Ел тәуелсіздігін нығайтып, Қазақстанның өркениет жолымен дамуына еселі еңбек сіңірген тұлғалар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – біз сөз еткелі отырған мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің XII және XIII шақырылымдарының депутаты, Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің I сайланымындағы Мәжіліс Төрағасы Марат Тұрдыбекұлы Оспанов.
Өзі өмірден өтсе де, соңына өшпес із, өнегелі өмір жолын қалдырған танымал тұлғаның есімі халқымен бірге жасай бермек. Осы орайда, оны білетін және қызметтес болған адам ретінде өзім тәуелсіз еліміздің заңнама жүйесін жаңадан қалыптастыруда орасан зор еңбек еткен азамат туралы мақала жазуға бел будым. Өйткені ол «Азамат еді ардақты!» дейтін тұлғаның бірі болды.
Алғаш рет Марат Оспанов туралы 1989 жылы Ақтөбе қаласындағы бейресми баспасөз құралынан естідім. Газеттегі жергілікті медицина институтының парторгы М.Т.Оспанов облыстың сол кездегі бірінші хатшысы Юрий Трофимовқа «Ашық хат» жазды деген мәлімет бір өңірді дүр сілкіндіргендей болып еді. Өйткені ол хатта облыс басшысы тарапынан КСРО Халық депутаттарының сайлауын өткізу барысында қателіктер жіберілгені және сайлау туралы заңдардың өрескел бұзылғандығы мәлімделген. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының жай-күйі алаңдатып отырғаны және де ауыл шаруашылығы саласының жағдайы өте мүшкіл екені, тағы да басқа мардымсыз атқарылып жатқан жұмыстарды атап көрсетіп, облыс хатшысын өткір сынға алған.
Ол кезде мен Ақтөбе педагогика институтының тәрбие жөніндегі проректоры қызметінде болатынмын. Бір жағынан Мәкеңнің жоғары оқу орындарының жабдықталуы нашар екендігі туралы ой-пікірін қолдап, екінші жағынан әріптесімнің алдағы күндеріне алаңдап, «Енді бұл азаматтың болашағы қалай болар екен?» деген ойға да қалғаным рас. Себебі ол кездегі тоталитарлық жүйе өзіне қарсы осындай батыл қадам жасағандарға тойтарыс берері анық еді.
Дегенмен, Марат Тұрдыбекұлы бұл саяси айқастан аман өтумен қатар Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаттығына сайлауға түсті. Және де сол додада облыс әкімі орынбасарларының бірімен сайысқа түсіп, жеңіп шықты. Алайда, сол шақырылымның аз уақыт ішінде таратылғаны белгілі.
Енді кезекті сайлау өткізу науқаны басталды. Жоғарғы Кеңестің XIII шақырылымының депутаттығына облыс атынан бірнеше кандидат айқындалды. Солардың арасында өңірге танымал азамат, сол кездегі Ақтөбе педагогика институтының ректоры, профессор Мұхтар Арын да бар еді. Ол менің тікелей басшым әрі мен М.Арынның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін топтың мүшесі болдым. Ол кезде сайлау науқаны баламалы негізде және өте қызу тартысты жағдайда өтетін. Үміткерлер көптеген мекемелерге барып, жергілікті сайлаушылармен кездесіп, жоспарлаған бағдарламаларымен таныстырып, өздеріне міндеттеме алып, олардың қалай орындалатындығы туралы айтып, қарсыластарымен ашық түрде пікірсайысқа түсетін. Кездесулердің көптігіне байланысты Мұхтар ағамыз үлгермеген жерлерге біздерді қатыстыратын.
Сондай жиналыстардың бірі «Ақтөбесельмаш» зауытында өтті. Сол кездесуге Марат Тұрдыбекұлының өзі қатысты және осы басқосуда жүргізуші оған бірінші сөз берді. Шешен адам ғой, бастапқы сөздерінен-ақ отырған жұрттың көңілін өзіне аударып алды. Сол кездегі Қазақстанның экономикалық қиын ахуалының себептерін, орын алған басқа да келеңсіз жағдайлардың нақты шешу жолдарын қажетті есеп-қисаптарымен дәлелдер келтіре отырып, баяндап бергенде жиналған халықтың сенімінен шығып, зор қошеметіне бөленгендігінің куәсі болдым.
Сондай-ақ үміткерлер арасында пікір таластыру кезіндегі қарсыластар жағынан қойылған сауалдарға да толыққанды жауап берді. Сайлаушылардың сұрақтарына жауап беру барысында Марат Оспанов тек қана экономика емес, басқа салалар бойынша да бір іркілген жоқ. Атап айтар болсақ, салық пен кеден мәселесі және елімізге шетелдік инвестицияны тарту жөніндегі ойларын ортаға салды. Қандай мәселені көтерсе де, депутаттыққа үміткер ретінде терең дайындығының бар екендігін айқын байқатты. Сол сайлауда Мәкеңнің де, Мұхтар ағаның да үміттері ақталып, Жоғары Кеңестің депутаттары болып сайланып, мерейлері үстем болды.
Жоғары Кеңестің сол шақырылымының да жұмыс істеу мерзімі ұзаққа бармады, бас-аяғы екі жылдың төңірегінде таратылды. 1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданып, соған сәйкес Тәуелсіз Қазақстанның қос Палаталы Парламенті өмірге келді. Енді Мәжіліс депутаттығына сайлау өткізу науқаны басталды. Сол жолы Марат Оспанов еліміздегі үш саяси партияның атынан түсті. Ал өзім Парламент Мәжілісінің депутаттығына жеке мандат бойынша Ақтөбе қаласынан үміткер болдым. Дауыс беру қорытындысы бойынша екеуміз де еліміздің жоғары санатты заң шығару органының мүшесі болып сайландық.
Мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен алғашқы отырыстың күн тәртібіне алдағы атқарылатын жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері қойылды. Әуелі Палата Төрағасын сайлап алу қажет болды. Бұл лауазымды орынға сайлау да баламалы түрде өтуі тиіс. Соған орай кандидатурасы ұсынылғандардың қатарында елімізге танымал Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Заманбек Нұрқаділов, Оразалы Сәбден сынды тұлғалар болды. Марат Оспанов та сол үміткерлердің ішінде еді. Мәжіліс депутаттары жасырын дауыс берген әрі өте тартысты жағдайда өткен сайлаудың қорытындысында Марат Оспановтың мерейі үстем болып, Мәжілістің Төрағасы болып сайланды. Бұл Қазақ елі тарихындағы қос Палаталы Парламенттің тұңғыш шақырылымының өз жұмысын бастаған сәті болатын!
Осы лауазымдық қызметте жүріп, өзіне жүктелген міндеттерді атқару барысында Мәкең шынайы саясаткер-демократ екендігін көрсете білді. Мәжілісті басқаруды қолына алған алғашқы күннен бастап-ақ ол мемлекеттік органдармен және өз әріптестерімен тығыз жұмыс істеудің қағидаларын қалыптастырды және әрдайым осы тәсілді ұстанды. Еліміздегі саяси аренада әртүрлі көзқарастары қалыптасқан қоғамдық күштердің уәкілдерімен және сан алуан ұстанымдары бар баспасөз құралдарының өкілдерімен де тіл табыса білді және солар арқылы ел тұрғындарына Мәжілістің атқарып жатқан жұмыстарын кеңінен жеткізіп отырды. Еңбек жолында жинақтаған мол саяси тәжірибесінің арқасында ол Мәжілістің отырыстарында небір түйткілді мәселелердің шешімдерін және олардың ең тиімді жолдарын айқындап, елімізге, ұлтымызға пайдасы көбірек тиетін өміршең заңдардың қабылдануына айтарлықтай ықпалын тигізді.
Мәкең өз әріптестерімен бейресми кездесулерді жақсы көретін. Сондай басқосуларда бір-бірімізбен саясат туралы және заңмен жұмыс істеу төңірегінде пікір алысып, ақыл-кеңестерімізбен бөлісетінбіз. Сол кезде Марат Тұрдыбекұлының біздерге айтқан кейбір ой-пікірлері есімде қалыпты. «Алдағы уақытта өзіміздің қажырлы еңбегімізбен Мәжілістің беделін арттыруға тырысайық. Конституцияда белгіленген мерзімге дейін толық жұмыс жасайық. Тәуелсіз еліміздің Парламенті сапалы дайындалып қабылданатын заңдардың ұйытқысы болуы керек. Кәсіби деңгейімізді көтеру мақсатында және өзіміз де заң жобасын жаза білетіндігімізді сынаушыларға дәлелдеу үшін Парламент Мәжілісінің қабырғасында дайындалатын заң жобаларының саны мен сапасын көтергеніміз абзал. Біздің қоғам үшін аса қажетті заңдардың әзірленуіне бастамашылық жасайық!» деп Мәкең өз әріптестерін жаңа заң жобасын дайындау ісіне тарта білді.
Осындай ұстанымның нәтижесінде тек алғашқы екі сессияның барысында-ақ 20-дан астам заң жобасы дайындалды және оларды Парламент қабылдады. Соның ішінде «Шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету», «Тұтынушылардың еңбегін қорғау», «Көші-қон туралы» және тағы басқа осы тәрізді заңдар сол кездегі депутаттардың қажырлы еңбектерінің арқасында жарық көрді. Реті келген соң айта кеткен жөн шығар, өзім де Мәжілістің жұмыс мерзімінің аяқталу қарсаңында «Спорт және дене тәрбиесі туралы» тұңғыш рет заң жобасын жазып, кейін оны Мәжіліс пен Сенаттың отырыстарында қорғап шығып едім. Бүгінде аталған заң авторларының бірі болғанымды қанағаттанған сезіммен еске аламын.
Мәжіліс регламентіне сәйкес әр депутатқа тоқсан сайын өзі сайланған аймағына барып, іске асырған және алдағы атқаратын жұмыстары туралы сайлаушылардың алдында есеп беру міндеті жүктелген. Сондай сапарлардың бірінде Мұғалжар ауданынан сайланған, қазіргі кезде марқұм болған әріптес ағам Атлаш Жұмағалиев екеуіміз Ақтөбе қаласындағы жатақхананың біріне барып, жас тұрғындармен кездесу өткіздік. Сол жиыннан шыға бергенімізде жайсыз көрініске куә болдық. Есік алдында ерлі-зайыпты адамдар от жағып, екі кірпіштің үстіне шайнек қойып, су қайнатып жатыр екен. Неге бұлай істеп жатқандарын сұрағанымызда, олар: «Электр қуаты болмағандықтан, шай мен тамағымызды отқа дайындап жатырмыз», – деп жауап берді. Одан кейін: «Сіздердің келулеріңізге байланысты отырыс залына уақытша шам берді, қазір сөндіріп тастайды. Осындай жағдайда тұрып жатқанымызға үш айдың жүзі болды», – деді. Бұл сол кездегі елдің ауыр жағдайының бір көрінісі еді. Олардың жауабы жанымызды күйзелтті. Ертеңіне облыстық әкімдікке барып, электр қуатына жауапты басшылармен сөйлесу барысында Ақтөбе қаласына қажетті 270 мегаватт электр қуатының орнына 70 мегаватт қана пайдаланып отырғандары белгілі болды.
Іссапардан Алматыға келген бойда, Атлаш ағамен бірге Марат Оспановтың кабинетіне кіріп, көрген келеңсіз жағдайды баяндап, жақын арада көмектеспейтін болсақ, Ақтөбе облысының жағдайы өте нашарлап кететіндігін алға тартып, осы мәселенің шешу жолын қарастырдық. Сол басқосуда дереу қабылданған шешім негізінде Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал дайындалды. Мәжіліс отырысына сол кездегі Энергетика министрі В.Храпунов шақырылып, біз көтерген мәселе бойынша ақпараты тыңдалды. Министрдің айтқан уәжіне, атқарып жатқан жұмыстарына депутаттар тарапынан өте төмен баға берілді. Мәкең төрағалық еткен сол отырыстың қорытындысы бойынша Ақтөбе бюджетіне 150 млн теңге қаржы бөлініп, кейін оған әрқайсысы 50 мегаваттық қуаты бар 2 газотурбиналық реактор сатып алынды. Олар Ақтөбе қалалық жылу орталығына орнатылып, бірден іске қосылды. Қазірдің өзінде сол құрылғылар электр қуатын белгілі көлемде өндіріп келеді және қаланың экономикалық, әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға қызмет етуде. Айтайын дегенім, аталған мәселенің тез арада шешілуіне Мәжіліс Төрағасының дер кезінде ұтымды шешім қабылдауы және де керекті қаражатты қай жерден үнемдеп алу керектігін білуі үлкен рөл атқарды. Осылайша қиналған шақта өз еліне деген қамқорлығын көрсете білетін азамат екендігін тағы бір рет байқатты. Бұл бір ғана мысал.
Марат Оспанов Қазақстанның ішкі мәселесімен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол елдің сыртқы саясатына да үлкен мән берді. Халықаралық деңгейдегі беделі жоғары болды. Сондай сәттің куәгері болған едім. Әдетте, Мәжілісте ресми делегациялар жасақталып, шетелдерге шығып тұрады. Депутаттар парламентаралық байланыстарды нығайту мақсатында Алманияға барды. Сол делегация құрамында өзім де болған едім. Іссапар кестесі бойынша төрағамыз М.Оспановтың Берлин қаласындағы Гумбольдт атындағы университетте «Қазіргі Қазақстан Республикасының экономикалық жағдайы туралы» деген тақырыпта лекциясы жоспарланыпты.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл шараға университеттің шамамен 50 шақты ұстазы мен студенті шақырылған екен. Алайда, ойламаған жерден неміс астанасындағы басқа оқу орындарының ұстаздары мен студенттері де қатысуға ниет білдіріпті. Сол лекцияға 150-ден астам тыңдаушы келіп, біздің елдің экономикалық даму жолына қызығушылық танытты. Мәкең лекциясын аяқтағанда, қол соғып қошемет көрсетті және сұрақтар қойғысы келетіндерін жеткізді. Сондай сәттің бірінде жергілікті неміс елінің профессоры: «Лектор мырза, біздің байқауымызша, сіздің экономика саласында жинақтаған үлкен тәжірибеңіз бар екен, соған сүйене отырып айтыңызшы, қай ел болмасын, аз уақыттың ішінде экономикалық деңгейін анықтаудың критерийлері бар ма? Бар болса, солар туралы айтып беріңізші?», – деді. Мәкең бұл сұраққа: «Ондай критерийлердің бірнешеуі бар, солардың бірі мынадай: «Егер еліңіздің ауыл тұрғындары қалаға көшіп жатса, онда сол елдің экономикасының төмендігін байқатады, ал егер қала тұрғындары қаладан ауылға қөшкен жағдайда, экономиканың өсіп келе жатқандығын білдіреді», деп жауап берді. Осы және басқа да толымды жауаптарына тыңдаушылардың барлығы ду қол шапалақтап, ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, бірнеше жыл бойы дайындап келіп, 1997 жылы сәтті қорғаған докторлық диссертациясының өзі «Салық реформасы және салықтық қарым-қатынастардың біріздендірілуі» деген тақырыпты жан-жақты зерттеп қамтыған болатын.
Мемлекетіміз де, халқымыз да Марат Оспановтың Қазақстан парламентаризмін қалыптастыруға және оны дамытуға сіңірген еңбегін жоғары бағалайды. Ел ішінде болып жатқан қоғамдық-саяси істерге белсенді араласып, үнемі өзінің көзқарасын ашық білдіріп отырды. Саяси және экономикалық реформалардың нәтижелі жүзеге асуына атсалысты.
Ол еліміз нарық экономикасына көшкен тұста қаржы, бюджет, салық саласындағы заңдардың қабылдануына мол үлес қосты. 1999 жылы «Тұрақтанудан өсімге қарай» атты қаржы дағдарысының алдын алуға қатысты бағдарламасын жариялады. Кейін ол Үкіметтің таяу жылдарға арналған экономикалық бағдарламасына негіз етіп алынғаны белгілі. Ол 100-ден астам ғылыми мақала мен монографияның авторы. Экономика ғылымы саласын зерттеуге арналған онға жуық кітабы жарық көрген.
Марат Оспанов жарқ еткен жасындай қысқа ғұмырында елімізге сіңірген осындай келелі ісімен соңына өнегелі өмір жолын қалдырды. Қазақстанның дамуына үлес қосқан экономикалық тақырыпта жазған ғылыми еңбектері мол мұра ретінде сақталатыны сөзсіз. Мәкеңнің көзі тірісінде еліне тигізген ұлағатты әрі пайдалы еңбектерінің арқасында өзі қызмет жасап, саясат жолына алғашқы қадам басқан Ақтөбе медицина институтына және қала орталығындағы көшенің біріне есімі берілді, тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақтасы орнатылды.
Осы мақаланы жазудағы мақсатым, біріншіден, Марат Тұрдыбекұлы сынды азаматты қадірлеу, танымал тұлғаның атқарған ауқымды істерін оқырманға жеткізу болса, екіншіден, еліміздің қай азаматы болсын, Марат Оспановтай Отанымызға адал қызмет жасап, халық алдында абыройлы болып, әрдайым адамгершілігі мен парасатты мінезімен келбетті болуға ұмтылуға үндеу.
Төлеген ҚУАНЫШЕВ,
Парламент Мәжілісінің I шақырылымының депутаты, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор
НҰР-СҰЛТАН