• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Қазан, 2019

Ердің сойы Сұлтанбек еді

567 рет
көрсетілді

Аса көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың (Ходжановтың) туғанына 125 жыл толуы Түркістан облысының Созақ ауданында да тойланды.

Мерекеге Түркістан өңіріндегі аудан­дармен қатар Нұр-Сұлтан,  Алматы, Шымкент қалаларынан, көрші облыстардан өкілдер келді. Аудан орталығы Шолаққорғанда  «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» тақырыбымен аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция, қайраткердің туған жері Ақсүмбе ауылында мерекелік салтанатты жиын – «Шығыстың Шың­ғыс ханы» деген атпен еске алу күні болып, ас берілді, түрлі мәдени іс-ша­ралар өткізілді. Жұртшылық алдында облыс, аудан әкімдіктерінің басшы­лары және Қожановтың мерей­тойын тұңғыш рет 1994 жылы 100 жыл­­­дығына орайлас­тырып  өткізген  мем­­лекет және қоғам қайраткері Қуа­ныш Айтаханов құттықтау сөз сөй­леп, ғалымдар баяндамалар жасады. Арда­герлер, түрлі сала қызметкерлері ес­теліктер айтты, қожановтану ба­ғытында атқарылып жатқан істер жайын­да әңгімеледі. Сұлтекеңнің Кентаудан келген Сұлтанбек Қожанов есім-сойлы ұрпағы  атасының рухын ұлықтаған жұрт­қа ризашылығын білдірді. С. Қо­жа­нов атындағы қайырымдылық қор пре­зиденті Мұқан Әбдіраманұлы қо­жа­новтанушылардың бір тобын арна­йы «Сұл­танбек Қожановқа 125 жыл» мере­ке­лік медалімен марапаттады. Мерей­той­ға қатысушыларға Шолақ­қорғандағы кон­ференция модераторы ғалым Нариман Нұр­пейісов құрастырған «Ұлтын сүйген ұлы тұл­ға»  атты ғылыми мақал­алар жи­нағы сыйға тар­тылды. Іс-шараның ақсүм­белік бөлігінің ұйым­шылдықпен өтуіне іс адамдары – ал­матылық Камал, түр­кіс­тандық Мұрат қа­жы, әсіресе Ақ­сүмбедегі Сұлтанбек есімін алып жүрген мектеп директоры Мейрам  Әлма­­ханов сынды азаматтар елеулі еңбек сіңірді.

Тоталитаризм жылдары ұмыт­ты­ры­лып келген ұлы тұлғаларымызды тәуел­сіздіктің арқасында ұлықтай бас­та­ғанымыз белгілі, ал бүгінгі рухани жаңғыру мәселелерін шындап қолға алған шақта оларды терең тануға тырысуымыз әбден орынды әрекет екендігі дау туғызбайды. Бұл ретте  Қожановтың қайраткерлік қырлары әлі талай зерттеу­лерге арқау болары сөзсіз. Оның 1924 жылы Орталық Азиядағы республикаларды бір федерацияға ұйыстырып барып, Совет Одағы құрылтайшылары қатарына кіруді, федерация құрамын­дағы ұлттық бірліктердің арасында экономикалық одақ құруды, содан соң олардың даму деңгейін теңестіріп, д­амытқаннан кейін ғана, жеке республикалар ретінде отау тігуіне пұрсат беруді ұсынғаны мәлім. Ұсыныс межелеу науқанында кері қағылды. Бірақ қазір соның ортақ мүд­деге оңды қызмет етуі ықтимал жағын, мә­селенің ақ-қарасын парықтап, тәуелсіздік қарсаңында пай­даланылмағандықтан жоғалтқан мүм­кіндіктерімізді саралап қа­рау арқылы Сұлтекеңнің халықаралық дәрежеде ой қорытқан саясаткерлігін терең түсіне ала­мыз. Қожанов серіктерімен бірге Орталық Азия­дағы ұлттық-аумақтық жік­теп-ме­же­леу кезінде қазақ жер-суы шек­терін анық­­таумен қатар, Өзбек республикасы ішінде Қазақ автономиялық ауданын, Тәжік автономиялық облысын құру, ішін­де қазақтар да тұратын Қарақалпақ  автономиялық облысын ұйыстырып, оны Қазақ еліне қосу шараларын жүргізудің бел ортасында жүрді.  Ол шын мәнінде қазақ жер-суы мен халқын бір шаңырақ астына жинаушы болды. Іргесі кеңейген Үлкен Қазақстанды «Ұлттық Республика» деп атады. Мұның бәрін терең зерделеп, шындап тану және әділ бағасын беру алдағы уақыт үлесінде. Созақтағы үлкен той осындай ойларға жетеледі.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ