Иран мемлекетімен еркін сауда аймағын құру бастамасын Елбасы Н.Назарбаев 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттерінің саммитінде жария етті. Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер мен екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімге 2018 жылдың 17 мамыр күні Нұр-Cұлтан қаласында Астана экономикалық форум алаңында қол қойылды.
«Осындай келісімдерді жасасу әлемдік нарыққа экспортты ілгерілетудің бір құралы болып табылады. Иранмен жасалған шарт біздің тауарлар үшін 80 млн халқы бар мемлекеттің нарығына қол жеткізуге жол ашады. Сонымен қатар, Иран өзара сауданың негізін қайта өңделген тауарлар құрайтын бірнеше елдердің бірі болып табылатынын атап өткен жөн», деді Еуразиялық үкіметаралық кеңесі отырысында Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қазақстандық өнімнің Иран нарығына қол жеткізу шарттарын елеулі ырықтандыруға қол жеткізілді. Иран ДСҰ-ға мүше емес екенін ескере отырып, осы мемлекеттің тарифтік қорғаудың қолданыстағы деңгейі ең жоғарғы деңгей болып саналатынын атап кеткен жөн. Келісім Қазақстан үшін экспорттық қызығушылық тудыратын бірқатар тауарлар бойынша баж салығын азайтуға немесе ағымдағы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, сандық мәнде Иран тарапы ең көп жеңілдіктер санын ұсынады.
Келісімге сәйкес Иран тарабы Қазақстанға және басқа ЕАЭО елдеріне 864 тауарға қатысты (оның ішінде, 262 АӨК тауарлары, 602 өндірістік тауарлар) импорт баждарын төмендетеді.
Иран нарығына сиыр еті мен қой еті (бажды 26%-дан 5-10%-ға дейін төмендету), бұршақ дақылдары (55%-тен 5-10% дейін), өсімдік майы (20%-дан 10% дейін), макарондар мен кондитерлік өнімдер (55%-тен 14-20% дейін), болат илегі (20%-дан 15%-дейін), рельстер (5%-тен 4% дейін), аккумуляторлар (32-55%-дан 10% дейін), арматура, құбыр (32%-дан 4%-дейін) және т.с.с тауарларды жеңіл тарифтер бойынша жеткізуге болады. Аталған тауарлар Қазақстан үшін экспорттық қызығушылықты білдіретін дәстүрлі тауарлар болып саналады.
Аталған тауарлар бүгінгі таңда ағымдағы қазақстандық экспорттың жартысынан астам көлемін құрайды (292 млн доллар немесе 54%).
Өз кезегінде, ЕАЭО елдері 502 тауар бойынша (126 АӨК тауарлары, 376 өндірістік тауарлар) импорт баждарын төмендетеді. Бұл талшын, құрма, інжір, мейіз, креветкілер, кондитерлік өнім, ыдыс, жуғыш заттар, кілемдер, пластмасс бұйымдары. Олардың көпшілігі Қазақстан аумағында өндірілмеу себебінен, импорттық қызығушылықты білдіретін тауарлар.
Келісімнің қолданыс мерзімі – 3 жыл.
Құжатта ЕАЭО мен Иран арасында еркін сауда аймағы туралы тұрақты келісім бойынша келіссөздер жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кеткен абзал, Иранмен өзара сауда көлемі 2018 жылдың қорытындысы бойынша 516,3 млн долларды құрады, оның 82,6% (426,7 млн) біздің Иранға экспортымыз (импорт – 89,5 млн) болды. 2019 жылдың 8 айы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 226,2 млн долларды құрады.