Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған мемлекеттік және жеке сектор өкілдерінен құралған қазақстандық делегацияның Ұлыбританияға сапары барысында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және Қазақстан-Британ іскерлік қарым-қатынастарының болашағы басқосудың басты тақырыбына айналды.
Лондонда Қазақстан-Британ Іскерлік кеңесінің 3-ші пленарлық отырысы және «Kazakhstan Global Investment Forum-2019» инвестициялық форумы ұйымдастырылды. Форумның ұйымдастырушылары: «Financial Times» беделді халықаралық басылымы, «fDi» (Foreign Direct Investment) журналы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, сондай-ақ Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі. Форум жұмысына өңдеу, ауылшаруашылық, химия, тау-кен, қаржы секторларынан, сондай-ақ металлургия салаларынан, баламалы энергетика, логистика және цифрлы технологиялар компанияларынан 200-ден астам басшы қатысты.
Іс-шара Қазақстанның бизнес пен инвестициялар саласындағы мүмкіндіктеріне, сондай-ақ елдегі соңғы саяси және экономикалық өзгерістерге арналды.
«Орталық Азиядағы ең ірі экономика және бүкіл аймақтағы ІЖӨ-нің жартысынан көбі Қазақстанға тиесілі. Қазақстанның аймақта ең мықты инвестициялық климат қалыптастыра алғанын шетелдік бизнесмендер де мойындайды. Тәуелсіздік алғалы бері ел экономикасына салынған 300 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция осының дәлелі», деді форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Р.Василенко.
Сыртқы істер министрінің орынбасары іскерлік климаттан басқа, елдегі биліктің бірқалыпты ауысуы және саяси тұрақтылық, жоғары білімді адами ресурстар, сондай-ақ елдің 500 миллион тұтынушыдан тұратын жылдам өсіп келе жатқан өңірлік нарыққа қол жеткізуі шетелдік инвесторлар үшін тартымды екендігін атап өтті.
Форумда негізгі спикерлер қатарында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов, Ұлыбританияның инвестициялар бойынша мемлекеттік министрі Грэм Стюарт, Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстан бойынша сауда өкілі Баронесса Эмма Николсон, Ұлыбритания парламентінің мүшесі және «Белдеу және жол» бастамасы бойынша бүкілпартиялық тобының төрағасы Файзал Рашид, Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Президенті сэр Сума Чакрабарти және басқалар болды.
Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Г.Стюарт «Қазіргі уақытта Ұлыбритания Қазақстанның ең ірі тікелей инвесторларының бірі. Бұл компанияларымыздың сіздің еліңіздің серпінді экономикасына деген сенімін көрсетеді. Жүздеген британдық компанияның Қазақстанда қызмет етуге лицензиясы бар, ал елдеріміз арасындағы сауданың жалпы көлемі өткен жылы 2,7 миллиард фунт стерлингті құрады. Ұлыбритания Еуропалық одақтан шығып, шын мәнінде еркін сауда саласындағы жаһандық көшбасшы болуға ұмтылыс барысында, біз британдық фирмалардың Қазақстанға алдағы онжылдықтарда өсіп, дамуға көмектесе отырып, одан да маңызды рөл атқарғанын қалаймыз», деп атап өтті.
Дүниежүзілік банктің «Doing Business-2019» рейтингісіндегі көрсеткіштердің жақсаруы Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың айнасы іспеттес. Қазақстан бизнес жүргізу бойынша ең тартымды 30 елдің қатарына еніп, 190 мемлекет арасында 28-орынға көтерілді.
«Еуразияның ортасында ІЖӨ соңғы екі жылда төрт пайызға өскен және британдық компанияларға Еуразиялық экономикалық одаққа, Қытай және Өзбекстан нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін тұрақты платформа болатын Қазақстан орналасқан. Еуразиядағы шетелдік инвестициялардың ең үлкен бөлігі осы мемлекетке тиесілі. Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері және басқа да спикерлер инвестициялық әлеует туралы айтып, мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасының қазіргі мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат береді», деп атап өтті Баронесса Э. Николсон.
Бірнеше сала бойынша Қазақстанның ірі мемлекеттік активтеріне иелік ететін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың рөлі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселеге айналды.
«Қор жаһандық экономикалық үрдістерді ескере отырып, табысты әртараптандыруға бағытталған жаңа стратегиясын бекітті. Ол келешегі зор салаларға: мұнай-газ химиясына, жаңартылатын энергия көздеріне, жоғары технологияларға, «Индустрия 4.0» сондай-ақ тәуелсіз қорлар және ірі инвестициялық компаниялармен тікелей инвестициялардың бірлескен қорларын құруға бағытталады», деді А.Есімов.
Ол сондай-ақ Қор алдағы бес жылда жоғарыда аталған бағыттарға 38 млрд АҚШ долларын құйып, оның 32 млрд АҚШ доллары шетелдік, оның ішінде британиялық компаниялардан тартылатын инвестиция көздеріне де тиесілі екендігін атап өтті.
Форумға қатысушылар британиялық құқық принципімен жұмыс істейтін АХҚО-ның маңыздылығына да тоқтады. Орталық инвестиция тарту бойынша маңызды платформа және тиісті қаржы құралдарына ие әрі халықаралық деңгейде қызмет көрсетеді. Инвесторларға жайлы жағдай жасалған. Олардың қатарында барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін реттеудің тәуелсіз механизмі, сот және халықаралық төрелік орталығы бар.
Қазақстанның қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысы ерекше назарда болды. Жобаға басшылық етудің британиялық жүйесі, қазақстандық ресурстар және Қытай инвестициясы есебінен пәрменділікті арттыру принципі бойынша Ұлыбритания, Қазақстан және Қытай арасындағы үшжақты әріптестікті дамыту әлеуеті талқыланды.
Қазақстанның Ұлыбритания- дағы елшісі Ерлан Ыдырысов пен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майкл Гиффорд форумды қорытындылай келе, осындай ірі, бағыты айқын экономикалық іс-шаралар инвестициялық-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге және кеңейтуге екі елдің ниетті екендігін көрсетеді деді.
Форум барысында Р.Василенко британиялық бизнестің «капитандарымен» және халықаралық ұйымдардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Олардың қатарында ЕҚДБ, «GlaxoSmithKline», «Gap Insaat», «Investcorp», «Independent Power Corporation», «United Green», «Worley Parsons», «International Development Ireland» және басқа да компаниялар бар.
Баронесса Э. Николсон және А. Есімов тең төрағалық ететін Қазақстан-Британ Іскерлік кеңесінің 3-ші пленарлық отырысында екі ел компаниялары өзара әріптестікті дамытудың алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» портфельдік компанияларының жекешелендіру бағдарламасын іске асырудың жай-күйі мен келешегі қарастырылды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларын Лондон қор биржасында орналастырудың табысты тәжірибесі ерекше аталып өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Da Vinci Capital» инвестициялық компаниясы арасында 100 млн АҚШ долларын құрайтын тікелей инвестициялар қорын құру туралы келісімге қол қойылды. Келісім аясында қор ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласында жұмыс істейтін қазақстандық компанияларға 40 млн АҚШ долларынан кем болмайтын қаржы құяды. Қаражат аталған компанияларды дамытып, IPO-ға шығаруға бағытталады.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» көлемі жағынан әлемде 4-орын алатын күн және жел электроэнергетикасына маманданған «EDP Renovaveis» компаниясымен бірге инвестиция құю туралы келісімге қол қойды. Құжат Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыру қағидаттарын регламенттейді. «EDP Renovaveis» қуаттылығы 250 МВт болатын күн электр стансасын салу бойынша жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ және «International Development Ireland» арасында әріптестік орнату туралы екі меморандумға қол қойылды. Бұл 50 млрд теңгеден кем емес сомаға ирландиялық инвестициялық жобаларды Қазақстанның арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарына тартуға көмектесу, сондай-ақ экспорттық несиелерді ұсыну бойынша британиялық агенттіктің қаржыландыруы аясында (UK Export Finance) Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен «Gap Insaat» компаниясы арасында Ақтау қаласында 350 орындық аурухана салу жобасы.
Іс-шара аясында 5 000 еркін экономикалық аймақ ең үздігін белгілеуге арналған «Global Free Zones of the Year-2019» жүлдесі салтанатты түрде табыс етілді. Марапаттау рәсімін жыл сайын беделді британиялық «fDi» журналы ұйымдастырылады. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы үш аталымда жеңімпаз атанды.