Жуырда, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқитын студент жастар арасында кикілжің болып, ол әлеуметтік желілер арқылы еліміздің барлық түкпіріне тарады. Бас жарылып, көз шықпаса да оның дүмпуі қатысқан балалардың көптігінен үлкен шу тудырды.
Кикілжіңге қатысқан студенттердің бәрі де Петропавлға «Серпін – 2050» бағдарламасымен келіп, грантпен оқып жатқандар. Сол бағдарламамен келіп оқып жатқандар қазір бірінші курста 166, екінші курста 358, үшінші курста 245, ал төртінші курста 204 студент оқып жатыр. Бәрі де бағдарламаға сәйкес жатақханамен қамтылған, стипендия алып тұрады. Студенттер еліміздің оңтүстік және батыс облыстарынан келген жастар.
Біз Түркістан облысынан келген Еламан Қонысбеков, Қызылордадан келген Әзімбай Асылбек, Талдықорғаннан келген Әбдәлі Мейірбекпен әңгімелестік. Олардың айтуына қарағанда кикілжің түкке тұрмайтын асханадағы кезекке тұруға таласудан шыққан. Үзіліс уақыты аз, қарны ашқан студенттердің бәрі тезірек тамақ алуға кимелемейтін бе еді. Сондай кезде үшінші курста оқитын және екінші курста оқитын бір-екі студент таласып қалады.
Үшінші курстықтар өздерінің ересектігін көрсетіп, күш көрсете сөйлеп, Есілдің жағасына жасы кішілерді «мәселені талқылауға» шақырған. Ал Есіл өзені бұлардың оқу орнына жақын, биік дөңнен түсе қалса аржағында жарқырап жатыр. Кездесетін жерге бес-алты үшінші курстықтар келсе екінші курстықтар жатақханадағы 60-70 баланы бір-ақ апарған. Екінші курстықтардың өздері ғана тұтастай бір жатақханада тұратындықтан «аттан» дегенге бәрі атып шыққан сияқты. Алайда балалардың бәрі кездесуге төбелестен гөрі, қызықтауға барған сияқты. Өйткені, полиция да, университет басшылығы да, студенттердің өздері де ешқайсының қолында қару болмағанын айтады.
Кездеспек болған жер өзен жағасындағы «Восточный берег» дәмханасының жанында. Қаптаған қазақ балаларының ұрыс-керіс жасап, жиналып жатқанын көріп, кафе қызметкерлері дереу полиция шақырған. Сөйтіп, ол жерге полиция батальонының 11 автопатрулі жіберіледі. Мұны көрген балалар тым-тырақай қашады. Осы көрініс бейнекамераға түсіп, желілерге салынған.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарына қарағанда 46 студент ұсталып, Подгорный учаскелік полиция пунктіне және Петропавл қалалық ПБ жеткізілген. «Бір студентке емделуді қажет етпейтін медициналық көмек көрсетілді. Тағы бір жәбірленушінің беті көгерген. Аталған факті ҚК 293-ші «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде», делінген хабарламада.
Университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Нұрлан Байымбетовтың айтуына қарағанда ұсталған екінші курстың студенттері жатақханадан шығарылады, ал кикілжіңді бастаған үшінші курстың алты студентін оқудан шығару жөнінде ұсыныс жасалған. Университет басшылығы тарапынан тәртіптік кеңес тиісті тәрбие жұмыстарын жүргізген. Жатақханадан шығарылатын студенттерге пәтер тауып алу үшін он күн мерзім берілген.
Міне, бар оқиға осы. Алайда оны сан-саққа жүгіртіп, отқа май құюшылар көбейіп жатыр. Атың өшкір «дедовщина» дегенді еске алып, «соның нәтижесі, студенттердің бір-бірінен ақша талап етуінің кесірі, тіпті аштықтан нанға таласқан» деген сияқты ақылға сыймайтын көріпкелдік айтушылар көп. «Дедовщина» деген болса алдымен бірінші курстың студенттері жапа шегер еді ғой. Ал нанға таласқан деген тіпті нанымсыз. Өйткені, студенттердің бәрі 21 мың теңгеден стипендия алып тұрады, оның үстіне үйлерінен де көмек келіп тұратын көрінеді. Жақсы оқитындар 24 мың теңге стипендия алады. Бізбен сөйлескен студенттер «аштық дегенді ауызға да алуға болмайды, бәріміз оңтүстіктің балаларымыз, ақшаларымызды қосып, кезекпен тамақ істеп отырамыз», деді.
«Құланның қасынуына мылтықтың басуы» дегендей дәл осы оқиғадан кейін ректор Серік Өмірбаев та қызметтен кеткен еді. Екі оқиғаның бірі-біріне еш байланысы болмаса да әсіре болжалшылдар ректорды осы кикілжіңнің кесірінен кетті деп соғуда. Ал ректордың жұмыстан кету туралы арызы бұл оқиғадан он екі күн бұрын берілген екен...
Қорыта айтсақ, «сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» дегендей алыпқашпа әңгімеге мән берудің керегі жоқ, барлық болған оқиға осы. Алайда студенттер арасындағы тәрбие мен тәртіп жұмыстарын жандандыра түсу қажет секілді. «Серпін» бағдарламасына да осынау болмашы кикілжің сызат түсіре қоймас деген сенімдеміз. Оның біздің халқымыз үшін пайдасы зор.