орамды ойы бар.
Осы ретте біз сөйлескен филолог ғалым Ерден Қажыбек егер қазақстандықтар бір-бірімен мемлекеттік тілде сөйлесіп, оны барлық салада қолданса, қазақ тілі халықаралық деңгейге көтеріле алатынына сенімді.
«Біз бүгінгі таңда ұлт – мемлекет деген түсінікке жеттік. Ал Қазақстанда – бір мемлекет, бір ел, бір халық. Сондықтан «ұлтаралық» ұғымын мемлекетаралық, халықаралық деп түсіну керек. Яғни қазақ тілін халықаралық тіл деңгейіне көтеру керек. Алтын Орда, Дешті Қыпшақ кезеңіндегі тарихи кезеңдерден бастап, ғасырлар бойы қазақ тілі халықаралық қатынас тілі болып келді. Сондықтан бұл тәжірибе бұрыннан қалыптасқан. Болашақта қазақ тілі ғылымның, өндірістің, инновацияның, экономика мен мәдениеттің халықаралық тілі бола алатынына сенімдімін», деді А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатында қазақ тілі мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берген болатын. Сұхбат барысында Президентке мемлекеттік тілді дамыту үшін қандай шаралар атқарылу керектігі туралы сұрақ қойылған еді.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», деген-ді Президент.
А.Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының директоры Ұлан Еркінбай болса, еліміздегі тілді дамыту психологиясын өзгерту керек деп есептейді.
«Тіліміздің ұлтаралық, халықаралық деңгейдегі дәрежесі, жалпы бәсекелестік қабілеті артуы үшін бірқатар жағдайлар ескерілуі қажет деп есептеймін. Қазір білім бәсекесінде, ақыл-ой жүйесінде, білім саласында күрделі өзгерістер, күрделі бәсекелестік орта қалыптасып отырғаны белгілі. Оның барлығы ұлттық тілге негізделетіні мәлім. Осы тұрғыда бірнеше факторға тоқталып өткім келеді. Бізде ең алдымен өз еліміздегі тіліміздің лингвистикалық картасын дайындауымыз керек. Бұл жөнінде түрлі ғалымдардың айтқаны ұсыныстар деңгейінде қалып келе жатыр. Егер қазақ тілінің лингвистикалық картасы мемлекеттік деңгейде дайындалса біз әлеуметтік, экономикалық, географиялық, өңірлік деңгейде барлық тілдің жағдаяттары, қолданыс бейнесі көз алдымызға келер еді. Екіншіден қазақ тілінің дипломатиялық қабілеті ғасырлардан мәлім. Шексіз деуге болады. Және де билік басындағы бірінші деңгейдегі басшылардың қазақ тілінің дипломатиялық тіл екенін насихаттап, барлық жерде қазақ тілінде сөйлеуі талап тұрғысынан дұрыс деп ойлаймын. Үшіншіден, тілдің жалпы дамуы табиғи жағдайда бәсекелестік ортада болғандығы дұрыс. Себебі осы үшінші факторға қоса кететін бір нәрсе, біздің мемлекеттік тілдің дамуын қадағалайтын түрлі комитеттер, басқармалар, ұйымдар бар. Бірақ олардың барлығы тілдің жанашыры деңгейінде қалып отыр. Оларда заңдық, басқадай да құзыреттілік жоқ. Егер оларда заңдық құзыреттілік болмаса ондай басқармалардың бәрі біздің тіліміздің кері кетуіне әсер етуі ықтимал. Сондықтан тілімізді табиғи бәсекелестік жағдайда қалдырып, мемлекет бұл жағдайда қолдаудың жариялылық түрін емес, экономикалық немесе басқа да бәсекелік түрін қолға алған дұрыс», дейді Ұлан Оралұлы.
Сонымен қатар ол тілді үйренудің, үйретушілердің ұлттық бірыңғай сертификациясы жасалу қажет деген ойды ортаға салды.
«Себебі қазір бәсекелестік ортада, тіл үйрету ортасында қазақ тілінің қажеттілігі көзге ұрып тұр. Бірақ озық методикаларды жалпы халық ала алмай жатыр. Үйренушілер озық әдіснаманы қайдан аларын, қай мұғалімнің, қандай орталықтың мықты екенін білмейді. Сондықтан тіл мамандарының, жалпы кез келген тіл үйретуші мамандардың бірыңғай ұлттық стандартты сертификациясы болуы керек сияқты. Осы ұлттық стандарттан өткен мамандардың тіл үйрету деңгейі қоғамда ашық болуы қажет. Сонда ғана мықты әдіскерлер, мықты орталықтар, мықты бағдарламалар әртүрлі бәсекелестік ортаға түседі және бірден қолданысқа енеді. Себебі қазір түрлі салада қазақ тілін жедел үйретуге сұраныстар артып келеді. Өкінішке қарай қазір тіл басқармалары осы сұранысқа жауап бере алмай отыр. Қорыта айтқан кезде, мемлекеттік тілді қолдау керек, жанашыр болу керек деген психологиядан арылған абзал. Өйткені осындай ұранмен біздің ширек ғасырдан астам уақытымыз өтіп кетті. Дей тұрғанмен, мемлекеттік тұрғыдан «керек» деген психологияның орнына нақты іс-әрекет қалыпты жағдай болуы тиіс деген ұстанымды бекіту керек сияқты. Егер сіз бизнеске қатысты қазақ тілінде кітап немес журнал іздесеңіз және оны тапсаңыз бағасына қарамай сатып аласыз. Яғни бұл біздің тіліміздің дамуын, бәсекелестік ортаға түсуін қалыпты жағдай ретінде қарастыруы керек. Осындай тақырыпта жұмыс істеп жүрген біраз азаматтарды білемін. Ол кісілер қазақ тіліндегі контентті сапалы өнім ретінде жасап жатыр. Және кез келген салада осындай ұстаным болуы керек. Тілді көтеремін дегеннен гөрі, іс-әрекетпен, сапалы жұмыстар атқарған жағдайда ғана тіл ұлтаралық тілге, халықаралық деңгейге өздігінен жетеді. Қазіргі ақпараттық заманда сіз егер пайдалы, мазмұнды бір жаңашыл идеяны немесе мәтінді, жобаны ортаға әкелетін болсаңыз, ол автоматты түрде халықаралық, ұлтаралық деңгейде қолданысқа енеді. Біз тілді дамытуға осы тұрғыдан қарауымыз керек. Сол себепті нақты іске көшкен дұрыс. Осыны да ескеру қажет. Қысқаша айтқанда, біздегі тілді дамыту психологиясы өзгеретін уақыт жетті», деді Ұлан Еркінбай.