• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Қазан, 2019

Кәсіпқой бокс: Алтын белбеу Қанат Исламда қалды

553 рет
көрсетілді

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында «Қазақ промоушен» компаниясының ұйымдастыруымен өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде қандасымыз Қанат Ислам намибиялық Уолтер Каутондоквамен күш сынасып, төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетті. Бұл бәсекеде 72,6 кило салмақ дәрежесі бойынша WBO International нұсқасының алтын белбеуі сарапқа салынған еді.  

Осыған дейін Қанат Ислам кәсіпқой рингте 26 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында жеңіс тойын тойлап, 21 қарсыласын есінен тандырғанын жақсы білеміз. Сол себепті жанкүйерлердің дені бұл жолы да қандасымыздың айқын басымдық танытатына күмәнданған жоқ. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Уолтер Каутондоква шаршап-шалдығуды, бір сәтке де дамылдауды білмейтін, үнемі шабуыл өтінде жүретін, нағыз «сен тұр, мен атайынның» өзі екен.

Расында да бұл спортшының көрсеткіші адам қызығарлықтай. 34 жастағы Намибияның тумасы осы спорт түрін серік еткен алты жылдан аса уақыт аралығында19 мәрте рингке көтеріліп, 18 рет жеңіске жетті. 17 қарсыласын есінен тандырды. Шаршы алаңда ол тек бүгінгі таңда алдына жан салмай жүрген, атағы алысқа жайылған АҚШ боксшысы Андраде Деметриустан ғана ұтылды. Соның өзінде тек ұпай санымен ғана. Міне, осы жайттың барлығы Каутондокваның қарымдылығын байқатады.

Айтқандай-ақ, бәсеке өте шиеленісті өтті. Алғашқы раунд барлаумен өтсе, одан кейінгі үшеуінде Қанат сәл алымды көрінді. Ол жылдам қимылдап, үнемі Уолтердің алдын орап отырды. Бірнеше жақсы соққылар да жұмсады. Нағыз «қызықты» біз бесінші раунда көрдік. Соққылар алмасу барысында қандасымыз нигериялықты ұрып жықты. Төреші есеп ашты. Нокдаун! Бүкіл зал дүр сілкінді. Бәрі де айғайға басып, жерлестеріне барынша қолдау көрсетті. Спорт сарайына жиналған дүйім жұрт Исламның енді өз мүмкіндігін қалт жібермейтініне қатты сенді. Бірақ Каутондоква өте төзімді әрі намысқой екен. Орнынан тұра сала, Қанатқа қарай ұмтылған ол екі бірдей соққысын дәл дарытты.

Алтыншы раундтан бастап, қара құрлықтың өкілі дамылсыз шабуылдады. Шыны керек, Уолтер біздің жігітке қарағанда тың көрінді. Соққылары да діттеген жеріне дөп тиіп жатты. Қанат қаша жүре, ұрыс салуға бекінді. Оның шаршап қалғаны анық байқалды. Бірақ намысқа тырысқан қандасымыз ара-тұра шабуылдап, есе қайыруға тырысты. Дәл осындай көрініс бәсекенің соңына дейін жалғасты.

10 раундтық айқас аяқталғаннан кейін жанкүйерлер төрешілердің шешімін тағатсыздана күтті. Себебі, дәп сол мезетте кімнің ұтқанын ешкім дөп басып айта алмайтын еді. Жанкүйерлердің дені тең есеп тіркелетін шығар деген ойда болды. Алайда бірер минутқа созылған үзілістен кейін төрешілер Қанат Исламның жеңіске жеткенін жария етті. Осылайша, қазақ боксшысы алтын белбеуін сақтап қалды.

Осы кеште тағы сегіз рейтингтік жекпе-жектер ұйымдастырылды. Арман Рысбек (78 кило) пен Мұхиддин Раджабов арасындағы бәсеке бірінші раундтың аяқталуына 58 секунд қалғанда тоқтатылды. Өз шәкірттерінің қарымды қазаққа еш қайрат көрсете алмайтынын түсінген өзбекстандық бапкерлер рингке ақ орамал лақтырды. Бәсеке басталған бетте Нұрсұлтан Аманжолов (+91 кило) латвиялық Эдгарс Калнарсты өзінің ауыр соққысымен есеңгіретіп тастады. Балтық жағалауынан келген боксшы екінші раундқа шығудан бас тартты. Ал Дәулет Дәукенов (63,5 кило), Сапарбай Айдаров (74 кило), Асқар Ерубек (63,5 кило) және Руслан Мырсатаев (+91 кило) өз қарсыластарын ұпай санымен ұтты.

Сонымен қатар, осы жарыста шетелде туып-өскен қос қандасымыз да өнер көрсетті. Өзбекстанның Шыршық облысында дүниеге келген Бексұлтан Раушанов румыниялық Александру Ионитадан басым түссе, Қытайдың Алтай өңірінің тумасы Ақтілек Жеңіс украиналық Максим Воронинмен тең түсті.