Түркістан облысының Арыс қаласынан Павлодар облысының Майқоңыр ауылына қоныс аударған Серік Жәдігердің отбасы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға дән риза. Қоныс аударушылар атаулы әлеуметтік көмекті және басқа да төлемдерді алып, жаңа, мұқтажсыз өмір сүруді бастады.
Көп балалы үйдің отағасы Серік Жәдігер 2017 жылы елдің солтүстік өңірлерінің біріне көшу туралы шешім қабылдады. Қоныс аударуға бірден-бір себеп бала кезінен мүгедектігі бар, 5 күрделі ота жасатқан, 5 сыныпта оқитын қызы Әсемай Кәрім еді. Қыз баланың денсаулығы шұғыл түрде климат жағдайының ауысуын қажет етті.
«Біздің алты баламыз бар. Биыл сәуір айында бізге 1 млн 567 мың 200 теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ай сайын 130 600 теңге аламыз. Сондай-ақ бізге жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға 176 750 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл қаржыға сиыр сатып алдық. Енді дүкеннен сүт өнімдерін сатып алмаймыз, өзімізде табиғи сүт бар. Сондай-ақ бізге «Отау ТВ» телевизиялық қондырғысын орнатып берді. Әрине туған өлкемізді сағынамыз, бірақ бұл жақ та бізге қатты ұнайды», деді Серіктің жұбайы Маржан Нәлібаева.
Ертіс аудандық мәслихатының шешімі бойынша бұл көп балалы отбасының 4 баласын мектепке дайындауға 50 500 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем жасалды.
«Серік Жәдігер тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Енді ол «Майқоңыр ауылы әкімінің аппараты» КММ-де жүргізуші болып жұмыс істейді. Оның жұбайы Маржан Нәлібаева Майқоңыр ауылдық клубына техникалық қызметкер болып жұмысқа орналасты», деп хабарлады Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Гүлнар Камалова.
Сонымен қатар нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында Серік Жәдігерге ұсақ мал өсіру үшін 1 млн 500 мың теңге сомасында микрокредит алуға көмек көрсетілді. Бұл қаражатқа ол өзінің жеке қосалқы шаруашылығы үшін 50 бас қой сатып алды.
«Біздің отбасымызға жаңа орында нақты көмек көрсетілді, балалардың мектепке керек-жарағын алуға да көмектесті, жұмысқа да орналастырды. Ал АӘК-тің арқасында отбасымның әл-ауқаты айтарлықтай жақсарды. Енді біз жақсы өмір сүріп жатырмыз», деп Серік Жәдігер өз ойымен бөлісті.
Г.Камалованың ақпараты бойынша, қазіргі уақытта 59 отбасы жалпы сомасы 19 млн 200 мың теңге сомасында әлеуметтік көмек алады, оның ішінде 42 отбасыға 100 АЕК көлемінде, жалпы сомасы 10 млн 600 мың теңге, 17 отбасыға әрқайсысына 200 АЕК-тен, жалпы сомасы 8 млн 600 мың теңге төленеді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың ең көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам тұрады. Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша 103 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрап отыр.