• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қазан, 2019

Ата жолын жалғаған

550 рет
көрсетілді

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, баланың отбасында алған тәлім-тәрбиесі – болашаққа бастар жол. Үнемі уақыты тығыз, жұмысы қарбалас әкесіне еліктеп өскен Арман мен Азамат та полицей формасын киюді армандады.

Міне, сол балаң арман алдамапты. Арман мен Азамат ақыры полиция ата­нып, Диханбаевтар әулетінің дара жо­лын жалғады. Бүгінде ата аманатын арқалаған Әмірханның ұлы Арман Ди­хан­баев – аға тергеуші, жедел уәкіл, қар­жы полициясының полицейі, штаб бас­­қармасының орынбасары секілді қыз­меттерді атқарған беделді полицей. Ал әулеттің төртінші полицейі Азамат Ди­ханбаев – қазіргі таңда Сарыағаш аудан­дық полиция басқармасының көші-қон қызметінің инспекторы. Майор шен­ді Азамат – атасы Тохтаның, әкесі Әмір­хан­ның, ағасы Арманның ізбасары.

Ол әкесі Әмірханның «қылмыскер по­лициядан қорқуы тиіс, себебі ол аза­мат­тар­дың қауіпсіздігіне жауапты бірден-бір адам» деген сөздерін үнемі есінде сақтап жүретінін айтады.

Бала күнінде өздеріне жұмбақ бұл сала­ның арғы аталарынан бері өніп-өскен осы әулетке мұра болып келе жатқандығын мақ­тан тұтады.

Әңгімемізге шегініс жасап баяндар болсақ, Диханбаевтар әулетінде бес бірдей азамат ата жолын жалғастырып келеді. Осы ауылдың үлкені Тохта ақса­қал сонау сұм соғыс уын сепкен жылдарда ішкі істер органына қабылданып, Отанның амандығы үшін біршама іргелі іс атқарыпты. Өмір деректеріне үңілсек, құқық қорғау саласында бірталай қызметтің құлағын ұстап, жемісті еңбек етіпті.

Бүгінгі таңда Тохта Диханбаев – құр­метті еңбек дема­лысында. Еңбегі еле­ніп, бейнетінің зей­нетін көрген зерделі зейнеткер бүгінде ұлыс­тың ұлағатын немерелеріне айтудан жалық­пайтын ақылы толысқан абыз, ұл-қыз­дарын бар мейірімімен мәпелеп өсірген асқар тау ата атанып отыр.

Тохтадан туған ұл да сақшылық жолды таңдапты. Ел ішін даудан, көпшілікті ұры-қары, жаудан қорғаймын деп серт еткен Әмірхан ата Диханбаев та осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен. Бүгінде есімі өңірде құрметпен аталып жүрген өз ісінің шебері. Әмірхан атамыз 1970 жылы Қарағандыдағы ІІМ-нің жоғары мек­тебінде білімін шыңдап, 1974 жылы ең­бек жолын Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл болып бастапты. Бала күннен әкесіне елік­теп өскен ұл оның салған жолын жал­ғас­тырыпты. Қызмет барысында жүк­тел­ген тапсырмаларды тиянақты орындап, қауіпті қызметінде қырағылығымен та­ныл­ған. Әмірханның уақыт өткен сайын тәжірибесі де толысып, Қазығұрт, Сарыағаш аудандық полиция бөлімдерінде білік­ті басшы атаныпты.

Әмірхан – қазіргі уақытта құрметті еңбек демалысында. Жұбайы Күлпаршын екеуі Арман, Азамат, Асқар және Әйгерім атты қызды мәпелеп өсіріп отыр. Жетелі ұл-қыздары атасы мен әкесіне қарап бой түзеп­ті.

Әулетімен осы салаға махаббаты берік Әмірханның ағасы Темірхан да полиция қызметінде полковник шенін алған, бір­қатар ауданда басшылық қызметтерде бол­ған азамат. Алайда ардақты азамат дүние­ден ерте озыпты.

Зерделеп қарар болсаңыз, Ди­хан­баев­тар әулетімен полицей маман­ды­ғы егіз ұғымға айналып кеткендей. Са­рыағаш өңірінде құқық қорғау саласын­да еңбек еткен кез келген азаматтан «Диханбаевтардың династиясы» жайлы сұрар болсаңыз, тек жақ­сы, жылы әңгі­ме­лердің тиегін ағыта беретіндігі осыдан болса керек.

Анығында, бір әулеттен төрт бірдей полиция қызметкерлерінің шығуы – сирек кездесетін жағдай. Себебі адам баласының арман-мұраты өз отбасында қалыптасады. Дана қазақ «Атаға қарап, ұл өсер...» деп те­гіннен-тегін айтпаса керек. Өйткені, от­ба­­сындағы бала әке-шешенің үлгі-өнеге­сін көріп өседі. Бұл тұрғыдан алғанда, Диханбаевтар бақыты тасқан әулет деуімізге толық негіз бар.

Ал түзде тындырымды еңбек еткен ер азаматтың отбасы, ошақ қасында ақылды да ибалы әйел тұратындығы белгілі. Бұл ретте Азамат Диханбаевтың жан жары Маржанның айтуынша, әйел әрқашан ерін сыйлап, оның қызметіне құрметпен қарауы керек. Бір сөзбен алаңсыз еңбек етуі үшін отбасына алаң көңіл болмауы тиіс. «Аллаға шүкіршілік етемін, отбасымызда ақылы мен кеңесін үнемі бізге айтып, тура жолға салып отыратын ата-анамыз бар. Өсіріп отырған балаларымыздың қарнының тоқтығы, киімінің бүтіндігі – ерім Азаматтың арқасы», дейді полицейдің жары.

Бір қызығы, осындай есті сөз айтып, аза­матын төбесіне көтерген төрт бүл­дір­шін­нің анасы Маржанның әкесі Абдул­ла ағамыз да ішкі істер органдарында елеу­лі еңбек сіңірген полицей екен.

 

ШЫМКЕНТ